Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтің бапкері Ғалымжан Жылгелдиев шәкіртінің алдағы жоспарла...
«Әскери альянс болмауы керек»: Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының болашағы туралы айтты
Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммитінде ұйымды институционалдық тұрғыдан дамыту мәселесін көтеріп, оның әскери одаққа айналмауы тиіс екенін мәлімдеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдары ұйым қызметінің ауқымы кеңейіп, бүгінде 60 түрлі бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Алайда кейбір бағыттар бірін-бірі қайталайтындықтан, басымдықтарды нақты айқындау қажет.
«Ұйым жанындағы Тұрақты өкілдер кеңесін құру маңызды екенін тағы да айта кеткен жөн. Биыл мамыр айында Түркістанда өткен ең жоғары жиында мен Түркі мемлекеттері ұйымы әскери альянс емес, болашақта да болмауы керек деп айтқан едім. Бұл – Қазақстанның ұстанымы», – деді Президент.
Тоқаев ұйым аясында қабылданған халықаралық келісімдердің талаптарын сақтау және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін атап өтті.
Саммит барысында Қазақстан Президенті Әзербайжанның ұйымға төрағалық еткен кезеңдегі жұмысына жоғары баға беріп, төрағалықты қабылдайтын Түркияға табыс тіледі. Сондай-ақ қызметін аяқтайтын Бас хатшы Кубанычбек Омуралиевке алғыс айтып, жаңа Бас хатшы Мирвохид Азимовке сәттілік тіледі.
Жиында Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Әзербайжан өкілдері де сөз сөйледі.
Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммиті қорытындысы бойынша Анкара декларациясы қабылданды.