Эдогава Рампо (21 қазан 1894 — 28 шілде 1965) Шын есімі Таро Хирай. Жапон әдебиеті детектив жа...
Алпамыс Файзолла. Менің аудармаларым (эссе)
7-9 сыныптарда Оралдағы қазақ-түрік лицейінде (қазіргі «Білім-инновация» лицейі) оқып, ағылшын тілін әжептәуір үйрендім. Алайда 10-11 сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын басқа мектепте білім алдым. Мектепті бітірген соң, Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім. 3-ші курсқа дейін, яғни 10 сыныптан бастап 4 жыл бойы ағылшын тілін қайталаған, жетілдірген жоқпын. 3-ші курсқа келгенде, әлемдік тіл алдағы уақытта керек болатынына мән беріп, ағылшыншамды дамытуға кірістім. Сол себепті, Алматыдағы Inter Press баспасынан Upper Intermediate және Advanced деңгейлеріндегі ондаған әдеби кітап сатып алып, оқи бастадым. Бұлай істеген себебім – бір оқпен екі қоян атқым келді. Әдеби шығармашылығым бар болғандықтан (өлең және әдеби-талдау мақалалар жазамын), ағылшынша кітап оқу – мен үшін әрі әдеби ізденіс, әрі ағылшыншамды жетілдіру ретінде пайдасын тигізер еді. 4-ші курс студенті кезімде ағылшын, америкалық және канадалық жазушылардың әңгімелер жинағын оқып, ішіндегі Оскар Уайльдтың «The Model Millionaire» деген туындысын қатты ұнаттым. Өйткені, жақсылық жасауға үндейтін, гуманистік идеяны насихаттайтын шығарма. Сол себепті, қазақшаға «Миллионер «қайыршы» деген атаумен тәржімалап, «Әдебиет» порталы, «Алматы ақшамы» газеті секілді республикаға тарайтын БАҚ-тарда жарияладым. Алғашқы аудармамды оқыған аға буын мен замандастарым жақсы пікір айтып жатты. Бұдан қанаттанып, 2016-2018 жылдарда ағылшын тілінен жалпы 11 әңгіме аудардым (төмендегі тізімде):
- Oliver Henry “Hearts and hands”
- Oliver Henry “The cactus”
- Oliver Henry “Springtime on the menu”
- Oliver Henry “The Skylight Room”
- Oscar Wilde “The Model Millionaire”
- Charles Dickens “The Child's Story”
- Edgar Allan Poe “William Wilson”
- Edgar Allan Poe “The whirlpool” (“A Descent into the Maelström”)
- Edgar Allan Poe “The stolen letter” (“The Purloined Letter”)
- Stephen Leacock “My bank acount”
- Jack London “The Leopard Man's Story”
Осы авторларды неге тәржімалағанымды түсіндіріп, әрқайсысына жеке-жеке қысқаша тоқталайын. Америкалық қаламгер Оливер Генридің тілі көркем, әдемі теңеулер мен образдар көп. Жас ақын ретінде одан біраз нәрсе үйрендім. Сондай-ақ, Генридің шығармалары күтпеген, тосын шешіммен аяқталатыны ұнады. Оскар Уайльдты жоғарыда айттық. Чарльз Диккенстің “The Child's Story” деген әңгімесін «Таңғажайып саяхат» деген атаумен тәржімаладым. Мұнда автор адамның туғаннан бастап, өлгенге дейін бүкіл ғұмырын сапар түрінде қызықты етіп суреттеп, философиялық баян жасайды. Ал Эдгар Аллан Поның “William Wilson” деген әңгімесін «Менің аттасым» деген атаумен аудардым. Бұл туындада автор ар-ұятын өлтірген кісінің өзі де тірі өлікке айналатынын меңзейді. Эдгар Аллан Поның «The whirlpool» («Иірім») әңгімесі норвегиялық балықшының бастан өткерген сұрапыл, қорқынышты әрі қызықты табиғи апаты жөнінде болса, ал «The stolen letter» («Ұрланған хат») – оқырманның ой-өрісін дамытатын детектив шығарма. Стивен Ликоктың “My bank acount”-ы («Менің есепшотым») бір әпенді кісі жайлы хикая. Журналистік жұмысымда жолымда бір қожанасырлау адамды жолықтырғаннан кейін, канадалық қаламгер С. Ликоктың осы әңгімесін аударуға бел байлаған болатынмын. Джек Лондон «The Leopard Man's Story» («Арыстан адамның хикаясы») деген шығармасы мен үшін өте қызықты болды. Себебі аң патшасын қолға үйретіп, циркте түрлі өнер көрсететін майталмандарды шынайы өмірде, теледидарда, ғаламторда талай көргенімізбен, басын арыстанның апандай ашылған аранына салатын адамды бұрын-соңды көрген де, естіген де емеспін. Аталған әңгімедегі бас кейіпкерді кәрі арыстанның өлтіретін пиғылы болмағаны, оның шашына дұшпаны түшкіртетін ұнтақ сеуіп қойып, жыртқыш түшкіргенде, пышақтай тістері иесінің мойнын үзіп жібергені – тосын түйін болды. Оливер Генри секілді, Джек Лондонның да туындылары қалай бітер екен деп елеңдеп отырасың. Өйткені, шығармада мүлде ойламаған шешім жасалады. Сондай-ақ, Джек Лондонның да тілі көркем, жүрекке бірден жететін әсем теңеулер баршылық.
