Париждегі жазғы Олимпиада ойындарында бақ сынаған боксшылар Нұрбек пен Айбек Оралбайдың есімін әпкес...
Заида Елғондинова. Жұматай Жақыпбаев туралы жаңа кітаптан үзінділер (жалғасы)
Қулары, таудың қызыл түлкісі дер, Момындар, біздің үйдің кірпіші дер, Мәңгілікке өзіммен ала кеткен, Менің нәзік жанымды кім түсінер?! Мұқағали Мақатаев
Мен «Есенбай Дүйсенбаев» атындағы сыйлықтың лауреатымын...»
Иә, "мәңгілікке өзімен ала кеткен" Жұматайдың жұмбақ жанын да кім түсінді екен?!
Жұматай мұңын, сырын көп шешіліп айта бермейтін. Жүрегіне қатты батпаса мұң-шерін де жырына арқау етпейтін. Оның да өз мұңы, өз шері болды. Ол да ет пен сүйектен жаралған жан еді. Осының бәрін шексіз де терең түсінгеннен мен оның алдында "аласара бердім, аласара бердім". Қонағы келсе, үнсіз-түнсіз күте бердім, күте бердім. Бұл қонақ күту айлардан айларға, жылдардан жылдарға созылды. Тіпті, біздің үй "Жазушылар одағының" шағын бір "филиалы" болып көрінетін. Бірақ, бұл филиалдың басшысы ақын Жұматай Жақыпбаев жас ақындарды марапаттау үшін мөр басып, бұйрық шығармайтын. Өлең оқытатын, жақсы әңгіме айтатын, жылы қас-қабағымен шығарып салатын.
Ал, олардың отырысы, бірде Омар Хаямның, енді бірде Жәмидің отырысындай болатын. Бұл жылдар ұзаққа созылды. Онда олар жас еді. Жұматайдың да денсаулығы мықты болатын. Жұматай халқынан, өзін жақсы көретін ағаларынан, орта ғасырдағы Италияның ұлы ақыны Петрарканың құрметіндей құрмет күтті. Бірақ, ол құрмет оған тіршілігінде бұйырмады. Енді ол түсінді. Неге адамдардың үлкен лауазым иелерінің қолтығында жүретінін, ертерек атақ алуға ұмтылатынын...
Бірақ, кеш еді. Ол кезде ол да шаршады, мен де шаршадым. Біздің ғажап жастық шағымыз, өзімізге де, біздің балаларымызға да бұйырмады. Айкүн қызымыз менің Майра әкпемнің қолында өсті. Мен бәрін көріп отырып, бәрін біліп отырып ешнәрсе де істей алмадым. Жұматайдың аз қызығын өзіне қидым. Өмір сүрсін дедім. Ал Жұматайдың ешкімге иіліп-бүгіле алмайтынын әу бастан білгенмін.
Бұл өмір мені қатты шаршатты. Соңғы жылдары жүрегім ауыра бастады. Қабағымды мұң шалды. Бәрінен де жұдырықтай қызымның талпынғанын да, езу тартып күлгенін де, тәй-тәй басып жүргенін де, алғаш рет "мама" деп тілі шыққанын да естіген жоқпын, көрген жоқпын! Мен Жұматайдың өмір сүргенін қаладым. Өзі жақсы көретін, өзін жақсы көретін, бізге сол кездегі ең жақсы үйді берген Олжас ағасы тәрізді, биік мінбелерден жыр оқып, халық құрметіне бөленсе екен деп ойладым. Мүмкін біз сонда бақытты ғұмыр кешер ме едік деген арманмен өмір сүрдім.
Жұмекең дүниеден өткенде, ең бірінші рет "Қазақстан" телеарнасында бірге қызмет істеген Өтежан ағай: "Жылама келін, сен Жұматайдың өмірін ұзарттың", - деді.
Арада біраз уақыт өткенде "Қазақ әдебиетінен" өлеңімді оқыған, сол кездегі ҚР Премьер-министрі, Жұмекеңнің досы, Қуаныш Сұлтанов телефон шалып көңіл айтты. Өмір-ай, десеңізші!
Жұматай да, мен де ақын болдық! Амал не! Сол кезде қаншама жоғары лауазымды басшылармен дәмдес-тұздас болдық! Жұматай мен Заида атандық! "Ақымақ періште" болып жүре бердік! "Үндеме, Заида, үндеме! Біз ақынбыз! Бізді телевизормен көріп отыр", - деп Жұмекең айтса мен сене бердім."Біздің ғажап күніміз әлі туады" деп Жұмекең бақиға аттанды. Мен жылап қалдым! Содан бері қанша берілмейін десем де көзімнен жас кетпеді...
