"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Атырау облысының әкімдігінің қолдауымен, облыстық Мә...
Қазақстан мен Өзбекстан азаматтары екі елде 30 күн тіркеусіз жүре алады
Сенатта Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарының екі ел аумақтарында болуы туралы заң қаралды. Заң нормасына сәйкес екі елдің азаматтары Қазақстан мен Өзбекстан елінің аумағында 5 күннен 30 күнге дейін уақытша тіркеусіз жүре алады, деп хабарлайды madeniportal.kz.
Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге енгізілген өзгерістер туралы заңды талқылады.
Заңның мақсаты – екі ел арасындағы достық қатынастарды одан әрі дамыту, азаматтардың сапарларын реттеу, сондай-ақ бір мемлекет адамдарының екінші мемлекеттің аумағында болуына қолайлы жағдай жасауға құқықтық негіз қалыптастыру болып табылады.
Құжатта тараптар азаматтарының өзге елде болу кезеңі шекарадан өткен сәттен бастап 30 күннен аспаса, онда сол елдің аумағында құзыретті органдарда тіркелмей болудың оңайлатылған тәртібі көзделіп отыр. Осылайша, екі мемлекет азаматтардың өз аумақтарында уақытша тіркеусіз жүрудің мерзімін 5 күннен 30 күнге дейін ұлғайтты.
Сенаторлардың айтуынша, хаттаманы ратификациялау және оны іске асыру барысында теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдары болмайды, сондай-ақ мемлекет бюджетінен қосымша қаржы шығындары талап етілмейді.
Кеңейтілген отырыстың қорытындысы бойынша депутаттар «2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.