Еуропа елдерінде ҚҚС 25-27 % көлемінде есептеледі — сарапшы

Фото: ашық дереккөзден

Ашық әңгіме
534

Елімізде қосымша құн салығы 12 пайызды құрайды. Жақында Үкімет салық реформасы аясында оның мөлшерлемесін 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Осыдан кейін қоғамда қосымша құн салығын арттыру тақырыбы қызу талқыланып жатыр. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің ұсынған мөлшерлемесі тым жоғары екенін айтып, әлі де саралау қажеттігін атап өтті. Осы ретті madeniportal.kz тілшісі экономика ғылымдарының кандидаты, сарапшы Сапарбай Жобаевтың пікірін біліп көрді. 

Сапарбай Досжанұлы, құн салығын көтеруге не нәрсе түрткі болып отыр? 

Оның басты себебі — бюджетке түсетін түсімнің азаюы.  Әдетте әлем елдерінде бюджетке түскен салық мөлшері көлемінде ғана шығын жасалады. Сәйкесінше жалпы ішкі өнімнің 2-3 % тапшылығы ғана байқалатын. Ал бізде бұл тапшылық 8-10 % ұлғайып кетті. Сондықтан оны жабу үшін Ұлттық қорға қол салып отырмыз. Билік қанша тиіспейміз дегенмен биыл да 5 трлн қаржыны осы мақсатта қолдануға ниет танытып отыр. Осы мәселе төңірегінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылы алғаш сайланған кезінде бюджет тапшылығын азайтып, ұлттық қордың табысын арттыру үшін бай-бағландарға прогрессивті салық салу туралы ұсыныс жасаған еді. Бірақ бұған атқарушы билік аса бір құлшыныс білдіре қойған жоқ. Кейін бай компаниялар, квазимемлекеттік кәсіпорындар, банктер және өте үлкен көлемде табыс тауып отырған компаниялардың корпаративті табыс салығын 20-дан 25 %-ға дейін көтеріңдер деп еді. Ол да созылып кетті. Яғни, олигархтарымыз өз мүддесін мемлекет пен халық мүддесінен жоғары қойып отыр. Сондықтан мемлекетіміз қосымша құн салығын арттырмақ. Осылайша, жұмысшы халықтың қолына қарап қалғанын аңғартып қойды. Бай бағландарға тісі батпаған билік бүтін халыққа қатысты өзгеріс жасағысы келеді. Бір жағынан бұл да дұрыс шешім болуы мүмкін. Мұнда да негізгі төлемшілер бай компаниялар, квазимемлекеттік кәсіпорындар мен үлкен кәсіпорындар болады. Сондықтан болар отандық бизнес өкілдері 7 ақпандағы Мемлекет басшысымен кездесуінде мұның да өздеріне әсері тиетінін айтып, қашқақтауға тырысты. Тіпті кіші кәсіпорындарға қосымша құн салығының кесірі тиеді деген де уәж айтты. Негізінде олай емес. Өйткені бүгінде 78 млн теңгеге дейін айналымы барлар қосымша құн салығын төлеу бойынша тіркеуге де тұрмаған. Мәселен, көшеге шығып дүкендер мен кіші кәсіпорындарға барып «ҚҚС  төлейсіңдер ме?» деп сұрап көріңіз. Олар бұл жайында білмейді. Себебі олар осы күнге дейін төлеп көрмеген. Қазіргі өзгеріс жағдайында да олар мұны төлемейді. Қазақстанда ауылшаруашылық және тамақ өнеркәсіптерінде қосымша құн салығы жоқ. Алайда кейбір қымбат заттардың бағасы қымбаттауы мүмкін. Оның өзі инфлияция деңгейімен алып қарағанда 3-4 % болады. Мұның бәрі экономикамыздың дамуына, яғни, ең бірінші әлеуметтік қамсыздандыруға, осал, мұқтаж жандарға жәрдем беруге бюджеттің мүмкіндігін арттыруға, инфрақұрылымдық өзгерістерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 

ҚҚС құнының артуы кәсіпкерлерге қалай әсер етеді? 

Кәсіпкерлерге аса қатты әсер етпейді. Өйткені олар бүгін 150 мыңнан сатып жүрген тауарларын ертең 155-160 мың теңгеге сатады да тұтынушыдан алған ақшасын Үкіметке төлеп отыра береді. Ешқандай өзгеріс болмайды. 

ҚҚС құнын көбейту ұзақ мерзімді тиімділік пе, әлде қаржы тапшылығын уақытша ғана шеше ме? 

Біздің бюджет нашар жағдайда. Ал біз талқылап отырған мәселе бюджет табысын көбейтеді. Мысалы, былтыр 21 трлн теңге шығын шықты. Соның 12 трлн-ға жуығы ғана салықтан түсті.  Қалған бөлігін жартылай Ұлттық қордан алып, жартылай облигация шығарып, қарызға баттық. Менің ойымша, келешекте олигархтар өз табыстарына ҚҚС төлеуден қашып, қосымша құн салығын 20 % емес, 16 % көлемінде қалдырады. Сондықтан бұл бюджет табысын арттырып, әлеуметтік осал топтарға Ұлттық қордан қаржы алмай-ақ қолғабыс етуге септігін тигізеді. Бірақ Ұлттық қорға жалтақтамаймыз деуге кепілдік бермейді. 

Әлемдік тәжірибеде ҚҚС көбейтудің оң немесе теріс мысалдары бар ма? 

Еуропа елдерінің барлығында ҚҚС 25-27 % көлемінде есептеледі. Өйткені корпаративті табыс салығы, қосымша құн салығы және жеке табыс салығы бюджеттің 90 %-ға жуық табысын толықтырады. Бізде мұның мүмкін болмай отырған бір себебі ҚҚС ауыртпалық түсіретін олигархтардың көп бөлігі билікте отыр. Олар өздеріне мұндай ауырпашылық түскенін, әлбетте, қаламайды. Бізге жақын көршілес Ресейде де ҚҚС көлемі 20 %-ды құрайды. Мен осы мөлшерлемен қолдаймын.

 

Әңгімелескен Жанболат Кенжеғұл 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Жаңа адамдар жолаушы қыздарға тиіскен — Желіні шулатқан таксистің кім екенін тапты, деп хабарл...

Өнер

Жеңістің 80 жылдығына арналған республикалық жазба ақындар мүшәйрасында жүлде 3 миллион теңге, деп х...