Шынар Сарманова. Ақжүрек ақын – Аманқос

ӘДЕБИЕТ
712

Белгілі ақын Аманқос Ершуовтың шығармашылығына арналған
қаламгерлер арасында «Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар» атты республикалық эссе байқауына

Шынар Сарманова

Бала кезімде аспанға көп қарайтынмын. Бәлкім барлық бала да солай болған  болар. Біз аспаннан  жәй бұлттарды ғана емес, әр түрлі жануарларды, ертегі кейіпкерлерін, өзіміз ойдан шығарып алған фантастикалық жаратылыс иелерін көретінбіз. Алаңсыз, қамсыз,  бақытты шағымызда  біз қоршаған ортамыздан үлкендер байқай бермейтін сұлулықты, айналамыздан ересектерге білінбейтін ғажайып, сиқырлы әлемді көруші едік. Алайда, есейген сайын біздің назарымыз аспаннан сырғып, жерге түсті. Көбіміз қарапайым нәрселерге таңдану, қуану қабілетімізден айырылдық.Ал аспан ше? Аспан сол баяғы аспан, ол-мәңгілік, бірақ біз оған енді назар аудармаймыз. Әркімнің басында өз уайым- қайғысы жетерлік сананы тұрмыс билеген заман ғой деп, айналамыздағы әлемнің сұлулығын ұмытып кетеміз. Біз тіпті күннің қызарып  батқанын, таңның бозарып атқанын тамашалаудан қалдық,  кейде төбемізден төніп тұрған жұлдызды аспанды да қызықтамаймыз. Біз  аспанға қарауды  ұмыттық. Не ұттық? Не жоғалттық? Балалық пәк көңілді ме? Әлде ақ ниет, адал пейілді ме? Кіршіксіз таза махаббатты ма? Мүмкін шынайы сезімді, риясыз сенімді болар. Бір білгенім осы аталғандардың біреуін де жоғалпайтын адамдар бар, олар -жаны нәзік, жүрегі жұмсақ, сезімтал, әсершіл жұрт-ақындар. Мен ақындардың тек бала кезінде ғана емес,  дана кезінде де аспанға көп қарайтындарына сенемін.  «Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар, Байқасақ, аспанда да алалық бар. Біреуде жас та болса да даналық бар, Біреуде қарт та болса шалалық бар», -деп «бір шумақ қара бұлтпен» аты шыққанқазақ әдебиетіндегі жарқын тұлғалардың бірі- Аманқос ақынның осы өлең жолдарын білмейтін адам кемде - кем болар, сірә. Аманқос Ершуов дегенде менің көз алдыма қолын иегіне қойып суретке түскен ақын емес, ауыл мектебінің ауласында көк аспанға көз тігіп, ақша бұлттардан шабыт алып, қиялдың шексіз кеңістігіне бойлап, айналасында ойнап жүрген балалардың болашағын ойлап отырған қарапайым ұстаз бейнесі елестейді. Ауыл мектебі демекші, Аманқос Ершуов табан аудармастан бір білім ордасында-өзінің  туып-өскен Ақкиізтоғай ауылындагы Амангелді орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен  ұзақ жылдар сабақ берген ұлағатты ұстаз.  Қадыр Мырза Әлидің Әже туралы әніндегі «сенің жаның жүрегімде ораулы, менің жаным жаулығыңа түюлі» деген сөздерін естіген сайын Аманқос ақынның Асанқайғы таппаған жерұйығы Ақкиізтоғайда дей келе «Қасыңнан қарға адым жер ұзамастай, Кіндігім нық байланып қалған екен» деген жолдары еске түседі. Аманқос ақынның кіндігі туған ауылына ажырамастай байлаулы болды. Мұқағалидың жырлары арқылы Қарасазды жақсы көрдім, Есениннің өлеңдері арқылы Рязанын ұнаттым, Астанаға да, бас қалаға да айырбастамайтындай не құдыреті бар деп Аманқостың Ақкиізтоғайына қызықтым. Ауылыңды сүйсең, Аманқосша сүй! Есенин демекші, Аманқос ақынның «Есениннің монологы» атты өлеңі бар.  Құдды бір Есениннің өзі жазғандай! Мен осы шынымен шатпын ба? Табылар өзімдік шертер мұң. Теңіздің түбіне баттым да, Найзағай отына өртендім. Түспесең өмірдің тезіне, Несіне жігіт боп туасың? Талтүсте адасқан кезіме, Достарым, өздерің куәсің. Жанымның тарқамас құмары, Қайдасың, сайрауық бұлбұлдар? Досыңды түсінбей жүр әлі, Мұндағы өсекші құрғырлар. Тиді ауыр барлығы төзімге, Адасып қалдым ба еріктен. Бейтаныс сұлудың көзінде, Жас тұрды неліктен, неліктен? Жалынын жан-жаққа таратқан, Жаныма қалайша қыс кірген. Өшімді алардай шараптан Тағы да іштім мен... Әлгі қыз жас төгіп тұр әлі, Жанына бір сөзім батып-ақ. Мен шығар оған да кінәлі, Мен шығар ақымақ. Білмеймін, не болды, осымен, Өтті ғой зымырап қысқа күн. Қастастым аяулы досыммен, Дос болды күлегеш дұшпаным. Бейшара жүректі тулатып, Қайтемін күншілдер өсегін. Орыстың орманын шулатып, Ортаңа оралар Есенин!..Бұл өлеңмен алғаш танысқан сәт есімде. Бір емес, бірнеше мәрте қайталап оқыдым. Әр оқыған сайын көз алдыма Есениннің қысқа өмірі кинолентадай өте берді. Есениннің атынан осындай монолог жазу үшін, ақынның шығармашылығымен толық таныс болу аздық етеді, ақынның ішкі жан дүниесінің қасіретінеүңіліп, оны түсінгені әрі қабылдағаны сезіледі. Аманқос Ершуов өзінің «Өмірбаян» атты өлеңін: «Отан-ана,  Өлшенбеген дәм-тұзым, Болсын деймін сапарымның алды ұзын. Ұрпағыма өмірімді оқытар, Сен аман бол, Өмірбаян жалғызым» - деп түйіндейді. Жырларымен өмірбаянын жазып кеткен ақ жүрек  ақынның дәм-тұзы таусылып, мәңгілік сапарға аттанғанымен, оның ақ бұлттардай аппақ өлең әлемі - мәңгілік!

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...