Найманхан төре

ЕСТЕЛІКТЕР
13468

Кешегі ел басқарған болыс-сұлтандардың арасында көпшілік сенімінен шығып, жұрттың ықылас-пейіліне бөленгендер аз болмаған. Солардың бірі – ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Найманхан Қамбарұлы. Ол Жалайыр руын басқарған сұлтан. Найманхан ел ішінде әділдігімен, қарапайымдылығымен ерекшеленген.

ХІХ ғасырдың ортасында Жетісу төңірегінде қоқандықтардың бас көтергені белгілі. Соларға қарсы күресте әр түрлі болыстардағы қазақ бөлімшелері де қатысқан еді. Осылардың ішінде Найманхан Қамбарұлы да болды. Бұл жөнінде В.Галиевтің «Тревога 1859 – начала1860 гг. В Верненском укреплении» деген еңбегінде айтылады…

Енді Найманханның ата-бабалары жөнінде бірер сөз. Найманхан атақты Абылай ханның шөбересі. Кешегі Әділ төренің туған немересі. «Жетісу» энциклопедиясында атап көрсетілгеніндей, Абылайдың ұлы Әділ Жетісудағы Ұлы жүз руларының едәуір бөлігіне билік жүргізді. ХVІІІ ғасырдың сексенінші жылдары Әділ егіншілікпен айналысу үшін қарақалпақ отбасыларын қоныстандырумен қатар Әбілмәмбет ханның баласы Болатпен бірге Дулат руының жаныс, сиқым, батпай, шанышқылы тармақтарын биледі.

Әділ ел басқарған алғашқы жылдардан-ақ қарапайым халықтың көңілінен шығады. «Бұл сөзімізге бір дәлел. Шамамен 1770 жылдары Жетісу өңіріндегі жағдай мәз болмайды. Мына жақта Ресей, мына жақта Қытай үшін жер жаннатына айналған өңір олардың көз құртына айналады. Береке-бірліктің кете бастағанынан ішкі жағдай да онша болмайды. Осыны сезген ұлы жүздің белді ақсақалдары Абылайға шығып, үлкен ұлы Әділді өздеріне сұлтандыққа жіберіп, елге иелік жасатуды өтінеді. Бұл тілекке Абылай құлақ асып, ұлын Жетісуға аттандырады. Әділ сұлтан иелік жасаған жер Шу, Қордан бері қарай Аякөзге дейінгі аймақты алып жатқан. Әділ қайтыс болғаннан кейін де оның ұлдары Абылай, Әли, Ералы, Мамырдан, немерелері Тезек төре, Қамбар төре, Әбілез және тағы басқалары осы өңірге басшылық жасайды.

Әділдің таққа отырғаны жөнінде ресми мәліметтер кездеспейді. Алайда ХІХ ғасырдың бас кезіндегі кейбір материалдарда ол өзіне қарайтын руларды «хан» деген атақпен басқарғаны айтылады. Әділдің Нұралы деген баласынан туатын әйгілі Тезек төрені (1821-1879) көпшілік жақсы білуі тиіс.

Ш.Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағының бесінші томында

Мынандай жолдар кездеседі: «У Тезека я пробыл 5 дней. При мне были у него в ауле три байги и один туй.

23 июня в 9 часов выехал от Тезека. Пространство между (речками) Каргалы и Агныкатты называется у киргиз Чубар. Эти речки впадают в Терсаккан множеством протоков. Пространство это усыпано камнями и чрезвычайно неприятно для езды…». Одан әрі былай дейді: «Высхавший из Коксу, ночевал у султана Камбара Аланова. Дорога от Джангизагага на пикет Суховский гориста…». Осындағы Тезегіміз жоғарыда тілге тиек еткен Тезек төре. Қамбар Аланов болса жалайыр руының аға сұлтаны. Ол – Найманханның әкесі. Қамбар Алановтың аты-жөні тарихи жазбаларда жиі кездеседі. Соған қарағанда ол заманында көпшілікке белгілі, беделді адам болған. Бұған бір ғана дәлел. Қазақ КСР Ғылым Академиясы 1964 жылы шығарған «ХVIII-XIX ғасырлардағы (1771-1867 жылдар) қазақ-орыс қарым-қатынастары» деген құжаттар мен материалдар жинағында Ресей қарамағына кіруге байланысты Ұлы жүз сұлтандары мен билерінің, рубасыларының міндеттемесі берілген. Осы құжатқа қол қойғандардың ішінде аға сұлтан Қамбар Алданов та бар.

