Өзендер де кейде өз арнасын өзгертеді. Жер бедерін сипаттайтын жәдігерлерде бұл мың-мың жылда бір-ақ...
Василий Шукшин. Нөл-нөл бүтін
Совхоздың конторына Колька Скалкин есеп айырысуға келді. «Осындай қайнаған уақытта...» деп кеше оған директор ұрысқан-ды. – «Сіздерде өмір-бақи қайнаған уақыт! Айлықтарың ғана суық, қалғанының барлығы ыстық». «Өз еркімен босатылсын» деп оның арызына директор қол қойып берген. Еңбек кітапшасын алу ғана қалды. Сол еңбек кітапшасына Кольканың келген беті.
Кітапшаны ақ костюмді, момынай беті жылтыраған, әппақ қасты, дембелше келген Синельников Вячеслав Михайлович деген біреу беру керек екен. Синельников сырттан келген кісі, Кольканың естуінше ол қытымыр адам.
- Неге жұмыстан кетіп барасың? – деді Синельников, Колькаға шаршаған кейіппен қарап.
- Аз төлейді.
- Қанша?
- Не «қанша»?
- Сен қаншаны азсынып тұрсың?
- Алпыс-жетпіс... Кейде одан да төмен.
- Мақұл. Саған қанша керек?
Қольканың намысына тиіп кетті.
- Маған ба? Үш есе осынша.
Синельников бұндай өрескел қылыққа таң қалмады да күлмеді де.
- Жетпегені түгілі айтуға ұят: аяқ-қолым сау, жұмыстан қашқан емеспін, ал...Тфу! – деп Колька айлығы туралы біраз наразылық таныта янаттанды, совхоз басшыларының басына да су құйды, содан соң ары қарай езе бергенді жөн көрмей:
- Болды. – деді.
- Енді қайда?
- Қазір ме? Тіреуіштерге шұңқыр қазам. Отыз жетінші шақырымға.
- Мамандығың қалтаңда, ал шұңқыр қазбақшысың. Сен екінші класты жүргізуші емеспісің...
- Енді қайтпекпін?
- Арақты азырақ ішу керек, - деп Синельников Колькаға еш қызығушылықсыз, немқұрайлы, ылжырай қарады. Осыны сұрап, сөз ғып отырғанының өзі түсініксіз еді.
Колька Синельниковтың қойыртпақ түсті, момақан көздеріне қадалды. Танауын жыбырлатып, (кейін елдің бәріне осылай дегем деп) сыпайы түрде:
- Еңбек кітапшамды алақаныма салыңыз. Бюрократшылдықты қойыңыз. Білесіз бе, анау-мынаусыз.
- Қандай анау-мынаусыз?
- Мен лекцияға келмеген сияқтымын, дұрыс па? Еңбек кітапшама келдім.
- Лекцияны да тыңдаған зиян емес. Лекцияға келген жоқпын дейді ол... Арақты шелектеп ішкенге ақшалары жетеді, қарашы-ей бұны, аз төлейді, –
Синельников бір ғажабы қазір де сөзінің мақамын өзгертіп, асығып-аптығып, көтерілген жоқ... тіпті қабағын да шытпады.
- Жұтқырлар. Жұтып жатыр, жұтып жатыр, жұтып жа-тыр қу арақты!.. Қалай жалықпайды-ей? Жынданып кетуге болады. Жұтқыр сорлылар.
Колька бұған лайық емес еді. Әрине ішті, тек осылай «жұтқыр» деуге, және «сорлы» деуге... Жоға, бұл бекер. Бір қызығы Кольканың шамына тиген оның сөзі емес, сиырдың мөңіресіндей күңіренген, бір сарынды үні былай дейтіндей: Колька үміт күтуге болмайтын жаман, болары болып бояуы сіңген адам, діңкелеткені соншалықты - тіпті жүйке тоздыруға да тұрмайды, бұның бәрі әншейін айту қажет болған соң айтылып жатыр да, бірақ еш қайрансыз.
