Бүгін Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы...
«Мемлекеттік тіл мәселелері»: Алматыда қазақ тілінің мәртебесін арттыру мәселелері конференцияда қаралды
Madeniet Portaly
Алматыда мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін күшейтуге арналған маңызды жиын өтті. 2025 жылғы 21 қараша күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің акт залында Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл мәселелері» атты конференция өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оның қолдану аясын кеңейту және көптілді қоғамдағы тіл саясатын дамыту бағыттарын талқылау болды. Қатысушылар қазақ тілінің білім беру, мәдениет, ғылым және мемлекеттік басқару салаларындағы рөлін күшейтуге арналған тиімді стратегиялар мен жаңа тәсілдер туралы пікір алмасты.
Конференцияға мемлекеттік органдардың мамандары, жоғары оқу орындарының ғалымдары, тіл жанашырлары, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, зиялы қауым өкілдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиын барысында Алматы қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 23 қарашадағы №4/617 қаулысымен бекітілген «Алматы қаласының Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының» орындалу барысы баяндалды. 2025 жылдың басынан бері жүзеге асырылған жобалар мен іс-шаралардың нәтижелері талданып, қаланың тілдік ахуалын жақсарту бойынша ұсыныстар айтылды.
Сонымен қатар конференцияда «Алматы қаласындағы тілдік ахуал – 2025» атты ғылыми монографияның таныстырылымы өтті. Іс-шара барысында биыл жарияланған «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» және «Сәбилерді сөйлетейік» қалалық байқауларының жеңімпаздары марапатталып, оларға ақшалай сыйлықтар, сондай-ақ қала әкімдігінің дипломдары мен алғыс хаттары табысталды.
Конференция жұмысы бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланатын болады.