Қамбардың ендігі бір қасиеті – елге жайлылығы. Ол адамдардың мұң-мұқтажын, талап-тілектерін ескере білген. Адам тіршілігі, қайырымдылығы бір басына жетерлік болған. Сол үшін де оны көпшілік жақсы көрген.

Жетісу өңірінде Есбике сұлу атты көркіне ақылы сай ару қыз өмір сүрген. Ол жұртшылыққа әйгілі, данагөй, ақын-жырау Қабылисаның қызы екен. Күйеуінен жастай айырылған Есбикені 60 жастағы Жарлықамыс дегенге зорлап қосса керек.

Бір күні Қамбар төре осы Жарлықамыстың үйінде қонақта болады. Сонда Есбикеге көңілі кетеді. Негізі осы оқиғаға байланысты ел ішінде айтылатын жыр да бар. Сол жырда Есбике Қамбар төреге былайша мұңын шаққан екен дейді:

Хан болған жалайырға Қамбар төре,

Сен едің Бексұлтанға қарын бөле.

Еңбегің ақ патшаға жаққан соң,

Қоныпты аға сұлтан бері келе.

Басқардың жалайырды жалғыз төре,

Талайдың аяғына салдың өре.

Көңілің түскендерді бақытты еттің,

Мен қалай құр қаламын соны көре.

Дәм айдап келіп қалдың ауылыма,

Шағанның отырғанда баурында.

Сыртыңнан естуші едім үйленді деп,

Ардақты аты шыққан бауырыма.

Сондықтан бір жағынан болдың жезде,

Таппайсың жақсы балдыз менен өзге.

Қор қылмай мына шалдан босат мені,

Құлақ сап балдызыңыз айтқан сөзге.

Ақтекше – күркілдеуік келген жерім,

Бойында Қараталдың туған едім.

Алып кет жәрдемшіге апамызға,

Егерде болса көңілің менде сенің.

Күйеуім 60-тағы Жарлықамыс,

Өзіңмен дәм бұйырып болдым таныс.

Төренің бір кездегі жесірі едім,

Алып кет атағыңа қылсаң намыс.

Осыдан кейін аталған жыр авторы мынаны айтады:

Жүрекке жара салды сұлу сөзі,

Жаудырап жәрдем сұрап тұрған көзі.

Түнімен дөңбекшіді ұйқы көрмей,

Серт беріп, құтқарам деп, өзіне өзі.

Қамбекең келесі күн ерте тұрып,

Кетуге дайындалды жылдам жүріп.

Тұр екен Жарлықамыс дәл жанында,

Былай деп сөз бастады мойнын бұра.

Ақырында Қамбар мен Есбике көңіл қосады. Өмірге Тілеухан атты ұл дүниеге келеді. Мұның алдында Қамбардың Найманхан, Иманқұл, Найманқұл, Сыбанқұл, Жұмахан, Ахмет есімді ұлдары болған. Есбике Тілеуханның кішкентай бала кезінде дүние салады. Осы Тілеуханды Найманхан туған перзентіндей көріп, бауырына басады.

Қамбардың жан-жағына қадірменді, құрметті болғанына мына мысал да нақты айғақ. Ол дүние салғанда атақты адамдар, би-сұлтандар көп келген. Бірнеше киіз үйлер тігілген. Қонақ күтушілер құдайы дәмді атпен жүріп таратқан.

Н.Қамбарұлына қатысты деректер ара-кідік ұшырасып отырады. Жоғарыда аталған энциклопедияда былай делінеді: «1891 жылы Ресей тағына мұрагер ІІ Николай Шығыс елдерін аралау барысында Омбыға аялдағанда қазақ елінің игі жақсыларын жинайды. Солардың арасынан Шыңғыс сұлтан Уәлиханов, Өскемен уезіндегі Сарыжомарт руының басшысы, хорунжий Ісләм Әлихановпен біргеНайманхан төре де патшазаданы пароходтан түсер сәтте қарсы алу құрметіне ие болған. Сол жылы Қамбаров қазақтың игі жақсыларымен бірге суретке түскен».

