«Өнертану» кафедрасының профессоры Юсупова Ардақ Кеңесқызының «Калейдоскоп. Қазақс...
Марат Тұрғымбай шығармашылығындағы әйел бейнесі
Суретші М.Тұрғамбайдың айтуы бойынша бейнелеу өнеріне деген ынтасын мектеп қабырғасындағы Жүсіп атты ағайы ашқан. Этюдник, майлы бояуды алғаш көрген боз баланың суретші болуға деген зейіні бірден ашылып, алдына үлкен мақсат қоя бастаған. Сурет салуға деген қызығушылығын, ынтасын көрген ағайы бар құрал-саймандарын сыйға тартқан. Сол сәттен бастап Марат Тұрғымбай Жамбыл облысының тау бөктерінен бастап әсем жерлердің этюдтарын сала бастаған. Міне, осылай суретшінің шығармашылық парақтары майлы бояумен жазылған ерекше көркем картиналарға толықтырыла бастады.
Қылқалам шебері Марат Тұрғымбай сурет салудың қыр-сырын өз тарапынан меңгеруде, көргенін қаз қалпында, сезгенін суретке айналдырды. Ол шығармашылығының дамуында үш мәселені ерекше көздей білді. Біріншіден, бейнелеу өнерін ұлттық дәстүрмен сабақтастыруды, екіншіден, портреттерді сомдауда жігерлі күш жұмсады және оны гиперреализммен байланыстырды, үшіншіден, ұлағатты ұстаз ретінде шәкірт тәрбиелеуде ерекше үлес қосты, тіпті, қазірдің өзінде қосып келеді. Суретші шығармашылығының бастамасында тарихи-тұрмыстық жанрдағы картиналармен таныла бастады. Бүгінде қылқалам шеберінің еңбек жолы портрет жанрындағы туындылармен толысуда. Десе де бір қызығы Марат Тұрғымбай 2020 жылы, яғни қазіргі таңдағы соңғы жұмыстарында бір ғана қыз образын суреттеген. Мәселен, «Бақытты», «Шығыс қызы», «Сағыныш», «Қайғы», «Айгүл» және т.б
Жоғарыда атап өткендей, суретші шығармашылығындағы портреттер әйел образдарына құралған. Тақырыптық композицияның формасы мен көркемдігіне, уақыт пен кеңістікке шынайы мән берген. Шығармашылық портретінде көбіне әйел образдарын кездестіруге болады. Дәл осындай әйел образдарын шығармашылығына арқау еткен қазақ бейнелеу өнері тарихында бірнеше суретшілерді атап өтуге болады. Олар Әбілхан Қастеев, Үкі Әжиев, Әли Жүсіпов, Камиль Муллашев және тағы сол сияқтылар. Әбілхан Қастеев жоғарыда атап өткендей бұрынғы және жаңа өмір портреттер жинағын жазып шықты. Соның ішінде әйел образдарында қарастырып өтті: «Қарындастың портреті», «Ана портреті», «Қазақ қызы» және т.б. Үкі Әжиев «Қазақ мадоннасын» бейнелесе, Камиль Муллашев Батыс Еуропалық үлгіде әйел портреттерін жазып шықты. Осындай үлгіні қазіргі таңда жалғастырып, қолтаңбалық ерекшеліктерін қалдырып, жаңаша стильде жазатын суретшінің бірі де бірегейі Марат Тұрғымбай. Ол әйел образдарын асқан сабырлылықпен көркем орындады. Әрбір портретте белгілі бір ойды, жанарларында үлкен сырды жасыра білді.
Шыны керек суретші тек бір жанрда, тек бір бағытта тоқтап қалған жоқ. Өзіндік стилін, қолтаңбалық ерекшелігін қалыптастыруда ол көптеген тәжірибелерге бел байлады. Оның шығармашылық жолындағы ерекше жұмыстардың бірі міне осы портрет жанрында көрініс тапқаны бәрімізге аян. Портрет жазу барысындағы бояу жағысында ерекше техникаларды пайдаланды. Мәселен, кейбір картиналарында карнация техникасының әсері байқалады. Себебі, портретке қарау барысында шынайылықты көруге болады. Бейне бір фотосурет сынды әсер қалдырады. Толығырақ айтар болсақ, бұл гиперреализмдік бағыттағы картиналар болып табылады.
Міне, осындай ерекше туындыларының бірі «Арман» атты картинасы. Кезекті жұмысында суретші пейзаж бен кейіпкерді өзара байланыстырады. Бұл символизмге жақын картиналардың бірі десек те болады. Себебі, табиғат пен кейіпкер бір-бірімен үйлесімділікке түсіп, тілдесіп тұр. Туындының алдыңғы планында қиялға берілген қыз бейнесі көрініс тапса, артқы планда табиғат аясы бейнеленген. Қыздың дене бітімі көркем орындалған. Жалпы картинаға қарау барысында күнделікті арпалысқан тіршіліктен мезі болып, бір күндік демалысын өзіне арнаған арудың бейнесін көре аламыз. Яғни, тау бөктеріне сейілге шығып, қиялына ерік берген қыз образы суреттелген. Ол сол қолын аспанға созып, самал желдің салқын лебін сезінуде. Сонымен қатар, арманға қарай қол созу үстінде. Құдды бір қиял әлеміне шомып, кенеттен өмірінде бір өзгерістің болуын күтуде.
