«Театр көктемінің» жаңа тынысы

Фотосурет: Ж.Шанин атындағы театр ұсынған

ТЕАТР
643

Шымкентте кәсіби театрлар фестивалі қайта жаңғырды

Көптен күткен көктемде Түркі жұрты үшін орны бөлек Наурыз мерекесі  театр өнері мерекесіне ұласады. 27-наурыз – Халықаралық театр күніне орай  еліміздің үшінші мегаполисі, кәсіби алты театры бар   Шымкентте «Театр көктемі-2024» фестивалі өтті.  Бұл жөні бөлек өнер мерекесі, өйткені...

Облыстық театрлар қатысатын «Театр көктемі» фестивалі Шымкентте алғаш рет 2007-жылы  ұйымдастырылды.  Содан өнер мерекесі қатарынан он жыл, яғни 2017- жылға дейін өткізіліп, өзіндік тәжірибе жинақтаған, осы уақыт ішінде республикаға белгілі  болған еді. Бірақ, Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістан қаласына ауыстырылған  2018-жылдан бері тоқтап қалған. Енді фестиваль араға алты жыл салып, Шымкент қаласы басшылығының қолдауымен қайта оралды. Мұның әбден орны бар.  Өйткені Шымкентте кәсіби алты театр жұмыс жасап, халыққа рухани-мәдени қызмет көрсетеді. Қалалық алғашқы  фестивальға  Шымкент опера-балет театрынан басқасы бәрі қатысты.

Фестиваль Ж.Шанин атындағы театр алдындағы қазақ сахна өнерінің негізін қалаушылардың бірі, режиссер Жұмат Шанин ескерткішіне гүл қою рәсімімен басталды. Ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, сахнагерлерді мерекесімен құттықтап, бұл шараның өңір үшін де, өнер үшін де маңызы үлкен екеніне назар аударып, фестиваль жұмысына табыс тіледі. 

Алғашқы күні Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры М.Мақатаев поэмалары бойынша «Дариға-жүрек» поэтикалық қойылымын (режиссері Қ.Қасымов, суретші Б.Срайылов), Әзіл-сықақ және сатира театры С.Ваннустың «Сұлтанның аты – Сұлтан» трагикомедиясын (ауд.А.Маудан, реж. Қ.Қасымов, суретші Ж.Дүйсебеков), Өзбек драма театры Ш.Исахонованың «Тановар» арт-этно фольклор тамашасын (реж.С.Мелиев, суретші С.Мирзаев), келесі күні қалалық Қуыршақ және жасөспірімдер театры В.Гауфттың «Мұрынды ергежейлі» ертегісін (ауд.Р.Айғазиева, реж.Ш.Юсупов, музыка А.Икрамов, суретші Г.Бабаева), Орыс драма театры Б.Брехттің «Есірген шешей және оның балалары» трагифарсын (реж.А.Шемес, суретші М.Айдүйсенов, костюм Р.Вайсман) көрсетті. 

Фестиваль қорытындысында Қазылар алқасының шешімімен Әзіл-сықақ және сатира театры «Шығармашылық ұмтылысы»,  Өзбек драма театры «Ұлттық құндылықтарды дәріптегені»,  Қуыршақ және жасөспірімдер театры «Көркем актерлік ансамблі»,  Орыс драма театры «Классиканы заманауи көркем интерпретациялағаны үшін» аталымдарында жүлделермен марапатталып, 300 теңгеден қаржылай сертификаттарға; ал,  Ж.Шанин атындағы академиялық театры «Поэтикалық көркем қойылымы үшін» жүлдесі мен 500 теңгелік сертификатқа  ие болды. Алғашқы бұл фестивальда жүлделік сертификаттар отандық өндіруші «Qazmedpribor» компаниясының  демеушілігімен берілгенін және оны компания директоры Рахат Байзақов табыстағанын айту керек.

Фестиваль қорытындысында   Қазылар алқасының төрайымы,  белгілі сыншы, мәдени сарапшы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ә.Бөпежанова, алқа мүшелері – белгілі сахнагер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Б.Болатжанұлы, мәдениет қайраткері, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Өнер» кафедрасы меңгерушісі міндетін атқарушы Е. Бимұрзаев, Шымкент қалалық опера және балет театрының бас суретшісі Б.Күзембаев ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды. «Қазіргі заманауи театр және интерпретация» тақырыбына қатысты  пікіралысулар да өтті. Өнер мерекесі аяқталған соң біз Қазылар алқасының төрайымына бірер сауал бергенбіз.

Әлия БӨПЕЖАНОВА, сыншы, Қазылар алқасы төрайымы: БҮГІНГІ ФЕСТИВАЛЬ – ЕРТЕҢГЕ БАҒДАР


- Сіздіңше, Шымкентте өткен «Театр көктемі-2024» фестивалінің бұрынғылардан айырмашылығы неде?