Осындай суреттің бары рас. Бұл суреттің тарихы жөнінде мұражайтанушы М.Ескендірұлы (Әбдешев) «Қазақ портреттерінің тарихы» деген кітабында былайша баяндапты. Сонымен, сол жылы 15 шілде күні сағат 3-те патша мұрагері нөкерлерін ертіп «Николай» пароходымен Ертісті өрлеп қазақ аулының көрмесіне беттейді. Оны кім және қалай қарсы алғанын дерекке сүйене келтірейік: «К этому времени депутации от киргиз Степного генерал-губернаторства выстроились шпалерами по обе стороны пути следования государя Цесаревича. Около самого схода с мостков на берег находился старейший из депутатов Акмолинский области – полковник султан Чингиз Валиханов (потомок последнего хана средней орды), удостоившийся счастья подносить, вместе с депутатами зауряд – хорунжим Исламом Алихановым (Семипалатинской области) и султаном Найманханом (Семиреченской области) кумыс на серебрянном блюде от киргиз Степного генерал-губернаторства… («Пребывание его императорского высочества государя наследника Цесаревича Николая Александровича в г. Омске», «Акмолинские областные ведомости», 27 августа 1891 г.).

Біз Найманхан деп отырған осы кісіні «Абайдың әкесі Құнанбай» дейтіндер де бар екен. Мұса Шормановқа да ұқсататындар бар көрінеді. Оларға М.Әбдешев былайша уәж айтады: «1804 жылы туып, 1885 жылы 81 жасында қайтыс болған Құнанбай өзі өлгеннен кейін 1891 жылы суретке түсуі мүмкін бе? Ол туралы сөз айту басы артық мәселе. Тіпті, осы суретке анықтап, жіті қарай отырып-ақ, жас шамаларының алшақтығына, кімнен кім үлкен екенін бірден айқындап-анықтауға да болатын еді. Қайткенде де Шыңғыс төренің сол жағында отырған адам Құнанбай емес… Сөз қозғап отырған суреттегі адамның қолында ұстап отырған баскиіміне көңіл аударсақ, ол үйсін елінің қазақтарына тән төбесі жатаған, сайларының ұштары бүрмеленіп, келте келген, аң терісімен айналдыра тігілген дөңгелек тәрізді бөрік. Мұражай қорында үйсін жұртының осы тәріздес бөріктері баршылық. Поэзия алыбы Жамбыл да осындай баскиім киген. Қысқарта келгенде бұл адамды жетісулық болыс (оны біз мойнына таққан болыстық айрықша лауазымдық белгісі арқылы айтып отырмыз) Найманхан төре деп танимыз». Мұса Шормановқа қатысты былай дейді: «1886 жылы қайтыс болған Мұса 1891 жылы суретке түсуі мүмкін емес».

Бізге жеткен дерек көздерінен білгеніміз Найманханның Кенжехан, Омар, Кененбай, Құнанбай деген ұлдары, Құбыш, Сақыпжамал деген ыздары болған. Кешегі кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарында төре және қожа тұқымдары, сұлтандар мен бай ұрпақтары жазықсыздан жазықсыз жазаланды. Осыны Найманхан төре ұрпақтары да бастан өткерді. Бұл туралы кезінде Найманхан төренің ұрпағы, ғылым кандидаты Төлебай Кененбай баспасөз бетінде жазды да. Найманханның бір баласы Құнанбай өткен ғасырдың отызыншы жылдары Алматы қаласында тұрады. Ол төре тұқымы болғаны үшін ғана Мәскеуге оқуға жіберілетін қазақ жастарының тізімінен алынып тасталған. Бірақ ол адалдығы, біліктілігі арқасында кейін Алматы қалалық ішкі істер басқармасында жауапты қызмет атқарды. Бабаның немересі Құдабай Кененбайұлы мен інісі Иманқұлдың баласы Көпесбай да отызыншы жылдары қудаланып, Алматыдағы оқуларынан шығарылды. Дегенмен кейін Құдабай Шыршықтағы әскери-танк училищесін бітіріп, соғыс басталғанда ерлік көрсетіп, жау қолынан қаза тапты. Көпесбай да соғысқа қатысты. Ол Брест қамалын қаһармандықпен қорғаушылардың бірі.

Найманханның үлкен баласы Кененбай да соғысқа қатысып, қанды шайқастардың бірінде көз жұмды. Төренің қызы Сақыпжамал Қаратал өңірінде елге белгілі Сердалы Саяқ деген кісінің келіні болды. Одан туған Долда Тәкенов пен Сәмиғолла Саяқов ел ішінде абырой-беделдерімен көзге түсті.