Суретшімен сұхбаттасу барысында ол тек бір ғана қыз образына жазылған жұмыстар екені мақұлданды. Оның айтуы бойынша негізгі кейіпкер шынайы өмірден алынған, күрделі әрі қиын тағдырлы қыз. Ол әдемілік пен сұлулықтың иегері, дегенмен сөйлеу және есту қабілетінен айырылған пенденің бірі. Десе де арудың арпалысқан күрделі тағдыры суретшіні бей-жай қалдырмады. Оқиғасы қылқалам иесін елеңдетіп, көркем шығарма жазуға ерекше септігін тигізді. Күрделі тағдырлы арудың сұлулығын көрерменге жеткізу мақсатында, қуаныш күлкісін ұялату үшін картиналар жазғаны аян.
Дәлірек тоқталсақ «Арман» туындысы сол бір ғажайыптың болатын сәтін күту үстінде. Арпалысқан тағдырдың, қозғалыстың бәрі бір сәтте тоқтап, жаңа бір толқыныс, жаңа бір әсер, сезімдердің бастан өтілуіне келетін секілді.
Тура осы кейіпкер бейнеленген тағы бір картинаны назарға алсақ. Шығарма тақырыбы «Кешкілік». Дәл осы кейіпкер, дәл сол күн. Десе де, уақыт екі бөлек бейнеленген. Екі картинадағы ортақ ұқсастық тек қыз бейнесінде ғана емес, сонымен қатар, самал желдің ырғағында. Суретші желдің лебін кейіпкердің қозғалысы арқылы суреттеген. Мәселен, «Арман» картинасында жеңіл ғана өпкен желді жердегі шөптердің, қыздың қолының қозғалысынан сезінсек, «Кешкілік» картинасында кейіпкердің басын тік ұстап көзін жұмуы арқылы көрерменге көрсетілген.
Кейіпкер образына келсек, көрерменге тіке қарап емес жарты қырынан қарап отыр. Үстіне «Арман» атты жұмысындағы секілді ақ түсті водолазка, ақ түсті қызыл дақтармен ұзын белдемше киіп, қоңырқай түсті шәлісін үстіне жамыла суреттелген. Басын тік көтере ұстап өпкен желдің ырғағын сезінуде. Оң қолының ұзын саусақтары нәзік әрі жұмсақ бетіне әлсін-әлсін тигізіле көрініс тапса, сол қолында кітап ұсталынған. Кейіпкердің бет-әлпетінен оның бетіне жағылған бояуларынан заманауи екендігін аңғаруа болады. Жанарындағы қозғалыстан, еріндерінің аздап қана жымиысынан «Эх!» деп бір күрсініп, артынан осы өмірінің өзіне бақытты екенін, енді сәл күтсе қуаныштың, ғажайыптың болатынын сезетінін байқай аламыз. Алдыңғы жұмыста суретші кейіпкер мен табиғатты өзара байланыстырса, «Кешкілік» картинасында тек композицияның негізі болып тұрған кейіпкерге ғана баса назар аудартқан. Ал артқы планында тек түстермен ғана шешім тапқан.
Марат Тұрғымбай қазіргі таңда әлем бойынша талқыға түскен індетті де шығармашылығынан тыс қалдырмады десек те болады. Ол сол індетті дәлме-дәл суреттемесе де портрет жанрында актуалды тақырып ретінде бейнеледі. Яғни, «Айгүл» туындысы қазіргі сәттегі кең етек жайған сюжеттердің бірі. Бұл портретте бетперде таққан қыз көрініс табады. Бетперде сақтық шараларын сақтау барысында қолданылады. Ал суретші кезекті еңбегінде осы мәселені арқау еткен. Бұл шығармада тақырыбымызға байланысты қыз бейнесі көрініс тапқан. Бір қызығы біз оны тек картина ретінде қарастырғанымызбен, оның түкпірінде үлкен ой жатыр. Басты екпін қыздың мөлдіреген көздеріне қойылған. Суретші оның көздерін ашық, ал аузын жабық күйде суреттеген. Бұл оның оқиғасымен де пара-пар келетін сынды. Оның бар сұлулығы тек қана мөлдіреген жанарының астарынан ғана сезіледі.
«Айгул» картинасы постимпрессионистік бағытта жазылған. Туындыдан Ван Гогтық стильдегі элементтерді байқауға болады. Ол бетпердені әсемдеу үшін жұлдыздарды пайдаланған. Яғни, бетпердедегі жұлдыздар мен артқы фондағы толықсыған айды Ван Гогтық бояу стиліндегі сынды сары түстермен жазған.
