Алматылық дәрігерлер Италиядан келген туристті аман алып қалды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Де...
Президент ақын Марфуға Айтқожаны 90 жасқа толуымен құттықтады
Марфуга Айтхожа / Фото с сайта livelib.ru
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, халқымыздың зор құрметіне бөленген бірегей талант иесі Марфуға Айтқожаны 90 жасқа толуымен құттықтады, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысының құттықтау жеделхатында Марфуға Ғалиқызы саналы ғұмырын ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамытуға, қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейтуге арнағаны атап өтілген.
«Сіз шабытты лирикалық шығармаларыңызда ұлан-ғайыр даламызды, халқымыздың терең тарихын, бірлігі мен салт-дәстүрін жырға қостыңыз. Оқырман қауым өлеңдеріңізді ерекше ықыласпен оқып, өзіңізді «Қазақтың жыр Аққуы» деп орынды атайды. Өскелең ұрпақты алдағы уақытта да шығармашылығыңызбен қанаттандырып, отандастарымыздың лайықты құрметіне бөлене беруіңізге тілектеспін», – делінген Президент құттықтауында.
Марфуға Айтқожа 1936 жылы Қытайда дүниеге келген. 1961-1969 жылдары «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан мұғалімі» газеттерінде қызмет атқарған. Ақынның алғашқы «Балқұрақ» атты жыр жинағы 1962 жылы жарық көрді.
Марфуға Айтқожаның шығармалары болгар, поляк, венгр, чех және басқа да тілдерге аударылған. Сондай-ақ ақын Біләл Назым, Те Лан Гин, Зүлфия, Назым Хикметтің және моңғол, орыс, араб, қырғыз, татар, башқұрт, венгр, украин ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалаған.
Марфуға Айтқожа – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.