Тәржімаларым «Қазақ әдебиеті», «Алматы ақшамы», «Орал өңірі», «Ұлан», «Үркер», «Ақ желкен», «Тұмар» сияқты газет-журналдарда «Әдебиет» порталы, «Абай.кз», «Қамшы.кз» т.б. көптеген сайтта жарияланды.
Аударма жасай жүріп, әлбетте, өлең жазуды, ұдайы ізденіп, әдеби деңгейімді жетілдіруді де үзген жоқпын (мен алдымен ақын, содан кейін аудармашымын). Тәржімаларымды оқығандардың біразы «жазушылық қабілетің бар, тілің жақсы және бізде көбіне орысшадан аударылады, ал ағылшынша түпнұсқадан тікелей аударатындар некен-саяқ» деген бағыттағы пікірлер айтты.
Ағылшынша кітап оқу – мен үшін ізденіс. Яғни, ағылшын, америка әдебиетерін «сіміру». Шетел әдебиетін оқыған сайын өлең жазу шеберлігімнің, әдеби білімімнің, таным көкжиегімнің өсе түскенін байқаймын.
Осы орайда, ағылшын әдебиеті мен қазақ әдебиетінің ұқсастықтары мен айырмашылықтары жөнінде айта кеткен жөн секілді. Ағылшын, америка жазушыларының шығармалары көбіне қысқа көлемді болып келіп, оқиғаны баяндауға құрылады және тосыннан аяқталады. Бірақ сонысымен-ақ қызықтырып, «одан әрі не болар екен деп» адамды елітіп әкетеді. Бәлкім, өзге халықтардың тыныс-тіршілігі қандай екенін білгіміз келгендіктен, қызыға оқитын шығармыз. Неге? Өйткені осыған дейінгі бізге аударылған дүниелер кеңестік дүниетаныммен аударылған, ондағы ақпарат бұрмаланғандай. Сонымен қатар олардың көлемі сондай көп емес. Әрі барлық авторлар аударыла бермеген. Сондықтан, «Олар қалай өмір сүреді? Олар үшін құндылық не? Олардың елінде қандай ерекше жәйттар бар? Олардың әдебиетінің шынайы, нақты бейнесі қандай? Біз білмейтін қырлары қандай?» т.б. сұрақтар мені оқырман ретінді қатты қызықтырады. Екіншіден, қазақтың мәдениетін барынша бағамдай алу үшін, бәлкім, бізге әлем елдерінің әдебиеті тәжірибесіне көз салып, зерттеу керек шығар. Сонымен қатар, олардағы жақсы дамыған элементтерді үйреніп, біздегі бай мазмұнмен ұштастырып, ешкімге еліктемей, елдегі жағдайды, тарихымызды, өмір салтымызды төл дәстүрімізбен сабақтастырып, суреттеу керек болар. Өйткені, меніңше, біз енді-енді кеңестік қатып қалған санадан арылып, жаңа жолға аяқ басып келе жатқандаймыз. Біздегі кеңестік дәстүр мен әдеби құралдар ескірген сынды маған. Мұндай кезеңде өзге әдебиеттерге қарау, үйрену қалыпты жағдай деп ойлаймын. Мысалы, Джек Лондонның қазақ тіліне әңгімелері көп аударылған. Алайда, Джек Лондонның біз білмейтін қырлары бар сынды. Ол тек социализм туралы жазған жазушы дегенге мен өз басым сенбеймін. Сондықтан, оның шығармашылығын ағылшын тілінде, яғни түпнұсқасында қарап, оқу маған қызық болды. Содан ұнаған бір әңгімесін аудардым. Арыстан адам әңгімесінің сюжеті маған өмірден алынған оқиға сияқты көрінді. Психологиялық бақылауға құрылғандай болды.
Сонымен бірге айтқым келетін нәрсе, бізде аударма мәселесі көңіл көншітпейді. Қазіргі қазақ қаламгерлерінің туындылары шет тілдеріне сапалы тәржімалануы үшін әдебиетке келіп жатқан тіл білетін жастарға материалдық және моральдық тұрғыда қолдау білдіріп, жағдай жасау қажет. Ал поэтика, көркемдік мәселесіне келсек, қазақ тілі өте бай, шұрайлы. Сол себепті, әлем әдебиетінен ойып орын алатын жөні бар. Өкінішке қарай, жоғарыда жазғанымдай, аударма саласына жеткілікті көңіл бөлінбейді.
Тағы бір қынжылтатын мәселе – біз көп бағытта дүниеге орыстың терезесінен қараймыз. Әдебиетте де солай. Ағылшын, француз, неміс, жапон, парсы, қытай, араб т.б. тілдердегі шығармаларды орыс тілінен аударғаннан гөрі, әлбетте, түпнұсқасдан тәржімалаған жөн. Себебі орыс аудармашылары аударғанда, орыс халқының таным-түсінігіне, менталитетіне сай, орыс тілінің заңдылықтарына сәйкес бейімдеп тәржімалайтыны анық. Яғни, түпнұсқадан аударғандай болмайды.
Ағылшын, америка немесе т.б. халықтардың әдебиетін оқығанда, авторлардың өмірбаяны жөнінде де ізденемін. Мысалы, Чарльз Диккенс Америкаға барған сапарында құлиеленушілікке қарсы пікір білдіріп, көптеген баспасөздің аяусыз сынына ұшырады. Француз қаламгері Виктор Гюго ІІІ Напалеонның диктаторлығына, конституцияға қайта-қайта өзгеріс енгізе беруге, өлім жазасына, әділетсіз сайлауға, жалпы, әділетсіз жүйеге қарсы күрескені үшін қудаланып, ондаған жыл шетелдерде жүруге мәжбүр болды. Біздің тарихымызда да мұндай тұлғалар болды. Мәселен, азаттық үшін зұлымдыққа қарсы өмір бойы күресіп өткен Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы т.б. көптеген алашордашы ақын-жазушыларды, ондай кейінгі буыннан шыққан талай қаламгерді атауға болады. Бірақ қазір биліктен марапат алған немесе сыйлық дәметкен кей қаламгерлер әдебиетте шындықты, елдің мүддесін жазуды емес, жеке басының атағын, қамын көбірек ойлайтындай көрінеді. Мұндай бақай есеппен өмір сүретін кісілер бізде ғана емес, барлық қоғамда бар екені шүбәсіз. Дегенемен, «Жақсыдан үйрен, Жаманнан жирен» деген. Бізге кешегі алашордашылардікіндей және әлем тарихындағы күрескер ақын-жазушылардікі тәрізді қайраткерлік жетіспей жатқандай көрінеді. Қаламгер сөзімен де, ісімен де, шығармашылығымен де ізгілік, әділдік, жақсылық үшін күрессе, қандай жақсы.
Оқыған шығармаларымның ішінде оқырманға ой салатын, жақсылыққа шақыратын туындыларды тәржімалап, екі халықтың арасында көпір болуға тырысамын. Дегенмен, екі ұлттың сөз саптауы, салт-санасы, әдет-ғұрпы, менталитеті сай келе бермейтіні түсінікті. Сол себепті, аудармашы шетелдік қаламгердің әңгімесін мағынадан, түпнұсқадан ауытқымай, өз халқының таным-түсінігіне бейімдеп жеткізуі керек. Өйткені, сол қалпында тікелей тәржімаласаң, шығарманың құнарын, әсерін жоғалтып алуың мүмкін. Бір ғана мысал. Мәселен, Оскар Уайльдтың «The Model Millionaire» әңгімесін қазақша «Миллионер-модель» емес, «Миллионер «қайыршы» деп атау ұтымды болады деп шештім. Бірақ, әрине, түпнұсқадағы атауын ескерту ретінде әрдайым көрсетіп жүреміз. Жоғарыда орыс тілінен емес, түпнұсқадан тәржімалаған жөн деген ойымды осы пікірім қуаттай түседі деп ойлаймын.
Бұдан бөлек, 2018, 2019 жылдары Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтанда 5-6 халықаралық әдеби форум өткенін айта кетейін. Аталған шараларға әлемнің түкпір-түкпірінен ақын-жазушылар келіп, олармен танысып, сұхбаттасқан едім. Аустралия, Франция, Венгрия, Мысыр, БАӘ, Израиль, Жапония, Үндістан, Иран, Шри-Ланка, Непал қаламгерлерінен алған сұхбаттарым республикалық БАҚ-тарда жарияланып, әдеби орта оң бағасын берді. Сонымен қатар, 2016 және 2018 жылдарда екі рет IELTS сынағын тапсырып, екеуінде де жалпы нәтижем 6,5 болғанын жазғаным артық етпес.