Біздің елде полицияның заң бұзуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлердің пара алуы немесе қорықш...
Тау көтерген Толағайлар Астана төрінде жарысқа түсті
Астана әкімдігі
Кеше Мемлекеттік рәміздер күніне орай елордадағы «Астана Триатлон» саябағында «Толағай» алыптар сайысы өтті, деп хабарлайды madeniportal.kz.
Ұлы даланың батырларын насихаттап, қазақтың этно-ойындарын дәріптеу мақсатында өткізілетін турнирде елордалық 15 спортшы бақ сынады. Білекті батырлар сайыстың 5 түрі бойынша, яғни, 1,5 м ұзындықтағы темірді мойынға салып майыстыру, салмағы 100 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін апару, 130 келі ауыр бөренені желкеге салып отырып-тұру, 300 келілік жүк артылған арбаны сүйреу, 10 келілік найзаны қашықтыққа лақтыру сияқты ерекше сайыс түрлері бойынша сынға түсті.
"Толағай" алыптар сайысының негізін қалаушы Темір Спатаевтың айтуынша, бұл сайыс қыркүйек айында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Астана қаласы бойынша іріктеу кезеңі болып саналады.
"Бұл кешегі Балуан Шолақ, Қажымұқан, Иманжүсіп сияқты алып күш иелерінің ізін жалғаушы ұрпақтарының рухын оятып, қазақы намысын шыңдау үшін ұйымдастырылып отырған сайыс деуге болады. Бүгін бұл сайысқа күштері бойына сыймай, буырқанып тасыған 15 жігіт "сен тұр, мен атайын" деп сақадай сай тұр. Бес түрлі сайыстың нәтижесі бойынша жеңіп шыққан жігіт 6 маусымда Астана қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына қатысатын болады. Сол сыннан үздік деп танылған 3 жігіт осы спорт түрі бойынша V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында еліміздің намысын қорғайтын болады", - деп атап өтті Темір Спатаев.
Жарыс нәтижесі бойынша үздік өнер көрсетіп, алып күш пен ептілігін дәлелдей алған нар жігіттер Маутан Жаннұр Мархабатұлы 1-орынды, Тоққұлов Қанат Нұрланұлы 2-орынды, Шаймерден Біржан Ыдырысұлы 3-орынды жеңіп алды.
Айта кетейік, жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгені құрайтын турнир Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елорда төрінде екінші мәрте өтіп отыр.