Бүгінгі таңдағы жас киноматографистердің сәтті басталған шығармашылықтары тұрғысынан айтатын болсақ,...
«Әбіл»: Өтпелі кезең трагедиясының көркемдік бейнесі
дереккөзден
Режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» тарихи драмасы - жаңа мемлекеттің қалыптасу кезеңін, ескі жүйе күйреп, ал жаңа тәртіп әлі орнықпаған өтпелі уақытты көркем түрде қайта құрастыратын туынды. Фильм бұрынғы колхоздардың бірінде өмір сүрген қарапайым адамның трагедиясы арқылы тұтас қоғамның күйзелісін ашады. Оқиға желісі 1993 жылға саяды. Негізгі кейіпкер өмірінің отыз жылын қой бағуға арнаған Әбіл. Алайда ұзақ жылғы адал еңбектің жемісі желге ұшады: мал басы халыққа таратылып, бір кездері ортақ болған мүлік жекелеген адамдардың қолына шоғырланады. Ұжымдық меншік жеке мүддеге қызмет ете бастаған сәт фильмнің әлеуметтік өзегіне айналғаны анық.
Картинаның экспозициясы ұзақ панорамалық кадрмен ашылады. Камера алдымен табиғи кеңістікті шолып өтіп, біртіндеп Әбілдің үйі мен қорасына жетелейді. Бұл көріністерде табиғат фоннан тыс, режиссерлік колористикалық шешімдер арқылы дербес образға айналады. Шаңға бөккен, өңі солғын, шексіз дала - тіршілігі сарқылғандай көрінетін кеңістік. Ол көп жылдар бойы кеңестік жүйенің сәтсіз жұмысы салдарын визуалды деңгейде бейнелейтін метафора іспетті. Фильмдегі ұсақ көрінетін эпизодтар да мазмұндық салмаққа ие. Кейіпкерлердің бірі тісі жоқ қойын айырбастауға барады. Осы шағын көрініс арқылы режиссер көрерменді басты антагонистпен, бұрынғы совхоз басшысымен таныстырады. Бұл бейне жалпы билік элитасының символдық тұлғасына айналғандай: есепшіл, ұсақшыл, өзін адал етіп көрсетуге тырысқанымен, ішкі болмысында тек жеке пайдасын көздейтін адам. Ал оған қарсы қойылған Әбіл бейнесі - моральдық тұрғыдан мүлде өзге әлем. Ол сол түні қойды жасырын ауыстырғанымен, бүкіл ғұмырында еңбегін жеке басының пайдасына пайдаланбаған, адалдықты өмірлік ұстаным еткен жан. Осы қарама-қарсылық арқылы фильм өтпелі кезеңдегі әділет пен жемқорлықтың, ар мен мүдденің қақтығысын айқын көрсетеді. Фильмдегі кеңістік шешімі кейіпкер тағдырының тікелей метафорасына айналған. Шексіз, «өлі» дала Әбіл отбасының тығырыққа тірелген ахуалын бейнелейді. Қайда қашсаң да, бәрі бірдей - бос, қаңыраған кеңістік. Көзге ұлан-ғайыр болып көрінгенімен, бұл дала көрерменнің түпсанасында керісінше тұйықтық пен қысым сезімін тудырады. Ал үй ішіндегі эпизодтар керісінше әсер қалдырады. Тар аумақта түсірілгеніне қарамастан, бұл көріністер жылылық пен бірлікті сезіндіреді. Бозғылт жарық, қарапайым, қымбат емес, бірақ туған үйдің ішкі кеңістігі кейіпкерлер арасындағы рухани жақындықты айқындайды.
«Әбіл» фильмінде музыка әдейі аз қолданылған. Камералық драмаларға тән минимализм тәсілі арқылы режиссер көрерменді эмоциялық манипуляциядан алыстатып, өмірдің өз тынысын естуге мүмкіндік береді. Көп жағдайда экранда үнсіздік үстемдік құрады, ол кейіпкер ішкі күйзелісінің акустикалық формасына айналады. Музыкалық қатардың сирек естілуі оның мәнін еселей түседі. Ерекше орын алатын сәттердің бірі қонақтағы үлкен дастарқан басындағы көрініс. Адам көп жиналғанымен, Әбіл бұл ортада рухани тұрғыдан жалғыз. Дәл осы тұста халық әні - «Күміс құмған-ай» шырқалады. Ән фильмнің поэтикалық өзегіне айналып, экрандағы оқиғаға қосымша философиялық өлшем береді. Әннің сыртқы деңгейінде сағыныш пен қауышу лирикасы жатыр: «Көрмегелі көп айдың жүзі болды» деген жолдар уақыттың ұзақтығын ішкі сезім арқылы пайымдататын поэтикалық реализмге тән тәсілді танытады. Осы сахналағы контекстке үңілсек, ән желтоқсан құрбандарының бірінің түрмеден оралуына арналған мерекеде шырқалып, ұзақ айырылысу мен сағыныш тақырыбын ашады. «Күміс құмған, отта тұрған» үзіндісі қазақ дүниетанымында тазалық пен рухани тазарудың символы ретінде оқылады. Күміс -пәктік, от - сынақ пен жаңару белгісі. Демек, жан өмір сынағынан өткен, экзистенциалдық тұрғыдан кемелденген тұлға