Ажырасу жоқтың қасы: Моңғолия қазақтарының отбасы мәдениеті көпке үлгі

Фото: Видеодан кадр

ЖАҢАЛЫҚТАР
521

«Жалғыз жолаушы» YouTube арнасында Моңғолия өлкесі көрсетілді. Санат Ілияс Самбағаров тауы мен Байнұр көлін таспалап көрсетті. Осы таудың етегінде Байнұр деген қазақ ауылы бар екен, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

5 мыңнан астам халқы бар Байнұр ауылындағы адамның барлығы дерлік қазақтар екен. Ауылда мектеп, мешіт, аурухана бар. Ауыл тұрғындары арасында ажырасу дерегі жоқтың қасы. Ауыл балабақшасы ата-аналардан бір тиын ақша алмай 2 жастан асқан балаларды тегін қарайды. Балабақша қазақ тілінде білім береді.

Арнаға Молқы руынан Мұрагер есімді ер адам сұхбат беріп, тұрмыс-тіршілігімен таныстырады. Ол — 3 баланың әкесі. Әйелі оқуға кеткен.

«Түрлі тамақ пісіре беремін. Ең қиыны күніне 3 рет ыдыс жуған екен. Бір іс қайталана берсе жалығады екенсің. Балаларды шомылдырамын. Киімін дайындаймын. Әйел адам үйдің берекесі ғой. Әйел кеткесін өз тынышың да, үйдің тынышы да кетеді. Әйелім кетіп сыйыр саууды да үйрендім», - дейді кейіпкер.

Мұрагер нанды да өзі жауып, әйелдің бар тірлігін істей беретінін айтты. Ол бұл ісіне ұялып, қынжылмайды екен. Керісінше әйелінің дамып, оқуы үшін барын салатынын айтты.

Желі қолданушылары Мұрагердің іс-әрекетіне тәнті болып түрлі пікір жаудырды.

«Ақылды, саналы әке екен», «Монғолиядағы қазақтарды көргенде, нағыз қазақтар осылар-ау деймін, тілі таза қазақша шығады», «Жігіттің төресі екен», «Әйелді түсінетін нағыз ер азамат», «Өте жылы шығарылым болды», «Нағыз мақтауға лайық», — деді желідегілер.