-   «Театр көктемі» бұрын негізінен облыстың сегіз театры қатысқан, өзіндік тарихы, дәстүрі бар фестиваль болғанын  жақсы білесіздер. Сол фестивальдардың екеуінде көрнекті театртанушы, ұстаз Әшірбек Сығай Қазылық жасаған жюри құрамында болғанмын және кезінде мақала да жазғанмын. 
Әдетте бізде, аймақтарда, облыс, қалаларда өнердің дамуы, өрісінің кеңеюіне басшылықтың көзқарасы елеулі әсер ететіні жасырын емес. Ал, жеке мегаполис болудың күрделі кезеңдерінен өткен Шымкентте «Театр көктемінің» қайта жандануы жақсы нышан. Бұл, бір есептен, қаланың жаңа басшылығының қолдауы мен сахнагерлердің  өз бастамашылдығы, ұйымшылдығының  нәтижесі.
Шымкент жеке мегаполис ретінде алғаш рет ұйымдастырған фестиваль негізгі мақсатын орындады деуге болады. Біріншіден, қала театрларына, қалың көрерменге қуанышты көңіл-күй, мереке сыйлады. Екіншіден, фестиваль театрлардың бүгінгі ахуалы мен көркемдік деңгейінен хабардар етуі өз алдына, өзекті және шешімін табуы тиіс мәселелердің фокустарын, алдағы міндеттер мен шығармашылық үдеріс, ізденістер бағытын белгілі бір деңгейде айқындап бергендей.


 - Фестивальдік спектакльдер және алда назар аударылуы қажет мәселелер туралы не айтасыз? 


 - Театрлар фестивальға негізінен жаңа спектакльдерін ұсыныпты. Ж.Шанин театрының поэтикалық  қойылымын көрнекті ақын М.Мақатаевтың «Дариға-жүрек» және «Аққулар ұйықтағанда» поэмалары негізінде театрдың көркемдік жетекшісі, белгілі режиссер Қ.Қасымов сахналанған. Поэтикалық қойылымдардың өз қиындығы бар. Аталған поэмаларды білетіндер оқиға арқауын анық бағамдаса, өзгелері Мақатаев поэзиясының құдыретіне, ән мен әуез, сахна жарқындығына байланғандай. Дариға роліндегі актриса А.Тәттіғұловадан бастап актер-актрисалар қойылым драматизмі мен трагедиясын поэзия, сөз қуаты арқылы жеткізуге ұмтылады. Ал, премьерасы жуырда өткен спектакльде тағдырлар драматизмі әлі де ашыла түсері анық. Орыс драма театрының Б.Брехттің эпикалық театр шарттарын ұстанған «Есірген шешей және оның балалары» трагифарсын ресейлік актер, режиссер А.Шемес қойыпты. Спектакль  классиканы заманауи интерпретациялап, бейбіт өмір кеңістігі шытынап тұрған бүгінгі күннің аса өзекті мәселелерін адами-имани жазықтықта қарастыруымен ұтып тұр. Актриса О.Жукова болмысы екіұдайлы кейіпкерінің пайда әкелетін соғыс сүйгіштігін жекелеген эпизодтарда біртіндеп шебер ашады. Ал, Қуыршақ және жасөспірімдер театрының  өзбекстандық режиссер Ш.Юсупов қойған «Мұрынды ергежейлі» ертегісі балаларымен бірге келген ата-аналардың да көңілінен шығып, актерлік көркем ансамблімен, содан туындайтын шартты да табиғи шынайылығымен баурайды. Өзбек театры «Тановор» ойын-сауықтық қойылымында ұлттық сипатымен, салт-дәстүрлердің адами бастауларын паш ететін актерлік жарасымды ойын көрсетті, жалпы ұжымның кәсіби тұрғыдан жақсы өскені байқалады.Фестиваль – мерекелік көрсетілімдер ғана емес, алдағы  жұмыс бағдарын айқындайтын да маңызды шара.  Заманауи сахналық үдерістер аясында отыру – заманауи режиссура талабы. Кәсіби режиссура, актерлік құрам, сондай-ақ техникалық мамандар тұрғысынан шешімін күтулі мәселелер баршылық. Театрлардың техникалық жарақтануы кешенді шараларды қажеттейтіні де спектакльдер барысында көзге түсті. Өнер ордалары мәселелерін өздері жақсы біледі ғой. Ал, Шымкент қаласы  әкімінің орынбасары, көзқарақты, сергек басшы Сәрсен Құранбекпен әңгімеде байқағанымыз  – аталған  және өзге де мәселелерді шешу жолдары жоспарлы түрде қарастырылуда екен. Сахнагерлер қауымының шығармашылық үлкен әлеуеті  қала билігі тарапынан қолдауға ие болып отырса алынбайтын қамал бар ма. Енді жыл сайын өткізілмекші фестиваль жақсы бәсекеге бастасын, көркемденіп, мәртебесі арта берсін деп тілейік. 


-         Әңгімеңізге рахмет.

Марал Тілепова

Алматы, 01.04.2024

author

Әлия Бөпежанова

СЫНШЫ

Жаңалықтар

Бүгін елімізде атом электр станциясының құрылысына қатысты республикалық референдум өтіп жатыр, деп...

Жаңалықтар

Түркістан облысы Келес ауданындағы N8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің өзбек тілі...