Пьеса Қазақстан Республикасы Авторлар қоғамының қорғауындаPraeambulusЕкеуі қырымен отыр. Б. Тын...
Маржан Ершу. Балалар әдебиеті: Шам мен жыр туралы ертегі (пьеса)
Фотосурет автордан
Шығарманың қысқаша сипаттамасы: Пьесаның негізгі тақырыбы: Шам мен Жырдың адам өміріндегі маңызы. Балаларды кітапсүйгіштікке баулу, ойлау қабілетін, фантазиясын дамыту, тарих туралы ұғымын жетілдіру, шешендік сөйлеуге үндеу.
Қатысушылар:
Ақ киімді әже
Соқырлар
Саңыраулар
Табиғат күші
Ақ сақалды ата
Айдарлы бала
Кекілді бала
Сахна ашылғанда, музыка үні естіледі. Сәлден соң ақ киімді әже шығады.
Ақ киімді әже: Ерте, ерте, ертеде, беймәлім бір өлкеде адамдар тірлік етіпті. Ол өлке көлемі жағынан шағын екен. Бірақ дүниеқұмарлық пен қызғаншақтық бойларын билеген адамдар ашу-ызаға булығып, көп қырқыса беріпті. Содан екіге жарылып, адамдардың бір тобы сарқырай аққан өзеннің оң жағасына, екінші тобы сол жағасына қоныс аударыпты. Аралары айырылса да, екі ел болып сәл нәрсеге қызуланып, қырқыса беріпті. Олар ашуланғанда жер бетіндегі өсімдік, тал-теректердің тамыр, жапырағын жұлып, өзенге лас-қоқыстарын лақтырып бүлдіре берген екен.
Адамдардың шектен шыққан азғындығына ашуланған Алла Тағала өзеннің оң жағасындағы елді соқыр, ал сол жағасындағы елді саңырау қылыпты. Соқырлар елі мен саңыраулар елі атанғасын да, олар өзара қырқысуларын қоймапты. Айналасын көре алмаған соқырлар ойлана да алмайды екен. Бұл қалай болды деп ойлау ешбірінің қаперіне кірмеген. Есту мүшесінен айырылған саңыраулар еліндегілер ештеңені де сезіне алмапты. Көру, ойлау, есту, сезу түйсіктерінен айырылған олар адамдық қабілет туралы ұмыта бастапты. Күндердің күні Алла Тағаланың құдіретімен гүрілдеген қара бұлттар төрт құбыланы түгелдей түнекке орапты.
Музыка. Сахна суреті. Күн шыр айналып кеткендей. Сұмдық бір жарылыстың дауысы шығады. Сол кезде аспаннан ауамен ұшқан арба жерге қонады. Арбаның ішінде сақалы шұбатылып жерге түскен, басында аспан түстес тымағы, асатаяғы мен дорбасы бар ата отырады. Осы кезде жер бетінде жым-жырт тыныштық орнайды. Есін әрең жиған саңыраулар әлгі арбаның жанына жақындауға қорқып, алыстан бақылап тұрады. Бір ғажабы, барлық саңыраудың құлағы ашылып кетеді. Ақ сақалды ата дорбасынан бір қалың қызыл кітап алып, жыр оқуға кіріседі.
Ақ сақалды ата:
Соноу бастан, о бастан,
Бір-біріне жарасқан.
Жаралғалы Қара Жер,
Жаралғалы Көк аспан.
Жаралғалы Қара Жер,
Жаралғалы Көк аспан.
Адамзаттың бағы асқан.
Соноу бастан, о бастан,
Бір-біріне жарасқан.
Жыр қызықсыз болды ма, әлде саңыраулар жырдың не екенін түсінбеді ме, кім білсін, состиып тұра береді. Жырының ешкімге ұнамағанын сезген ол асатаяғын сілкіп қалады. Сол кезде азан-қазан, у да шу даңғаза бір әуен төңіректі билеп алады. Саңырауларға бұл әуеннің ұнағаны сондай, екі иықтарын жұлып жеп, үстіндегі киімдерін жерге лақтырып, құтырына билей бастағанда, төңіректі тұман басады. Саңыраулардың құлағы бітеліп, әуен де үзіледі. Олар бірін-бірі итеріп, алға ұмтылып, әлгі ақ сақалды шалға жақындайды.
Бірінші cаңырау: Ей, ақсақалды атамыз! Тыңда менің сөзімді. Би билегіміз келеді біздің. Құлағымызды қайтадан аша гөр !
Екінші саңырау: Ха-ха! Біздің бүйтіп асыр салғанымызды соқырлардың көре алмайтыны қандай жақсы ! Ха-ха!