- Бұ не сұмдық, атаңа нәлет! – деп Колько ашудан шоршыды. – Сен немене... көк сияны ішіп алғансың ба? Неғып сілкілеуге кірістің? Қарашы-ей, атқа мінер болдым деп, қамшы сілтеуден дәмелі. Сен не осы? Саған басқа жасайтын жұмыс жоқ па, бюрократ?
Синелников осының бәрін жиналыстағыдай жайбарақат тыңдады: төралқада отырып шымбайға тимейтін үйреншікті сын тыңдаған сияқты жағын таянған.
- Жалғастыра бер.
- Мен еңбек кітапшама келдім, жалғастыратын дәнеңесі жоқ. Арызға қол қойылған ба? Қойылған. Әкел еңбек кітапшамды.
- Егер керек етсең, мен саған бір бапты тауып берейін.
- Не үшін? – деп Коля сасып қалды.
- Бүлік шығарғаның үшін. Тәртіпсіздігің үшін... Титімдей ғана таңба түсірем, сосын сен менің алдымда билеп бересің... краковякты, - деді Синельников Кольканың абдырағанына рахаттанып, бірақ оның рахаттанғаны да біртүрлі солғын, бейжай еді. Дейтұрғанмен Колька өзін-өзі қолға алды.
- Не үшін маған таңба салмақсың?
- Таңба салып берсем, сен тіреудің астына шұқыр қазуға келгеніңде, саған: «Е-е, қарағым, сенің мына жеріңде... Жоға, былай дейді, бізге бұндайлардың қажеті жоқ». Сонымен бітті. Сөйтіп шұқырыңнан екі жүз сомыңды алып жарылқандым дей бер. Сондықтан танауыңды тым көтере берме. Қарайгөр мынаны, арпылдағысы келеді бұ жерде... Шірік неме, - деді Синельников дауысын әлі де көтерместен, жағын тіреген қолын да түсірген жоқ, сол баяғыша төралқадағыдай отыр.
- Кім? Қалай дедің? – деп сұрады Колька.
- Немене «кім»?
- Мені ше? Қалай дедің сен?
- Шірік неме дедім.
Колька сиясауытты алды да Синельниковтың әппақ костюміне бір-ақ ақтарды. Өзінен-өзі осылай боп кетті...Қолына сиясауытты ұстаған кезде Колька не істегісі келетінін ойлап та үлгермеді... Қалай да солай, әйтеуір – шашылды. Синельников таянған қолын түсірді. Сәл ойланды да тез пиджагін шешіп түрегелді, сиясы еденге ағып болғанша созған қолында ұстап тұрды. Сия ағып сарқылды... Синельников пиджагін жайлап сілкіп, тағы тосты, сосын орындықтың арқасына ілді. Сонан кейін жейдесі мен шалбарына қарады: пиджакқа сіңіп үлгермепті, шалбарына да тимеген екен.
- Солай... – деді Синельников. – Таңдай бер: костюмді бояу мен химиялық тазалауға жиырма сом, әйтпесе қорлаған әрекетің үшін сотқа берем.
- Сен өзің бастадың ғой қорлауды...
- Мен – сөзбен ғана, ешкім естіген жоқ, сия – міне көз алдыңда тұр. Есесіне химиялық, - Синельников тағы да баппен, түр-түссіз сөйледі. Ғажап адам!
- Сенің бағыңа орай мен оны боятайын деп жүргем. Әлі білмей тұрғаным, химиялық сияны тазалауға алама екен... Жиырма бес сом, - Синельников телефон тұтқасын ұстап: - Бір жағына шық. Әйтпесе милицияға қоңырау шалам.
Колька төлей салғанының дұрыстығын түсінді. Бірақ оның жынына тағы тигені, мына заңкөйдің көзді бақырайтып қойып бағаны өсіргені.