Көз алдыма "мен Есенбай Дүйсенбаев атындағы сыйлықтың лауреатымын!" деп мұртынан жымиған Жұматай ақынның бейнесі келеді. Біздің кітаптарымыздың шығуына баспада қызмет істейтін, ғажап ақын Есенбай Дүйсенбаев ағамыздың көмегі тиетін.
"Заида айналайын! Жұматайды сақта, сақта!" - деп Ес-аға жиі айтатын! Кейін Жұмекең дүниеден өткен соң, Жұматайдың соңында шашылып қалған ғұмыры мен шығармашылығын жиып-теріп, қатты күйзеліп жүрген мені көріп: "Жұматай енді келмейді,Заида айналайын, өзіңді сақта, сен халқыңа керексің", - деп жанашыр ағалық сөзін айтқан да осы Есенбай ағамыз еді.
"В честь Софокла воздвигали алтари, потому что считали,что его поэзия божественного происхождения, но никто не заботился о его благосостоянии, да и он сам не ждал этого от своих сограждан" - деп жазды Софокл туралы польшаның ұлы жазушысы, еуропаның танымал әдебиет зерттеушісі Ян Парандовский. "Қоғам әдебиетке дер кезінде қол ұшын беріп, сүйеніш болу керектігін, кеш ұғынады, кеш түсінеді. Бұл шындық әр ғасырда сөз жүзінде қалады", - дейді Ян Парандовский.
Иә, Жұматай айтқан ғажайып күндер туды, туып та келеді... Бұдан отызға жуық жыл бұрын қазақтың талантты мүсіншісі, адамгершілігі зор азамат Тілеуберді Бинашев екеуміз ойға-қырға жүгіріп, қаражат тауып, ақын Жұматай Жақыпбаевтың ескерткішін тұрғыздық. Жұматайдың мүсінін жасауға һәм бет-бейнесін айнымай келтіруге атсалысқан жақын досы Қажытай Ілиясов және басқа да ақындар болды. Ал, сонау Кеңсайдың өріндегі Жұматай жатқан жерге тұғыртасын орнату үшін, цементті құю үшін машинаның болономен су тасып, Жамау Бұқарбаев, Қайрат Әлімбеков бастаған ақын інілері көмектесті.
Әлі есімде, біраз уақытқа дейін Жұмекеңнің басына ескерткіш орната алмадық. Алла кешірсін, Кеңсай зиратындағы ғажап ескерткіштердің ортасында ақын Жұматай Жақыпбаевтың рухы тіршілігіндегідей жетімсіреп тұрды. Біз Жұматайдың басына ақын Байбота Серікбаев, келіншегі Кәмилә бәріміз гүл қойып, жыр оқып, еске алып жүрдік. Ал, мүсінші Тілеу (Тілеуберді) інім мен келінім Нұржамалмен, қыздары Гүлфия мен Зүлфия, Айкүн бәріміз Кеңсай зираты мен Марков көшесінің арасын ескерткіш жасалынып біткенше жол қылдық.
Мұның барлығын неге айтып отырмын, қолымның қысқалығынан сол баяғы қиыншылық тағы да алдымнан шықты. Отызға таяу жыл Жұматайдың басында тұрған ескерткіш тозды. Сыртындағы қоршауы да ескірді. Біраз азаматтарға айтып көріп едім үндемеді... Жұматай Жақыпбаевтың ескерткішін болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыру үшін, жел мен жаңбырдан мұжылмайтын тастан тұрғызу керек болып тұр.
Мүсінші де табылды. Ескерткіштің эскизі де жасалды. Оған да бір жылға таяу уақыт өтті. Бірақ, тағы да қаражат жоқ.
P.S.
Енді бүгін жанашыр сөзін айтып, кітабымызды шығарып, біздің қаламақы алуымызға жәрдемдесетін қазақтың біртуар ғажап ақыны Есенбай аға Дүйсенбаев та жоқ. "Есенбай Дүйсенбаев" атындағы сыйлықтың лауреаты Жұматай Жақыпбаев та жоқ. "Екі дүниенің елшісі" деп Хамит аға атаған Заида Елғондинова ғана қалды! Алла жар болсын!
28.07.2019 ж