Халықаралық THE SPIRIT OF ASTANA 2018 заманауи этникалық музыка фестивалі

Жаңалықтар
354

Қазақстан жерінде бастау алып, ұлттық ауқымдағы мәдени бренд мәртебесіне ие болған The Spirit of Tengri халықаралық жобасы Астана қаласының 20 жылдығы аясында 3 күнге созылатын The Spirit of Astana 2018 музыкалық шоуын өткізбек.

Шілденің 6, 7 және 8 күндері сағат 17.00-де «Бәйтерек» монументі алдындағы алаңда әлемнің 20-дан астам елінен келген 18 өнер ұжымы өнер көрсетеді.

Фестиваль қонақтары мен көрермендернің назарына жанды дауыста орындалатын керемет туындылар және іс-шараға қатысушы елдер туралы танымдық интерактивті фильмдер ұсынылады. Келушілер дәстүрлі аспаптардың әуезді үндері мен заманауи технологиялардың ерекше үйлесіміне куә болады.

Фестиваль шымылдығын өзбектің Abbos тобы мен көмеймен ән айту шеберлерінің ерекше шоуы ашады.

Қазақстан атынан Aldaspan этно-рок тобы, көмеймен ән айту шебері – Еділ Құсайынов пен Satzhan Project және диджейлер – Nariman Issenov, Arsen Superfly, Алёна Лобастова және Ras Ed өнер көрсетеді.

Қазақстандық көрерменнің ерекше ықыласына бөленіп үлгерген түркиялық BaBa ZuLa тобы The Spirit of Astana 2018 фестивалінің сахнасына алғаш рет шықпақ.

Украиналық The Doox тобы да шараға тұңғыш рет қатысқалы отыр. Музыканттар көрермен назарына көне украиналық фольклордың электр және рок-әуендермен ерекше үйлесімін паш етеді.

Жапониялық Oki Dub Ainu Band тобы елорда тұрғындары мен қонақтарын көне айну халқының музыкалық мәдениетімен таныстырады.

Биыл The Spirit of Astana 2018 фестивалінде Африканың музыкалық мәдениетін Mamadou Diabate & Percussion Mania және Habib Koité & Bamada топтары ұсынады.

Сонымен қатар, The Spirit of Astana 2018 сахнасында этникалық үндістерден құрылған Indiogenes тобы да шығады. Бұл – Аляска мен Ла Патагонияға дейінгі күллі Америка құрлығындағы үндістердің тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін жырлайтын ерекше жоба.

Американың бай музыкалық мұрасын Қазақстанға алғаш рет келген Dirtwirе тобы да паш етпек.

Folk project Katya Yamschikova астаналық көрермен назарына орыс халқының ұлттық әуендерін ұсынады.

Өткен жылғы фестивальда алматылық көрермендерге ерекше ұнаған Лаурита Пеленьюте жетекшілік ететін литвалық Marga Muzika ұжымы The Spirit of Astana 2018 фестивалінде алғаш рет өнер көрсетеді.

Грузия халқының дәстүрлі ән айту және би өнерінің майталмандары – GeoTRAIN тобы биыл да фестивальға қатысып, келушілерді жаңа бағдарламасымен тәнті етпек.

Ирландиялық Jiggy және мажарстандық Kerekes Band топтарының өнер көрсетуін The Spirit of Astana 2018фестивалінің көрермендері алғаш рет тамашалайды.

Оған қоса, астаналықтар мен шаһар қонақтарының алдында тувалық Khoomei Beat ұжымы мен курай аспабында ойнау шебері, башқұртстандық Роберт Юлдашев пен «Курайсы» тобы өнер көрсетеді.

The Spirit of Astana – мультимәдени жоба, оның мақсаты – Ұлы Дала жəне күллі əлем халықтарының мəдени мұрасымен таныстыру, Қазақстан жерінде заманауи этникалық музыка өнері жұлдыздарының басын қосу.

The Spirit of Astana фестивалі бүгінде әлемге танылып үлгерген The Spirit of Tengri жобасы негізінде 2017 жылы бастау алды.

The Spirit of Astana 2018 – EthnoWorld жанрындағы әлемдік жұлдыздар бір сахнада өнер көрсететін керемет концептуалды шоу, Астана тұрғындары мен елорда қонақтарының ерекше атмосферасы бар сүйікті музыкалық мерекелерінің бірі.


madeniportal.kz

Жаңалықтар

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне арызданған жергілікті тұрғын үйдің жанында ойнап жүрген кішкентай...

Жаңалықтар

Бүгін Ташкентте өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында бірнеше жаттығу бойынша финалд...