бейнесі. Ай мен сандық образдары да адамның ішкі әлеміне меңзейді: «Ай болмаса аспанда адасады»- адамға бағыт беретін рухани жарықтың қажеттігін көрсетсе, «Жақсылардың кеудесі алтын сандық» - әр адамның ішінде құнды қазына бар екенін аңғартады. Ал «Кілт болмаса сандықты кім ашады» жолдары сүйіспеншілікті адамды танып-білудің жалғыз кілті ретінде ұсынылады. Қарым-қатынас рухани таным процесі ретінде көрініс табады. Табиғат образдары да философиялық жүк арқалайды: жел - уақыт ағысы, майысқан қайың - адамның нәзіктігі, ауыл - тамыр мен тұрақтылық символы. Бұл дәстүрлі дүниетанымдағы адам мен ғаламның үйлесімін көрсететін космостық ритм идеясымен үндеседі. Режиссер Әбілдің жеке трагедиясы арқылы Желтоқсан оқиғасын да қатар көрсетіп, халықтың жүйеге қарсы күресін тарихи өзгерістермен байланыстырады. Дастарқан басындағы көріністерде саяси ирония бар: бүгінгі көрермен сол кездегі адамдардың болашаққа деген үмітін, билік жайлы аңғал сенімін аңғарады. Фильмнің баяу, медиативті ритмі кейіпкерлердің ішкі әлемін терең ашуға қызмет етеді. Елзат Ескендір француз поэтикалық реализмі дәстүріне жақын эстетика құрып, күнделікті тұрмыстың өзін лирикалық символға айналдырады. Туындыдағы басты тақырыптардың бірі отбасы мен сабақтастық мәселесі. Бұл тек әке мен бала арасындағы тұрмыстық қақтығыс емес, сонымен қатар қоғамдық жүйенің ауысуымен байланысты тарихи конфликт.
Әбіл - кеңестік жүйенің әділетсіз құрылымының құрбаны. Ол бүкіл ғұмырын еңбекке арнаса да, жемісін көрмейді. Бұған ең қарапайым дәлел совхоздың бүкіл малы өз қарауында бола тұра, отбасының етке жарымауы. Ал оның ұлы - өтпелі кезеңнің, жаңа әлеуметтік шындықтың құрбаны. Үлкен қалада өмір сүретін жас жігіт рэкет, қылмыстық орта, қарыз шырмауына тап болған. Фильм соңындағы оның өлімі жай кездейсоқтық па, әлде сол жүйенің заңды салдары ма, авторлар оны ашық қалдырады. Ең маңыздысы режиссер сол дәуірді бейнелеуде қылмыстық романтизацияға немесе сенсацияға ұрынбайды. Көптеген фильмдердегідей 90-жылдарды бандитизм арқылы суреттеудің орнына, «Әбіл» тарихи кезеңге қайта қарауда. Туынды әлеуметтік жараны сыртқы эффект арқылы емес, адам тағдырының ішкі драмасы арқылы пайымдайды.
Операторлық жұмыс документалдық стильге тән сипатқа ие. Камера көбінесе динамикалық, кейде дірілдеп қозғалады. Ол кейіпкерлерді сыртқы бақылаушы, деректі фильм режиссері сияқты қадағалап, экранға шынайылық сезімін қосады. Осы тәсіл фильмге «реализм» ұғымын енгізеді: Андре Базеннің сөзімен айтсақ, «нақты кино - бұл көрермен өз тарихын ғана емес, өз ішкі дүниесін де көретін айна. Реализм - шындықты қайталау емес, шынайылық пен қатысуды сезіндіру».
Картинаның символизм элементтері тұрмыстық көріністерде де байқалады. Мысалы, жылап тұрған кішкентай баланы жұбатуға тырысқанда «қазір орыс келеді де, сені алып кетеді» деген сөздер айтылады. Тарихи контекстке қарағанда, бұл сол кезеңдегі балаларды қорқыту әдісі болған. Алайда фильмде сыртқы «дұшпандар» жоқ - антагонисттер өздері, яғни протагонисттің бұрынғы басшысы, көршілері, жолдастары. Эмоциялық рең өзгеріп отырады. Отбасы ескі үйден көшкенде, бұрынғы жайлы кеңістікті жаңа жұмысшы басып алғанда, ал ол да болашақта жүйенің құрбанына айналатыны көрінеді. Қалған әлсіз отар мал жаңбыр астында қараусыз қалуда. Бұрын совхозды басқарған тұлға бұл қораны «ең үздік» деп атағанымен, оның үздік екені тек өлшемі немесе мал саны арқылы емес, оған қамқорлық жасайтын адамдармен байланысты. Әбілдің еңбегі арқасында мал саны өсті, совхоз оның есеп-шоттарын бақылады. Ал соңында не қалды? Әлсіз, жаңбыр астында қалған мал ғана. Бұл көрініс жүйелік әділетсіздіктің, адам еңбегінің қорланбауының көрінісі ретінде ой салады.
Сөз соңына келе, «Әбіл» бір отбасының өмірі арқылы 90-жылдардағы өтпелі кезеңнің ауыр шындығын көрсетеді. Фильм үлкен саяси өзгерістердің қарапайым адамға қалай әсер еткенін тыныш әрі дәл бақылаумен жеткізеді.
Ғайша Аманжол,
Киносыншы