Енді бір атап өтерлік жайт, Найманхан сұлтанның мөрі осы уақытқа дейін сақталғандығы. Оны төренің келіні Дәметкен Тойбайқызы қуғынға ұшырап жүрсе де жанынан тастамай, немерелеріне тапсырып отырған.

Жоғарыда Найманханның бір шеті Көксу өзенінің сол жағындағы Лабасы тауының күнгей жағынан басталып, екінші шеті Қаратал өзенінен асып жығылатын аймақта аға сұлтан болғандығын айттық. Ол кісінің қыстауы да қазір белгілі болып отыр. Қыстаудың «Төре тас» деген де аты бар. Қыстау Лабасы тауының солтүстік-батыс белдеуінде – Көксу ауданына қарасты Жамбыл ауылының жоғарғы тұсы. Осы жерде қыстаудың тастан қаланған іргетасының орыны бірден көзге түседі. Баба дәмін татқан бұлақ та сол қалпы сылдырай ағады. Суы мөлдір әрі мұп-мұздай. Ішсең бал татиды. Осы төңіректе көрші «Иманқұл қыстауы» деген бар. Иманқұл Найманханның туған інісі. Кезінде би болған. Иманқұлдың баласы Көпесбайдың қызы София бүгінде Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университетте қызмет етеді. Найманханның тағы бір інісі – Найманқұл. Бұл кісінің ұрпақтарының бірі – Әппай ұжымшар басқарған атақты Нұрмолда Алдабергеновке ауыл ақсақалдары атынан кеңесші болған. Енді бір інісі – Әкімбай қой бағып, кейін Социалистік Еңбек Ері атанды. Нұрмолда Алдабергенов Найманхан ұрпақтарына ерекше көңіл бөлген. Төренің ұлы Құнанбай, қызы Сақыпжамал ауылға келгенде «Алдиярдың балалары келіп қалыпты ғой» деп жылы көңіл білдіріп қарсы алған.

Найманхан төренің ұрпақтары ішінде өз кәсібінің үздіктері атанған, төңірегіндегілерге танымал талай ардақты азаматтар бар. Мәселен, Қасымхан Сейітханов, Төлебай Кененбаев – ұлағатты ғалымдар, Жақсылық Кененбаев – жоғары шендегі әскери қызметкер, жоғарыда тілге тиек етілген Сақыпжамалдың немересі Болат Тәкенов кезінде Мәжіліс депутаты болған, бұл күнде Алматы облысы әкімінің орынбасары. Бұлардың барлығы да тектіден тараған ұрпақ екендіктерін мақтан етеді. Сол себепті де адал да тағылымды өмір сүруді мақсат еткен.

Олар көзбен көріп, көңілге түйген кейбір келеңсіз жайттарды да жасырғысы келмейді.

– Осыдан екі жыл бұрын ата-бабаларымыз мекен еткен жерге барып, аруақтарға арнап ас бердік, құран оқыттық. Сондағы мына бір көрініс жанымызды түршіктіреді. Жергілікті кәсіпкер азамат Найманхан баба қыстауы маңындағы зираттың үстін трактормен қазып, сол жерді құрылыс алаңына айналдырған – дейді Жақсылық Кененбаев.

Жақсылықтың бұл әңгімесі бізді де шошытты. «Басқа жер құрып қалғандай құрылысты зираттың үстіне салғаны несі?» деп іштей қапаландық. Қателеспейтін адам болмайды. Әлгі кәсіпкер замандасымыз қателігін түсініп, зиратты жөнге келтірер.

Абылай хан уақытында қазақ халқын ынтымақ пен бірлікке бастайтын саясат ұстанғаны белгілі. Оның сұлтан болған, ел басқарған ұрпақтары да осы бағыттан танбады. Солардың бірі – Найманхан Қамбарұлы еді. Олай болса бабаның еліне істеген еңбегін ұмытпау – парыз.

«Өлі риза болмай тірі байымайды» дейді. Найманхан төренің кесенесін қалпына келтіріп, басына белгі тас қою да – бүгінгі күні атқарылуға тиіс міндеттердің бірі. Біз өткенді зердеге тоқып, әруақтарымызды әспеттеу арқылы бабалар аманатын жүзеге асыра аламыз.

Нұрперзент Домбай

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...