Негізінен картина алғашында қарындашпен жазылған болатын және суретші тақырыбын бастапқыда «Жұлдызды бетперде» деп атады. Өзгешелік тек екі картинаның тақырыбында ғана емес, сонымен қатар, элементтердің бейнеленуінде. Мысалы алғашқы жұмыста суретші шаштарын ақырын, нәзік қана ұстаған қолды жазса, екіншісінде, яғни соңғы нұсқасында қолдың орнына аспан әлемін – айды суреттеген. Оған өң беріп, ерекшелендіру үшін Ван Гогтық бояу техникасын пайдаланған. Бұдан түйетін ой – суретші тек бір ізділікпен ғана емес, өзін жан-жақты тексеріп, әрқашан ізденіс үстінде жүреді. Дегенмен қылқалам шебері бірдей екі тақырып жазса да, оған бір қарағаннан бір адам екенін аңғару қиын. Сол қыз бейнеленгенімен жоғарыда атап өткендей ерекшеліктер бар. Бірақ бір өзгермеген нәрсе қыздың тұңғиыққа батқан көздерінде. Екі картинада да ол өз ойын сақтады, баз қалпында қала берді. Яғни, бұл кескіндеменің ерекшелігін аңғартады.
Суретшінің асқан батылдық пен сымбаттылыққа толы образдағы портреттік жұмысы – «Шығыс қызы» деп аталады. Кенеп бетіне майлы бояумен жазылған кейіпкер бірігей қыз баласына тән өжеттілікті сипаттай түскендей. Шығыс қызының образы оң жақ қырымен бейнеленуі арқылы көрініс таба түскен. Оның мойнына оранып, басына жамылған шәлісінен, құлағына таққан сырғасынан, бет-әлпетінің пішіні мен пропорциясынан тақырыбында көрсетілгендей шығыс қызы екендігін аңғаруға болады. Күлгін түсті шәлісінің жұмсақ жазылуынан қыз баласының нәзіктігін, адалдығын байқаймыз. Дегенмен, жанарына үңілер болсақ, өжеттілік пен батылдықты аңғаруға болады. Кейіпкердің қиылған қара қастары, қырына қараған көзқарасы бойындағы қатқыл мінезінің сипаттамасы сықылды. Түстердің өзара байланысынан суретші портреттік жұмыстарын тағы бір көркем образбен толықтыра түсті.
Түйіндей келе, суретшінің туындыны жүрекпен жазатынын айта кеткен жөн болар. Суретші қай ғасырда өмір сүрмесін заманына қарай ағымдық жаңашылдыққа әрдайым ұмтылады. Дегенмен заманды өзгертетін адам. Кенеп бетіндегі әрбір сызық заманның толқыны десек, соның жаршысы суретші. Ол – абсалюттік жаңалықты жасаушы десек қателеспес едік. Міне, осы себепті де болар суретші тек бір сарындылықпен жұмыс істемей, шығармашылық портретінде бірнеше жанрларды қатар ұстап, туындылар жазуы. Иә, шығармашылығында түстерді қолдануы мен сурет салу монерасы ұқсас еңбектері көп болғанымен суретші бір бағытта тоқтап қалмаған. Ол жан-жақты дамып, бір жанрда ғана емес бірнеше жанрда еңбектер жазған әрдайым ізденісте жүретін дарынды суретші деп атауға толықтай негіз бар.
Ғалам сырын түсіну үшін шарқ ұрып қиялданбай-ақ, адамзаттың бар болмысын шынайы қабылдап, шын сезіммен ой елгезегінен сүзіп өткізіп бейнелесе, суретшінің қолтаңбасы, жан дүниесінің бір бөлшегі туындысына беріледі. Ол болашақ ұрпаққа қалдыратын ұлы мұрасы. Портреттерінде тек сыртқы келбетін ғана емес, оның ішкі әлемін тербелте бейнеледі. Кейіпкер өміріне тереңінен бойлай түсіп, оның ішкі жан-дүниесін сезініп, тіпті оны көрерменге жеткізе білу суретшінің үлкен жетістіктерінің бірі.
Марат Тұрғымбай 1956 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Жастайынан сурет салуға қызығушылық танытқан. Ол 1979 жылы Н.В.Гоголь атындағы көркем-сурет училищесін бітіріп шықты. Кейіннен Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтына оқуға түсіп, 1985 жылы институтты тәмамдайды. Оқу бітірген жылы, яғни, 1985-1995 жылдар аралығында Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтында 10 жылдан астам ұстаздық қызмет атқарады. Бірнеше көрмелер мен байқауларға қатысады. Атап айтсақ, 1982 жылдан бастап Республикалық, Бүкілодақтық, Халықаралық көрмелерге қатысқан.
2011 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған жеке шығармашылық көрмесі өтті. Көрме Елордамыз Нұр-Сұлтан және оңтүстік астанамыз Алматы қалаларында өткізілді.
Қазіргі таңда 2009 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық қызмет атқарып келеді. Бүгінде қылқалам иесінің шығармашылық жұмыстары Қазақстан Республикасының музейлерінде және Германия, Финляндия, Туркия, Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей, Армения елдерінің жеке коллекцияларында сақталған.
oner.kz