Биыл алғаш рет Disney мен Pixar студиялары бірнеше анимациялық фильмдерін өз қаражатына қазақ тіліне аударды - министр

Фото интернеттен

Жаңалықтар
357
Disney мен Pixar студиялары шығарған «Ойжұмбақ 2» фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Мәдениет порталы. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің facebook-парақшасында жазды. 
Министрдің жазуынша, қазақстандық көрермен Disney премьераларын үнемі ерекше ықыласпен күтеді.

"Бұл дәстүр биыл да жалғасын тапты. Бұған дейін қазақ тілінде көрсетілген «Моана», «Коконың құпиясы», «Арыстан патша» (2019) фильмдерінің қатары жаңа туындылармен толықты. Биыл алғаш рет Disney мен Pixar студиялары «Ойжұмбақ 2», Disney студиясы «Моана 2», «Муфаса: Арыстан патша» деп аталатын анимациялық фильмдерін өз қаражатына қазақ тіліне аударды.
Фильмдерді түрлі елдер мәдениеті мен таным-түсінігіне бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясында бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Компания жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 30-ға жуық нұсқасын ұсынады. Қазақ тілінің осындай ірі тілдер қатарына қосылуы – біз үшін маңызды оқиға, жақсы жаңалық. Бұл қазақ тілінде еркін сөйлейтін ортаға да, тілді үйренушілерге де пайдалы, әрі қуанышты жағдай, - деді А. Балаева.

Оның мәліметінше, қазақша дубляж саласы соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілді. Мәселен, «Ойжұмбақ 2» фильмінің дубляжында да жаңалық көп, қазақ тілінің қолданыс аясын, әсіресе балалар арасында сирек қолданылатын төл лексиканы орнықтыруға жол ашатын мысалдар көп.

"Ана тіліміздің қолданыс аясын баланың сүйікті кейіпкерлері арқылы кеңейту – өте ұтымды тәсіл. Фильмнен шыққан әр бүлдіршін жаңа сөз үйреніп, оны қолдана алса, жақсы емес пе?! - деп жазды министр. 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Disney студиясының бұл бастамасына қолдау білдіреді және оны өзге де контент жасаушыларға үлгі болатын өте жақсы бастама деп таниды. Мұндай бастаманы қолдап, өзгелерге мысал ретінде таратуымыз керек.
Осы жобаға мұрындық болып, оны жан-жақты қолдаған «Қазақ тілі» қоғамына алғыс білдіремін, деп түйіндеді Аида Балаева.
Айта кетейік, «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмі 14 маусымнан бастап кинотеатрларда көрсетіледі.

Жаңалықтар

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы Мамыраев ауылына қарасты Сартау қыстағында бірден 14 бұзау қы...

Жаңалықтар

Астана әкімдігі Қазақстандағы негізгі футбол стадионы "Астана Аренада" жөндеу жұмыстары қашан аяқтал...