- Неге жиырма бес сом? Біресе – жиырма, енді ес жидырмай – жиырма бес. Тағы біраз отырсақ, сен елуге жеткізерсің?..
- Бес сом – бұл ауданға дейінгі жолға: ары мен берісі. Қапелімде ойыма келмеді.
- Сонда не, бір жағына екі сом елу тиыннан ба? Сені елу тиынға кім көрінген жеткізіп тастайды.
- Кім көрінгенмен барғым келмейді. Олай қарай – кезіккенмен, ол жақтан – такси алам.
-Төре боп кеттің ғой!.. «Таксимен»!
- Иә, таксимен. Немене – таң көрінеме?
- Таң ештеңесі жоқ, тек... тегінге тойып кекірген – шынында ұят емес пе?
- Сен мені сияға шомылдырдың – саған ұят емес пе? Өзімнің жекеменшік костюмім үшін мен немене, көрінген көлікке жабысуым керек пе? Жиырма бес. Жаз.
- Нені?
- Қолхатты.
Синельников бір бет қағазды Кольканың алдына жылжытты.
Колька бетті жиіркене ұстады...
- Қалай деп жазу керек?
- Мен, осындай да осындай, - аты-жөніңді толық, - жолдас Синельников Вячеслав Михайловичке төлеп беруге кепілдік беремін: жиырма бес – жазбаша – сом, нөл-нөл тиын...
Колька ызалана мырс етіп, басын шайқады.
- «Нөл-нөл тиын»!.. Кәмандір, мля!..
- Нөл-нөл тиынды жолдас В.М. Синельниковтің ақ костюміне әдейі залал келтіргенім үшін.
Колька жазуды тоқтатты.
- Не үшін «әдейі» деп жазам? Егер мен өз еркіммен төлеуге келісім беріп отырсам, жазып керегі не? Ана жақтағы біреу оқиды да бастайды... тисуді бастайды.
Синельников ойланды.
- Мақұл, жаз: жолдастың ақ костюміне залал келтіргенім үшін... В.М.Синельников жолдастың ақ костюміне.
Колька «жолдастың» деген сөзді тастап кетіп, «Синельниковтің ақ костюміне» деп жазды.
- Химиялық сиямен...
Колька сауытты алып қарады да:
- Автоқаламдарға химиялық сия қолданушы ма еді? – деді.
- Енді қандайын? Есеп-қисап қағаздарын тек химиялықпен жазамыз.
- Жазғыштар, мля... – деп бұрқылдады Колька.
- Қолың. Күні.
Қолька қолын қойды. Қай күн екенін жазды. Қолхатты Синельников алды.
- Есеп айырысуға саған қанша тиісті?
- Мен қайдан білемін? Осындағы сен жақсы білетін шығарсың.
- Түстен кейін есеп айырысуға кел. Кітапшаңды да ала кетесің.
Колька орнынан көтерілді.
- Сен бар ғой... ешкімге тіс жарма, негып... мені жиырма бестікке ұшырғаның туралы. Әйтпесе менікінің құлағына жетсе... бас бәлеге қалады. Бірдеңе деп жаза сал.
- Мақұл.
Колька есікке беттеді. Табалдырықта кідіріп, әппақ қасты, тығыз денелі адамға қарады. Синельников те бұған қарады.
- Не?
- Хо-о – деді Колька. Басын шайқады да кабинеттен шықты.
Дәлізде іштей тағы бір боқтанып алды.
«Жиырма бестік – иттің құйрығына қыстырғанмен бірдей болды. Қурайдың сынығындай ширатып, тықтың да жібердің». Бірақ, енді шұқыр қазуда екі жүз, екі жүз елу сомнан табатыны есіне түсті... Жаны жай тапты. «Көрмегенім осылар болсыншы! – деп ойлады, - Сол үшін өкініп...»
Аударған Заман Төлеуов