Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайға жұмыс сапары барысында Лисаков қаласындағы балаларға...
Тоқаевтың тарихи сананы қалыптастырудағы батыл қадамдары
Фото интернеттен
Тарих толқында сан ғасырлар бойы қаншама мемлекет құрылып, бірі ескексіз қайықтай бағыты мен бағдарынан айырылып, ешкімге де аяушылық білдірмейтін уақыт-жартасқа соғылып, жаңқадай шашырап кетсе, енді біреулері асау толқынды қақ жарып өтіп, болашаққа қарай батыл ұмтылыспен замана желіне қарсы жүзетін алып кемедей бүгінге жетіп отыр.
Сол кеменің желкенін керетін, ескегін есетін мыңдаған адам бағытын беретін бір адамға ғана қарайды. Ол адам қай кезде ескекті қатты есу керек, қай кезде желкенді сәл босату керек, қай тұста толқынды тұмсықпен бұзу керек, қай сәтте бүйірге бұру керек – бәрін-бәрін жіті бақылап, асқан шеберлікпен басқарып отырмаса, желкенің желге ұшып, ескегің шорт сынып, тау-тау толқынның астында қалуың әбден мүкін.
Тарихта өзі басқарған мемлекетін гүлдендіріп, басқалармен терезесін тең еткен, керегесін кең еткен қағандар мен корольдер, сұлтандар мен патшалардың есімдері әлі күнге ел есінде. Ал артына із қалдыра алмай, тарих берген мүмкіндікті уысынан жіберіп алып, аты өшкен басшылар да қаншама!
Жаңа тарихтағы ең алпауыт мемлекет Америка құрама штаттарының 40-тан астам президентінің қадау-қадау тұлғалары болмаса, көбісін ел біле бермейді. Ал тәуелсіз Қазақстан тарихындағы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның ізбасары, қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірінің ісін бірі жалғастырып, бірінің жеткен жетістігін екіншісінің іліп әкетіп, одан әрі жетілдіруі билік сабақтастығының, буын үндестігінің айқын көрінісі деуге болады.
Тоқаев президенттікке келгелі Елбасының жасап кеткен жұмыстарын жалғастыра отырып, тың бастамалар мен ілкімді істерді қолға алды. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығы егемендіктің елең-алаңы, тәуелсіздіктің тәй-тәй басуы, бұғанасы бекіп, қанаты қатайған, оңтүстік-солтүстік, шығыс-батыс көршілермен шекараны шегендеп, әлемдік аренаға ойқастап шығып, жаһандық геосаясатта тыңнан түрен салу кезеңі деуге болады.
Ал екінші онжылдықта тұғырымызды нығайтып, экономикамызды еселеп, «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы тарыдай шашырап, әлемнің түкпір-түкпіріне кеткен ұлттық санамызды тамтұмдап жинап, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаққан уақ болды. Әлемдік беделді ұйымдардың басын қосып, маңызды мәселелерді талқылайтын ордалы орынға айналдық. Батыс Еуропа мен Батыс Қытайды қосып, ежелгі Жібек жолын қайта жандандырдық.
Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межеледік.
Әр бағыт бойынша «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» сияқты ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылды. Саяси және экономикалық реформалармен қатар рухани жаңғыруға баса мән бердік.
«Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет! – деп қадап айтты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында.
Мемлекет басшысы бұл идеяны, яғни халықтың рухын сілкіп оятып, ұрпақтың санасын заманға сай қалыптастырып, жаһандық сын-қатерлерге қасқайып қарсы тұра алатын, бәсекеде ешкімге есе жібермейтін сапалы ұлт болып қалыптасуымызды үнемі айтып келе жатыр.
Бұл қадам жолында бірқатар бастамалар мен бағдарламаларды ұсынып, олардың жүзеге асуын жіті қадағалауда.
«Мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталды. Мақсатымыз – Әділетті Қазақстанды құру. Қазір біз осы күрделі жолдың басында тұрмыз. Мен үшін халықтың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік. Сол себепті, мен осы стратегиялық бағытты еліміздің басты бағдары ретінде жарияладым. Бұл жолдағы барлық жауапкершілік жүгін арқалауға дайынмын», - деді Тоқаев.
Ол жауапкершілік ең алдымен тәуелсіз елде туып-өскен жас ұрпақтың санасын да тәуелсіз қылып қалыптастыру жолынан бастау алады деуге болады.
«Шынына келсек, Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы. Бұл іске беделді тарихшыларымызды тарту қажет», - деген болатын Мемлекет басшысы.
Осы пәрменнен қазірде ел тарихының көп томдығы ең мықты деген тарихшылардың қатысуымен жазылып жатыр. Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Осы орайда Тоқаевтың ашаршылықты, Алаш зиялыларын, Желтоқсан оқиғасын жан-жақты зерттеп-зерделеу қажеттігін баса айтқаны да қоғамда үлкен серпіліс туғызды. Тарихи сананы оятып, ұрпақ бойында туған еліне деген сүйіспеншілікті тудыратын «Алмас қылыш», «Жау жүрек мың бала», «Томирис» сияқты эпикалық тарихи фильмдер жастардың рухын оятып, ата-баба тарихына деген қызығушылықтарын еселей түсті. Ал Алаш арысы Міржақып Дулатұлы туралы «Оян, Қазақ» сериалы мен фильмі бұл сезімнің өрттей тұтанып, халқымыздың басынан өткерген қиын да қастерлі, қасіретті де қасиетті тарихын жастардың шын түсінуіне, шын сезінуіне өлшеусіз үлес қосты.
Соңғы кезде қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынтасы артып келеді. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – осы сұранысқа тікелей жауап деуге болады. Тоқаевтың өзі оларды Ордабасыдағы, Күлтөбедегі, Ұлытаудағы ұлы жиындардың заманауи үлгісіне теңеді.
«Біз қазақтың қанына сіңген қасиет – келелі істі ақылдасып бірге шешу дәстүрін жалғастыра береміз. Бұл бастамалар азаматтық қоғамды дамытуға негіз болады. Қазіргі шаралар аяқ астынан мәжбүрліктен қолға алынған жоқ. Ол – елімізді демократияландыруға, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған саясаттың жемісі», - деген болатын Мемлекет басшысы.
Осы сөзінде тұрып, еліміздегі түрлі саланың, мәдениет, өнер майталмандары, қоғам белсенділері, танымал тұлғалардың басын қосып, Ұлттық құрылтайды үш рет өткізді. Ұлытау, Түркістан, Жайық жағалауы сынды қазақ тарихындағы киелі орындарда өткен құрылтайларда ұлттың болашағы, ұрпақ тәрбиесі, мемлекет мүддесі, тіл мәртебесі сынды кіл маңызды мәселелер талқыланып, нақты шешімдер шығарылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытауға сапары барысында Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын атап өтіп, сонымен қатар оның негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтау туралы бастамасынан кейін елімізде үлкен жұмыстар басталып кетті. Мұрағаттарда шаң басып жатқан құжаттар да қайта көтеріліп, тарихшы ғалымдарымыз да батыл болжамдар жасай бастады. Жер-жерде, өңір-өңірлерде жиындар, дөңгелек үстелдер өткізіліп, бұрындары көп қаузала бермейтін Алтын Орда, Шыңғыс ханның тұңғышы Жошы және оның құрған алып империясы туралы тың пікірлер талқыға түсіп жатыр.
Ал Атырауда өткен алқалы жиында Мемлекет басшысы Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек екенін айрықша атап өтті.
«Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет. Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы Ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған. Осы ортағасырлық державаның геосаяси мұрасы бірқатар Еуразия мемлекетінің, соның ішінде Қазақ хандығының құрылуына негіз болды. Ұлық Ұлыстың жерінде сан алуан этнос және дін өкілдері бір шаңырақтың астында өмір сүрді. Түрлі мәдениеттер өзара астасып, мемлекет құру ісінің бірегей үлгісі қалыптасты» – деп атап өткен болатын Қасым-Жомарт Кемелұлы сол кезде.
Жоғарыда тілге тиек еткен Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихын жазу үшін нақты жұмыс жасалып жатыр. Оған 250-ден астам ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман жұмылдырылды. Академиялық басылымның осындай үлгісін әзірлеу тәжірибесінде алғаш рет Жошы ұлысына жеке том арналмақ. Сонымен қатар, Жошы ұлысын зерттейтін ғылыми институт құрылып, осы бағытта нақты қадамдар жасалып жатыр.
Жошы хан
Бұл кезінде «қазақта мемлекеттілік болмаған», «қазақта территория болмаған» деген сынды ішкі-сыртқы арам пиғылды «жауларға» қақырата соққы берген батыл қадамдар деп айтуға толық негіз бар. Яғни Мемлекет басшысының «жас ұрпақтың санасын ояту керек» деген сөзден нақты іске көшкеніне бұлтартпас дәлел.
Мемлекет басшысының ел тізгінін ұстаған аз ғана уақытта қолға алған бастамаларын, адымдай аттаған нақты қадамдарын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті. Біз тек тарихи сананы ояту, ұрпақ сабақтастығын ата-баба аманатымен жалғастыру жолындағы бірсыпыра еңбегін ғана атап өттік. Осы қолға алынып жатқан шаралар кешенді түрде жүзеге асырылып, кезең-кезеңімен қоғам санасына дарытылып отырса, ел болашағы бұлыңғыр бұлттан арылып, көзі ашық, көкірегі ояу жастардың қолына сеніммен табыс етілетіні анық. Лайым солай болғай!
Ербол Такенов