"Жалпыға бірдей білім беру" қоры аясында ата-аналардың және заңды өкілдердің есепшоттарына ақша ауда...
РФММ оқушылары екінші тоқсанда қашықтан оқитын болды
Фото: fizmat.kz
Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) әкімшілігі оқушылардың жаппай сырқаттануына қатысты түсініктеме берді. Мектепте санитариялық-профилактикалық және дезинфекциялық шаралар жүргізіліп жатыр. Ал екінші тоқсанда сабақтар уақытша қашықтан оқыту форматында өтеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Мектептің мәліметінше, қазір анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр. Сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық тергеп-тексеру жалғасуда.
«Бұл дерек бойынша санитариялық-эпидемиологиялық тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Оның нәтижелері заңнамада белгіленген мерзімде жарияланады», – делінген РФММ хабарламасында.
Мектеп әкімшілігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта оқушылар күзгі демалыста. Екінші тоқсанда оқу процесі уақытша қашықтан ұйымдастырылады.
Ал дәстүрлі оқу форматына қашан оралатыны әзірге белгісіз. Бұл мәселе барлық қажетті санитариялық-профилактикалық шаралар толық аяқталып, санитариялық талаптардың сақталуы қамтамасыз етілгеннен кейін қарастырылады.
Сондай-ақ мектеп әкімшілігі осы жағдайға қатысты ақпарат алған кезде тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.
Айта кетейік, осыған дейін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сәйкес, зертханалық сараптама кезінде кейбір дайын тағамдардан микробтық ластану белгілері табылғаны белгілі болған еді. Сонымен қатар тағам үлгілері мен ыдыстардан ішек таяқшасы анықталған. Ал асханада қолданылған залалсыздандыру ерітіндісінің құрамы санитариялық талаптарға сай болмаған.