Шымкентте халықаралық іздеуде жүрген шетелдік қолға түсті, деп хабарлады madeniportal.kz рolisia.kz-...
"Таза қазақша сөйлегім келеді": Парижде тұратын француз қызы қазақ тілін үйреніп алған
Фото: Instagram silk.roadtales
Француз қызы Элиз қазақ тілін үйреніп қана қоймай, оны әлеуметтік желіде дәріптеп жүр. Ол Қазақстанмен алғаш рет YouTube-тегі саяхат туралы видео арқылы танысқан. 24 жастағы қыз бүгінде қазақ тілін күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдырған. Stan.kz тілшісі қыздан қазақ тілін не үшін таңдағанын, оны үйрену кезінде қандай қиындықтарға тап болғанын сұрап білді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
24 жастағы қыз Францияның оңтүстік-шығысындағы Прованс аймағында дүниеге келген. Қазір Парижде тұрады және сапа менеджері болып жұмыс істейді.
Элиздің айтуынша, ол Қазақстан туралы алғаш рет 2019 жылы Rocky Journeys YouTube-арнасынан көрген влог арқылы білген.
“Шынымды айтсам, бұл видео қызығушылығымды бірден оятты. Өте қызыққұмар адаммын және жаңа нәрселерді үйренгенді жақсы көремін. Влогты көріп отырып, Қазақстан туралы іс жүзінде ештеңе білмейтінімді түсіндім. Ал бұл ел маған өте қызықты болып көрінді. Оның үстіне қазақ тілі де бірден құлағыма өте әдемі тіл болып естілді”, – дейді Элиз.
Осыдан кейін ол Қазақстанның тарихын, дәстүрлерін, музыкасын, тілін және басқа да мәдени ерекшеліктерін өз бетінше зерттей бастаған. Оған қоса бос уақытында әлеуметтік желілерде қазақ мәдениетіне деген қызығушылығымен бөліседі.
Элиз қазақ тілін алғаш рет 2020 жылы, COVID-19 пандемиясы кезінде үйренуге тырысқан. Алайда ол кезде тілді ұзақ уақыт жалғастыруға мүмкіндік болмаған.
“Сол кезде әліпбидің бірнеше әрпін ғана үйрендім. Әрі қарай жалғастыра алмадым. Себебі қазақ тілін онлайн үйренуге арналған ағылшын немесе француз тіліндегі ресурстарды табу өте қиын болды. Ол кезде Парижде емес, ауылдық жерде тұратын едім. Сондықтан қазақ қауымдастығымен кездесуге немесе қазақ тілін үйренудің басқа жолын табуға мүмкіндігім болмады”, – дейді ол.
Элиз қазақ тілін шындап 2025 жылдың қыркүйегінде үйрене бастаған.
“Елді жақсырақ түсіну үшін оның тілін де білу керек деп ойладым. Сонымен қатар қазақ тілі құлағыма өте әдемі әуен сияқты естіледі. Маған дыбысталуы қатты ұнайды. Француз, яғни шетелдік адам ретінде Қазақстанда тұрмай-ақ және интернетте қазақ тілін үйренуге арналған ресурстар аз болса да, қазақ тілін үйренуге болатынын көрсеткім келеді”, – дейді Элиз.
Француз қызы үшін тілді үйренудегі ең үлкен қиындықтардың бірі – грамматика. Оның сөзінше, қазақ тілі француз тілінен құрылымы жағынан қатты ерекшеленеді.