Физикадан 2021 жылғы Нобель сыйлығын ғалымдар Шукуро Манабе, Клаус Хассельман мен Джорджио Париси кү...
Екібастұзда балаларға арналған шығармашылық орталық ашылады
Президент тапсырмасымен Екібастұз қаласында балалар шығармашылық орталығы ашылады. Павлодар облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Екібастұздағы жаңа Балалар шығармашылығы сарайының құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды madeniportal.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауданы 7,2 мың шаршы метр болатын заманауи орталық балаларды сапалы қосымша біліммен қамтуды кеңейту мақсатында салынып жатыр. Аталған нысанның құрылысына 5,8 млрд теңге көлемінде демеушілер қаражаты тартылды.
Балалар шығармашылығы сарайы ең жоғары технологиялық құралдармен жабдықталатын болады. Мұнда ғарыштық радиобайланыс клубы, робототехника студиясы, өнеркәсіптік сәулет және дизайн студиясы, ғылыми-биологиялық зертхана, коворкинг-аймақ, дыбыс жазу студиясы, фотография академиясы, көркем-эстетикалық шеберхана, спортзал және т.б. ашылады деп көзделіп отыр.
Бүгінгі таңда ғимараттың іргетасы құйылып, ең астыңғы қабат пен металл құрылымдар орнатылды. Биылғы күзде пайдалануға беру жоспарланған.
Премьер-Министр әкімдікке жобаның уақтылы іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Бұл – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша салынып жатқан объект, сондықтан сапасы да өте жоғары деңгейде болуы керек. Мұндай орталықтар балалардың бос уақытын қамтып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, қосымша білім алуына мүмкіндік береді. Орталық іске қосылғаннан кейін қалада қосымша біліммен қамту деңгейі 70%-ды құрамақ. Жоба менің жеке бақылауымда болады», — деді Олжас Бектенов.
Екібастұз әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, бүгінгі таңда қалада 3 ұйым қосымша білім берумен айналысады. Қамту көрсеткіші шамамен 7 мың баланы немесе 31%-ды құрайды. Сондай-ақ жаңа орталық ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға бейімделмек.