Қанат Нұртазиннің ерекше өнері

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ
3193

Туа біткен талант адамның бойынан бала кезінен көрініс бермеуі мүмкін. Қанат Нұртазин де мектеп оқып жүргенде суретке еш қызықпапты. Оның бала күнгі арманы әскери қызмет болған. Еліміз тәуелсіздік алған жылы Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Степняк ауылында туған дарын иесі бүгінде ерекше өнері арқылы көпшілікті таң қалдырып жүр.

Қанат Малайзиядағы Азия-Тынық мұхиты университетінде халықаралық бизнес менеджменті бағдарламасы бойынша ІТ мамандығын меңгеріп келеді. Білімді, бірақ тәжірибесіз жас маман бірден өзіне қажетті жұмыс тауып кете алмай бірер ай үйде отырып қалған. Осы кезде уақытты босқа өлтірмеудің амалы Қанатты жаңа әлемге жетелеп әкелгендей.

– Ол 2013 жыл болатын. Бұл салада менің ешқандай білімім жоқ. Жаңа бір іспен шұғылдану маған соншалықты қызық боп көрінгені рас. Алғашында картоннан қиып, шай жапырақтарын пайдаланып суреттер сала бастадым. Одан кейін барып, ағаш жапырақтарына өттім. Нәтижесі көңілімнен шықты. Осыдан кейін сурет салудың түрлі-түрлі тәсілдеріне көшіп, ойыма келген нәрселерді қолдана бердім. Бастапқыда сурет салудан гөрі, карвингке жақын болғаным рас. Бірінші қолымнан шыққан туындым ағаш жапырағын кесіп әзірлеген еліміздің байрағы болды. Айтып кеткенімдей, бұл салада ешбір ұстазым да, білімім де жоқ. Алайда, ғаламтор арқылы көп нәрсені үйреніп алдым.

Еркін идеяны негіз етіп алған Қанат өз туындыларын әлеуметтік желіге жүктей береді. Оның бұл өнеріне қызыққан кейбір жандар тапсырыс та берген екен. Бірақ, ол уақыттың тығыздығынан сырттан келген жұмыстарды көп ала алмаған.

– Портреттер жасаған кезім болды. Уақыт өте келе, бұл менің кәсібім емес екенін түсіндім. Себебі, ол жұмыстарды шын қалаумен, жүрекпен беріліп отырып жасай алмайсың. Рухани ләззат деген былай қалады. Оның үстіне, тапсырыс беруші де жұмысыңа қатты кірігіп, берекеңді алады. Хоббиімді бизнеске айналдыруды ойламағам. Болашақта креативті шығармашылықпен айналысуды ғана көздеймін.


Осы өнердің қыр-сырын меңгеру үшін Қанат бір сәтте тоқтап қалған емес. Ол екі жыл бұрын «Сурет салудың 100 тәсілі» атты көрмесін де ұйымдастырып, өнерсүйер қауымға ерекше сый жасаған еді. Жобаның аты айтып тұрғандай талантты жігіт «суретті тек қағазға түсіруге болады» деген көпшілікке таныс қағидаға өзгерту енгізгісі келген.

– Жалпы, менің жұмысым өзін-өзі үйрете алатын қасиетке ие. Осы күнге дейін суретті жапырақтарға, картонға, алмаға ойып түсірдім, онымен қоса тамақ өнері, пантиллеризм, кофемен, жіппен, тырнақпен жұмыс жасадым. Кесте, WРАР өнері, графика, стопмус, қондырғылар, эксиздер, фалтондарда да өз бағымды сынап көрдім. Айта берсем, кете береді. Расында да, адамдар сурет десе, парақтың, қағаздың бетіне түскен түрлі бейнелерді елестетеді. Менің мақсатым – сурет салудың соншама тәсілі барын көрсету болды.

Көрмеге келушілер тамашалай алу үшін Қанат ұзақ сақталатын туындылар жасауға көшеді. Жапырақ, гүл күлтелеріне салынған суреттердің ғұмыры ұзақ болмайтыны белгілі. Бірақ, Қанат ондай туындыларды жасап бола сала, фотоға тартып, ғаламторға жүктей салады. Олардың негізгі орны – интернет. Онда өлмейді де, солмайды да. Сол сияқты алма бетіне ойып сурет салу да жылдамдықты талап етеді емес пе? Әйтпегенде, құрамында темірі бар жеміс бірден қарайып шыға келеді. Мұндай проблемалар Қанатты ешқашан тоқтатқан емес. Керісінше, шабытын шалқытып, жаңа идеяларға жетектеп әкетеді. «Қолыңның ебі болса, кез келген материалға сурет салуға болады», – дейді біздің кейіпкер.

– «Сурет салудың 100 тәсіліндегі» негізгі онын атап өту қиын-ақ. Себебі, онда не түрлі амал-айлалар, бір-біріне ұқсамайтын материалдар пайдаланылды. Десе де, жапырақтарды қиып, бейнелер түсіруді ұнатамын. Шындығында, осы тәсіл маған танымалдылық әкелді. Жалпы, мен барлық нәрседен идея іздеп жүрмін. Фильм қарасам да, ән тыңдасам да, толқып әсерленіп, жүрегіме қабылдаймын. Кейбір жұмыстарым бір-екі сағатта жасалса, кейбіріне алты айға дейін уақыт жұмсауым мүмкін. Жалпы, қолда бар затты кәдеге жаратуға тырысамын. Десе де, қажетті материалды іздеу көп уақытыңды ұрлайтын кездер болғанын жасырмаймын. Әрбір жұмысымды бастамас бұрын, аттар қадамымды, салар суретімді егжей-тегжейлі ойластырып, есептеп аламын. Ойыма келген суретті сала салмай, жүйелі жобалар құрып барып, істеуге тырысамын. Себебі, мен жұмыс жасайтын кейбір материалдар өте нәзік келеді. Бір жерін байқамай бүлдіріп алсаң, бәрі зая кетті деген сөз. Менің жобаларымның мақсаты – барлығын өз қолыммен жасау. Ол үшін бір-екі күн емес, қаншама уақытым жұмсалды. Өздеріңіз көріп отырған туындыларды өмірге әкелу үшін көптеген жұмысым бүлінді.

