Денесінің 70 пайызы күйген: Ақмола облысында вагонға шыққан жасөспірімді ток соқты

ЖИ

ЖАҢАЛЫҚТАР
151

Ақмола облысының Шортанды кентінде 15 жастағы жасөспірім теміржол вагонына шығып, электр тогына түсті. Алдын ала мәлімет бойынша, оның денесінің 70 пайызын күйік шалған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Оқиға Шортанды теміржол станциясында болған. Кейбір мәліметтерге сәйкес, жасөспірім досымен бірге вагонның үстіне шығып, жоғары кернеулі электр сымына абайсызда тиіп кеткен.

Көліктегі полиция департаментінің хабарлауынша, зардап шеккен бала Шортанды аудандық ауруханасына жеткізілген. Ал жанында болған екінші жасөспірім үйіне өздігінен оралған.

«Аталған дерек бойынша Астана-1 станциясындағы көлік полициясы қылмыстық іс қозғады. Қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр», – деп хабарлады полиция.

Құқық қорғау органдары пойыз қозғалыссыз тұрған күннің өзінде вагондардың үстіне шығуға және астынан өтуге қатаң тыйым салынатынын ескертті. Сондай-ақ ата-аналарды балалардың теміржол маңындағы қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырды.