Байқоңыр… Кеңістік

Автордан

Кино
181

«BAIQONYR» Қазақстандағы алғашқы халықаралық қысқаметрлі фильмдер кинофестивалі. Әр жыл сайын еліміздің шығармашыл жастарына қолдау көрсететін өнер алаңы. Ол тек отандық туындыларымызды ғана емес, шетелдің жас режиссерлерінің дебюттік туындаларына да белсенді қолдау көрсету үстінде.

Биылғы қыркүйек айында өткен «BAIQONYR»IX Халықаралық кинофестивалінде әр-түрлі бағыттағы қысқаметрлі және толықметрлі туындылар көрсетілді. Қысқа уақыт ішінде режиссер өзінің фильмі арқылы көрерменге қандай ой жеткізгісі келгенін бірден ашып көрсету әрбір адамның қолынан келе бермейтін ерекше дүние. Фестивальде тек фильмдер көрсетілімі ғана емес, сондай-ақ киносарапшылар, киносыншы жәнережиссерлермен шеберлік сабақтар ұйымдастырылып отырды. Бұл білім алушылар менжас режиссерлерге құнды ақпараттар мен идеяларды толықтыруға арналған таптырмас мүмкіндік. Тек режиссерлер мен кинотанушыларға ғана емес, кино әлемін жаны сүйетін көрермендерге де керемет әсер алуға болатын таптырмас алаң болғаны сөзсіз. Ұлттық байқауға көптеген фильмдер жіберілсе де, іріктелініп алынатын туындылар көп емес. Дегенмен, қатысушылар арасында студенттер де, белгілі жас режиссерлер тіпті шет елден келген режиссерлер де бақталастыққа түсіп, жүлделі орын алуға, шығармашылық жолындағы бір белесті бағындырып, режиссерлік қолтанбасын қалыптастыруға тигізер септігі орасан зор. Фильмдер түрлі жанрды қамтығандығы қуантарлық жайт. Деректі фильмдер немесе әлеуметтік драмалармен, хоррор жанрындағы фильмдерді мюзикл жанрында жеткізуі жаңа рең сыйлағандай. Дегенмен, отбасылық тақырыптар түрлі бағытта түсірілген.

«BAIQONYR» IX Халықаралық фестивалі«Айқай» туындысымен ашылды. Аталмыш туындының режиссері Кенжебек Шайқақов. Сонымен қатар, ұлттық конкурста басқа да қысқаметрлі фильмдер көрсетіліп отырды. Осы туындылардың ішінен «Үздік фильм» жүлдесінің жеңімпазы атанған  режиссер Тұрар Тахирдың «Кеңістік»  (Spacе) фильміне тоқтала кетсек. Бұл жерде ата-ана махаббатына бөленбей, қыспаққа түскен тағдырына мойынсұнған кішкентай бүлдіршіндердің тіршілігін бейнелейді. Фильмінің операторлық жұмысы бірден назарды аудартты. Бөлме ішіндегі түрлі-түсті реңк, балалардың сол кішкентай ғана бөлмеде бір-біріне қамқорлықтанытып туғанындай қарауы, әрбір көрерменге жылулық сыйлап, жүрек елжіретерлік картиналарымен баурап алғандығы анық. Тағдырға мойынсұна отырып, бір-біріне деген қамқорлықпен, махаббатпен алдыларынан шыққан кедергілермен күресіп келе жатқан бүлдіршіндердін мейірімділікке толы жүректері жан тебірентерлік жайт. Фильм соңындағыкөріністің өзі белгілі ой салады. Қара қаптамалы қоқыс ішіндегі балалардың  кішкентай жылулық сыйлап тұрған  үйшігі әлемде зұлымдық пен надандық билеп тұрса да, жаны жайсаң жомарт жандардың бар екендігін, жақсылық пен жамандықтың қатар жүретіндігін суреттейді.

Жалпы, фильм желісі арқылы балалардың ішкі мұңын, жан-дүниесіндегі болып жатқан арпалысты, ата-ананың болашақ сәбилерінің өміріне салғыртқарағандығының себебінен қараусыз жетім қалған бүлдіршіндердің мұң-зарын көреміз. «Бақыт деген сенің бала күндерің» дегендей, расында, қамсыз, мұңсыз, қызықпен өткен сол бір кездер бақытты балалық шағымыздың айқын бейнесі. Алайда, тағдыр тәлкегіне ұшырап, балдай тәтті балалық шағында өмір сүрудің жолдарын қарап, ауыр мұң арқалап, жанары жаутаңдаған, көздері жәутеңдегенсол бақытты сезінбей жүрген бүлдіршіндеріміз қаншама. Фильмде көрсетілген басты мәселе – қазіргі қоғамдағы ауыр дерт. Фестивальде дәл осындай күрделі мәселелерді көтеретін тақырыптар мен бейнелі көріністер алуан түрлі көрсетіліп жатты. Әр фильм өзіндік ерекшеліктерге ие және өзіндік мән-мағынасы, бағыт-бағдары мен нәтижесі бар екені анық.

Алима НАУРАЗБЕКОВА,

Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

«Кинотану» мамандығының 4 курс студенті

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...