Қазақстандық суретшінің туындысы Азиядағы ең ірі өнер көрмесінің финалына өтті

Фото: alinakh.portrait парақшасынан

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ
475

Қазақстандық суретші Art Revolution Taipei 2025 халықаралық көрмесінің финалисі атанды, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ.

Қазақстандық суретші Азиядағы ең ірі өнер жәрмеңкелерінің бірі саналатын Art Revolution Taipei 2025 халықаралық көрмесінің финалистері қатарына енді. Биыл байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 3000-нан астам жұмыс қабылданып, сарапшылар тек 109-ын ғана таңдаған. 69 елдің суретшілері қатысқан шарада Қазақстанды жалғыз финалист ретінде біздің отандасымыз таныстырды. 

Тайбэйде өткен көрмеде ол «Дала қызы» атты туындысын ұсынды. Картинада туған жерінің тарихы, мәдениеті мен символикасы бейнеленген. Полотноның негізінде қазақтың ұлттық кілемі – текемет, ал басты түстер — сары мен көк. Сары түс – күнді, көк түс – аспан мен суды білдіріп, мемлекеттік туымыздың реңін еске салады әрі еркіндік идеясын паш етеді. Суреттегі образ табиғатпен тығыз байланысты: жер — тері реңі мен жасырын минералдарда, су — шаштың бейнесінде, жасыл жайылымдар мен дала — киімде көрініс тапқан. Ерекше назар ұлттық әшекейлерге аударылған, олар дәстүрлі стильде, тұмар мен қазақи ою-өрнектер элементтерімен безендірілген.

«Бұл жұмысым — көшпелі ата-бабаларыма, тарихыма және қазақ жеріне тағзым. Мен бізді — күнді, аспанды, суды және туған жеріміздің байлығын бойына сіңірген дала балалары ретінде көрсеткім келді», — дейді суретші.

Туынды көрермендер мен сыншылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Оны көрменің бас ассамблея төрағасы жоғары бағалап, коллекционерлер мен Тайваньның жетекші БАҚ өкілдері оң пікір білдірді. 

Art Revolution Taipei көрмесі Тайвань астанасының қақ ортасында өтіп, биыл 15-ші рет ұйымдастырылды. Жыл сайын ол мыңдаған көрерменді, галереяларды, арт-дилерлер мен коллекционерлерді жинайды. Бағдарламада экспозициялармен қатар дәрістер, өнер жәрмеңкелері және білім беру шаралары да бар.

Қазақстандық суретшінің мұндай беделді байқау финалына өтуі — жеке шығармашылық табыс қана емес, сонымен бірге Қазақстанның заманауи өнерін халықаралық деңгейде танытудың маңызды қадамы болып отыр. 

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында екінші атом электр станциясының құрылыс ауданын талқылауғ...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанда 21 жасқа дейін несие берілмеуі мүмкін, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.  Парламент...