Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында түсініксіз жағдай орын алды деп хабарлайды mad...
«Опералия-2024» әлемнің 9 елі жұлдыздарының басын қосады
Астана-опера
31 мамырда елордада «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалі ашылады. «Астана Опера» сахнасында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Грузия, Испания, Италия, Қазақстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Украина мен Чехиядан танымал әртістер қатысатын жиырмадан астам қызықты іс-шара ұсынылады. Түрлі елдер мен дәуірлердің мәдениетін біріктіретін мәдени марафон 31 мамырдан 13 шілдеге дейін жалғасып, көрермендерге опералық қойылымдар, балеттер мен концерттік өнер көрсетулерді қамтитын мазмұнды бағдарлама ұсынады.
- Театрымыздың сахнасында «Опералияны» осымен екінші жыл өткізгелі жатқанымызды мақтан етеміз. Бұл керемет фестиваль осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын пайда болғаны белгілі. Жыл сайын ол біздің театр өнерінің беделін асқақтатып, елорданың мәдени өмірін байыта түседі. «Опералия-2024» әлемдік ауқымдағы өнер көрсетулерді ұсынатынына еш күмән жоқ. Сонымен, оның ашылуында елорда тұрғындары мен қонақтарына қазақстандық әртістермен қатар, италиялық әншілер – сопрано Дезире Ранкаторе, баритон Альберто Газале, тенор Джулио Пеллигра, дирижер әрі бағдарлама авторы Джузеппе Акуавива өз өнерлерін тарту етеді, - деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері «Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедьяров.
Фестивальдің ашылу рәсімінде театр фойесінде театрландырылған шоу өтеді. Онда опералық нөмірлер орындалып, «Опералия» бағдарламасына енген спектакльдердің костюмдері мен реквизиттері таныстырылады. Фестиваль аясында опера мен балет өнерінің озық үлгілері көрсетіледі. Бағдарламаға әрқайсысы ерекше назар аударуға тұрарлық жарқын опералар енді: қазақ композиторы М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» классикалық туындысы ұлттық операның бай әлеміне есік ашады. Дж.Пуччинидің «Турандот» әйгілі операсы шақырылған солистердің қатысуымен көрсетіледі: грузиялық тенор Георгий Ониани, украиналық сопрано Оксана Крамарева, чех сопраносы Либуше Санторисова спектакльдің түрлі күндері сахнаға шығады. Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» комедиялық операсының көрсетілуі фестивальге жеңілдік пен романтикалық көңіл күй үстейді. П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсы да шақырылған солистер – ресейлік Элеонора Макарова мен Евгений Качуровскийдің, сондай-ақ Тәжікстаннан Шохрух Юнусовтың қатысуымен өтеді. Әншілердің шеберлігі тыңдармандарға өзі үшін әлемдік опера жауһарын жаңадан ашуға мүмкіндік береді.
Балет өнерін сүйер қауымды бірегей қойылымдар күтеді. Сонымен, хореограф Ролан Петидің 100 жылдығына орай оның екі танымал балеті ұсынылады: Квазимодоның Эсмеральдаға деген қайғылы махаббат хикаясы баяндалатын М.Жаррдың «Париж Құдай анасының соборы» қойылымы мен Л.Делибтің жан біткен қуыршақ жайлы жеңіл әрі көңілді «Коппелия» балеті.
Үлкен залда, сондай-ақ К.Байсейітова атындағы Камералық залда жоспарланған концерттік бағдарламалар да бұдан қызықты болмаса, кем түспейді. Олардың қатарындағы «Дархан дала» ұлттық музыка концерті – Қазақстанның дәстүрі мен мәдениетіне бойлауға мүмкіндік. Алғаш рет «Астана Опера» сахнасында Тәттімбет атындағы академиялық оркестр толық концерттік бағдарламамен елордалық театрдың хорымен және опера солистерімен бірге өнер көрсетеді.
«Гала-операға» италиялық жұлдыздар қатысса, «Гала-балетке» Елена Воробьева, Алексей Селиверстов, сондай-ақ Чжан Хайдун, Чжан Юйи мен Сунь Хуэйсинь сынды ресейлік және қытайлық солистер шақырылды. Камералық залда жеті концерт өтеді, олардың көбіне Иньяки Альберди (аккордеон, Испания), Кетеван Абиатари (сопрано, Италия / Грузия), Елизавета Александрова (арфа, Санкт-Петербор) сынды шетелдік әртістер өздерінің өнер көрсетулерімен көрік береді. Генрик Венявский атындағы XVI халықаралық скрипкашылар беделді байқауының лауреаты Меруерт Карменованың (Бельгия / Қазақстан) концерті және Astana Piano Passion халықаралық байқауының лауреаттары Александр Кутузов пен Бекзат Рақымовтың (Алматы / Мәскеу) концерттерін жеке атап өткіміз келеді.
Дирижер тұғырында түрлі күндері Алан Бөрібаевты, Абзал Мұхитдинді, Джузеппе Акуавиваны, Ерлан Бақтыгерейді, Руслан Баймурзин мен Элмар Бөрібаевты көруге болады.
Бірегей премьера – К.М.фон Вебердің «Ерікті мерген» операсының концерттік орындалуы фестивальдің көркемдік сан алуандылығын айшықтайтын ғаламат финал болады деп күтілуде. Осылайша, «Астана Опера» көрермендерді өз өнерімен шабыттандырып, таңғалдыра алатын жетекші театр ретіндегі мәртебесін тағы дәлелдеуде.