Айдарлы бала : Әлгінде бір ғажайып жыр естідім. Сол жырдың жалғасын естігім келеді менің, тағы да оқышы, ата (деп ботадай боздай жөнеледі).
Музыка. Ақ сақалды ата әлгі баланы арбасына салып алады да, аспанға қайтадан ұшып кетеді. Соқырлар еліне келеді. Аспан сүттей аппақ болып, соқырлардың көзі жарқ етеді. Ақ сақалды ата жанына келген соқырларға дорбасынан алтын, күміс, асыл тастардан жасалған бұйымдарды, зерленген алтын шапандарды үлестіріп береді. Дорбасын ашса, сонша бұйым шыға береді. Бір құдіреттің күшімен көзі ашылған соқырлар сырға мен білезік, сақина, алқа, кесек-кесек асыл тастарды қолына ұстап естері кетеді. Ақ сақалды ата дорбасынан сиқырлы шамын алып, от тұтатқанда айнала бұрынғысынан да жарқырап, жылынып, шуақтанып кетеді. Соқырлардың шамға қарауға құлқы болмайды. Бәрінің де есіл-дерті – асыл бұйымдарда.
Бірінші соқыр: Шіркін-ай, бүкіл асыл тастар менің қолымда болса ғой! Екінші соқыр: Менің мойымдағы гауһар алқаны көрсе, саңыраудың көзі қызғаныштан күйеді ғой, соны көрсем жаным рахаттанар еді! Ха-ха!
Сол кезде бірі екіншісінің, екіншісі үшіншісінің қолындағы асыл тастарға таласып, бірін бірі аяусыз ұрып, қан-жоса болады. Сол кезде қара жаңбыр басталып, аспаннан шелектеп нөсер құяды. Адамдар жан-жаққа қашып жатады. Олар ағаштың басына өрмелеп шығуға тырысты. Бірақ жерге допша домалап түсе береді. Аңғарлар мен үңгірлерге ұмтылған. Бірақ ол да бекер болды. Олардың ауызы демде бітеліп қалады. Бір кезде тыныштық орнайды. Көздері жабылған соқырлар ештеңені де сезгісі келмейді.
Кекілді бала: Ата! Жарығымды өшірмеші. Шамыңды қайта жақшы. Сол шамның сәулесі өне бойымды жылытып барады. Мен дүниені өз көзіммен, көңіліммен көргім келеді.
Ақ сақалды шал балаға қарсы жүрді. Оның жанарын ашты. Қолына шамын берді.
Cоқырлар : Әбден жаурадық қой. Бір жылылықтың табы сезіліп тұр.
Арбадағы айдарлы бала : Менің жыр оқығым келеді. Шамды неге бересіз? Мен қараңғыда қалай кітап оқимын? ( деп шырылдайды)
Ақсақалды ата: Таласпаңдар,балапандарым! Қуаттарым, шырақтарым! Ей, екі аяқты пенделер! Мына екі періште жас балдырғанның пейілімен сендерге Алла Тағаланың мейірімі түсті. Соқырлардың көзі, саңыраулардың құлағы ашты осылай.
Саңыраулар: Аққудың сазын, әуеннің назын, жырдың балын сезіндіргенің үшін , Саған деген алғысымыз шексіз. Мейірімді Алла Тағалам!
Соқырлар: Дүниенің көркемін, өмірімнің ертеңін көрсеткенің үшін мың да бір алғысымызды қабыл ал, Жаратқан Ием !
Бәрі татуласып, ортаға жиналып қалады. Кітаптан жыр оқыған айдарлы баланың жанында шамын ұстап әлгі кішкентай бала да тұрады.
Ақ киімді әже: Е, балапандарым! Шам мен жырдың құдіреті мен қасиетін ұғынған адамдар «Бірінші байлық – денсаулық» деп, «Шын соқырдан көңілі соқыр жаман. Шын саңыраудан көкірегі саңырау жаман» деп ой түйген екен. Содан бастап олар адамша ойлап, адамша өмір сүре бастапты. Арбалы ақсақал да көзден ғайып болған. Қайдан келді? Қайда кетті? Оны әлі күнге шейін ешкім де білмейді екен. Шам мен жыр туралы ертегім осылай аяқталады балалар. Кәне, бәріміз жыр оқиық.
Соноу бастан, о бастан,
Бір-біріне жарасқан.
Жаралғалы Қара Жер,
Жаралғалы Көк аспан.
Жаралғалы Қара Жер,
Жаралғалы Көк аспан.
Адамзаттың бағы асқан.
Соноу бастан, о бастан,
Бір-біріне жарасқан.
Музыка
Шымылдық