Өнердегі стилін «микст-медиа» стиліне, яғни аралас техникаға жатқызатын Қанат әрдайым жаңа нәрсені іздеп жүретіндей. Өзінің бір сөзінде «айналадағы заттың бәрі өнер туындысына арналғандай. Ғажайыпқа толы қоршаған ортаға, табиғатқа қарап отырудың өзі шабыт береді» деп қалды ол.

– Қазірде екі-үш жаңа тәсілдермен жұмыс жасап жатырмын. Айта кету керек, шығармашылықпен тек бос уақытымда айналысамын. Сол сияқты кейбір материалдың елімізде болмауы алдыңды бөгейді. Тапсырыс беріп, қолыңа тигенше де айтарлықтай уақыт кетеді. Ол себептер материалмен жақын танысып, тезірек үйренуге кедергі. Соңғы жұмыстарыма люминесцентті жабысқақ лентаны пайдаланып көрдім. Ол қараңғыда жанады. Жалпы, жаңа материалдармен жұмыс істеуге құлшынысым зор. Шығармашылық –талпыныстан, ізденістен, дамудан тұрады емес пе?! Қолда бар нәрселермен жұмыс жасай бермей, әрдайым түрлі техникаларды іске асырып көруге тырысамын. Айтпақшы, екінші жеке көрмемді өткізу үшін қызу дайындық жүргізіп жатырмын. Идеяларымды пісіріп, қандай суреттер қоюға болатынын қарастырып, тынбай еңбектеніп келем... Сондай-ақ өткізетін орын да белгілеуім керек. Бұйырса, әлемді уысында ұстап отырған мынау вирус басылып, төтенше жағдай алынса, күзге қарай өткізуді жоспарлап жүрмін. Бір өкініштісі бұған дейін менің туындыларымды ұрлап, өз қажеттілігіне пайдалынып кеткен оқиғалар кездесті. Ендігі, тек өзімнің жұмыстарыма тән белгі ойлап табуым керек болып тұр.

Қанат Қазақстаннан өзінен басқа карвингпен айналысып жүрген жан кездестірмегенін айтады. Ол өзінің ерекше өнері арқылы Disney, Nickelodeon, Nick Junior, Peppa Pig-пен жұмыс жасап үлгерген. Алғаш жасаған туындыларын Instagram желісіне салып жүрген Қанатқа аз уақыттың ішінде көпшілік ыстық лебізін білдіреді. Одан кейін бұқаралық ақпарат құралдары да назар аударып, жас таланттың ерекше өнері туралы жарыса жаза бастайды. Nickelodeon арнасы күтпеген жерден ресми парақшасынан Қанаттың өнеріне қызығушылығын білдіріп, байланыс нөмерін сұрап хат жолдайды. Алғашында сенбеген суретші не болса да жауап жазайын деп, өз нөмерін қалдырған. Арада отыз күндей уақыт зымырап өте шығады. Хабар жоқ. Алайда, мұхит аржағындағы компания сөзінде тұрып, Қанатқа келісімшарт ұсынған.

– Ол компаниялармен тез тіл табысып кеттім. Менің шығармашылығыма ешқандай шектеу болған жоқ. Тек жалғыз талап – жұмысты уақытында тапсыру болды. Сол сияқты жұмысты олар жария етпегенше, ешкімге тіс жармауың керек. Жалпы, келген тапсырмаларды шын құлшыныспен беріле жасадым. Атап айтар болсам, Nickelodeon-ға жапырақтан танымал кейіпкерлер Арнольд, Спанч Боб, Сквидвард, Чаки және торай Пепуді жасаған едім. Ал Disney-дің «Малефисента» мен «Мұзды өлке 2» мультфильмдеріндегі сюжеттеріне атсалыстым.

Бүгінде жақсы жар, үлгілі отағасы, мейрімді әке болып отырған Қанат шығармашылығына жұбайынан ерекше қолдау табатынын мақтанышпен жеткізді. «Жарым – бірінші сыншым» дейді тағы да. Назарбаев университетінің дайындық мектебінде қызмет ететін Қанатқа жұмыс бабымен шетелге жиі шығуға тура келеді екен.

– Қайда барсам да, еліме қатысты дүние жасағым келіп тұрады. Мәселен, АҚШ астанасында жүріп, алмаға Алтын адамның бейнесін түсірдім, Лондонда да сол жеміске киіз үйді салдым. Туындым дайын болған соң, сол қалалардағы көрікті орынды артқы көрініске пайдаланып, суретке түсіріп, желіге салдым. Шетелдіктер өзіне таныс жердегі бейтаныс элементтерге таңданыстарын білдіріп жатады.

Қанат Нұртазин өткен жылы «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанған еді. Оны жобаға Назарбаев университеті ұсыныпты. «Жобаға қатысуым мен үшін күтпеген жағдай», – дейді ол. Күтпеген жерден қатысып, жеңіске жеткен ол өзіне дауыс берген барлық отандастарына алғысын білдірді.

Біз өз кезегімізде Қанатқа шығармашылық табыстар тілейміз!

(Суреттер Қанат Нұртазиннің жеке мұрағатынан және әлеуметтік парақшасынан алынды)



Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...