Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген америкалық "The World's Best" шоу байқауынан кетуд...
ҰТҚЫРЛЫҚ - ҰТЫМДЫ ІСКЕ ЖЕТЕЛЕР
Жекешелендіру кезінде ауыл жұрты бір жетісіп қалғаны бар-тын. Бір-бір папкі қолтықтап, ауданға жиналысқа аттанып бара жатқан клең «президенттердің» тобын көргенде, айызың әбден қанушы еді. «Мінеки, өркендеудің заманы туды» деп одан да үміт күттік. «Ауыл жылдары» жарияланып, қыруар қаржы бөлінді.
Тәуба, жерге қарап отырған жоқпыз. Осы күнге де жеттік. Дейтұрғанмен заман ағымы, шаруашылық жүргізу талабы өзгеше тынысты қажет ететіні және нарықтық қатынас қағидалары соған итермелеген тұсқа да таядық. Осы орайда «Ауыл шаруашылығы кооперациясы» Заңы мен соны жүзеге асыруға бағытталған «Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы» соның кепілі деп бағалауға болады.
Бұл Бағдарламада кооперация қозғалысының мән-жайы мен бүге-шігесіне дейінгі істелу тетіктері қарастырылыған. Бұндағы басты мақсат: ұсақ және орта шаруашылықтарды ауыл шаруашылығы кооперациясына тарту болып табылады. Сондай-ақ олардың өнім өндіруі мен өткізу кезіндегі шығынын жеңілдетіп, табысты жұмыс жүргізуіне ықпал ететін осы кооперация жүйесі болмақшы.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін бүгінгі таңдағы өзекті қажетттіліктің біразы мынадай: өнімді өндіру, өткізу және қайта өңдеу; материалдық-техникалық жарақтау; сонымен қатар кредиттік, сервистік және ақпараттық-маркетингтік қызметтерді жолға қою.
Сондай-ақ өсімдік шаруашалығын жүргізуде ауыспалы егістік талаптарын сақтап, жерді бірлесе өңдеу; жануарлар өсіру болсын және басқа да өнім түрлерін өндіру барысында прогрессивті технологиялар жетістігін қолданып, ауыл шаруашылығы техникасын бірлесе пайдалану - ұжымдық тәрбиені қалыптастырып, еңбек нәтижесінің артуына ықпал болады.
Жалпы кооперативтің сан салалы түрлері әр қилы қызметпен шұғылданады. Бір кезде кластерді дамытамыз деген ұранның салқыны осы жүйеден де аңғарылады. Бұл - қорыта келгенде ортақ істен нәтиже шығаруға арналған әр қилы амалдардың жиынтығы іспетті. Өнімді өткізу, жинау, сақтау, сұрыптау, кептіру, сату, тасымалдау сияқты әрекеттерді істейтін жеке-жеке кооперативтер құрылады.
Кооператив түрлері бұнымен ғана шектеліп қоймай, жанар-жағар май, тұқым, тыңайтқыштар, улы химикаттар, азық, қосалқы бөлшектер, құрылыс матриалдары және тағы басқа да керек дүниелермен қамтамасыз етіп отырады.
Кредиттік кооперативтер тек өз мүшелеріне ғана емес, бизнестің ауыл шаруашылығына қатысы жоқ түрлері мен тұтынушылық мақсатқа да кредит берумен шұғылданатын болады.
Сервистік кооперативтер: агрохимиялық, ветеринариялық, техникалық қызмет көрсету, сумен қамтамасыз ету, электрмен жабдықтау, техниканы жөндеу және оған қызмет көрсету, телефондандыру, асыл тұқымдық және селекциялық қызмет, мал шаруашылығында және өсімдік шаруашылығында зерттеулер жүргізу және басқадай қызмет түрлерін ұсынатын болады.
Ал ақпараттық-маркетингтік кооперативтердің міндеті: жаңа технологиялар, сорттар, тұқымдар, нарықтағы ахуал туралы ақпаратпен өз мүшелерін қамтамасыз ету болып табылады.
Қорыта келгендегі тоқ етері: ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігудің ең ұтымды жағы шаруаның жұмысына делдал, әкімдік үстемдік сияқты сырт әсерлердің болмауы. Әрине, ақша жүрген жерде, әсіресе қазына қаржысы – не бір «жаңашылдықтар» туындап, квазимемлекеттік құрылымдар секілді «қыздарын шұбыртып» кетпесе игі дегің келеді.
З. Самалбекұлы