«Абай жолы» телехикаясы. Көпшіліктің пікірі қандай?

КИНО
6355

«Қазақстан» ұлттық арнасынан берілген «Абай» телехикаясы туралы "Мәдениет порталына" арнайы мақала жарияланған болатын. Содан кейін көзіқарақты оқырман «Хабар» арнасынан көрсетілетін «Абай жолы» телехикаясын асыға күткен еді. Телехикая көпшілктің көңілінен шыққан сыңайлы. Оны әлеуметтік желідегі сөз ауанынан байқауға болады. Сөзіміздің дәлелі ретінде facebook әлеуметтік желісінде жарияланған бірнеше пікірді топтастырып өздеріңізге ұсынып отырмыз. Алдағы уақытта телехикая туралы тереңірек талданған мақала ұсынамыз.

Жанна Жайлаубайкызы«Абай жолы» сериалы туралы 

«Хабар» арнасынан шыққан «Абай жолы» сериалы туралы пікірімді стористен байқаған боларсыздар, солардың бәрін бір жинақтап, осы бір постты жазу ойда жүрген дүние еді. Сәті бүгін түсті. Сонымен, Абай туралы сериал түсіріледі дегенде онша қуана қоймадым. Өйткені Абайды бар қазақ біледі (или солай ойлайды), не түсірсең де, қалай түсірсең де «оның Абайына» татымайтын боп шығады. Сондай-ақ, млрд-тар құйылмаған, алты нөлі бар соммаға, 2-3 жыл емес, бір жылда түсірілген дүние екенін ескеру керек. «Абай жолы» телехикаясында маған ұнаған тұстарға тоқталып өтейін.

Біріншіден, үш линия: Абай, Мұхтар, Қайым оқиғалары. Әдетте телесериалдар 1 линиямен, ары кетсе, 2 линиямен түсіріледі. Линия деп отырғаным – оқиға желісі. «Абай жолы» сериалында үш линия бірде параллель, бірде кезектесіп берілген. Мұхтардан Абайға, Абайдан Қайымға, одан қайта Мұхтарға жалғасқан оқиғалар. Романдағы оқиғаларды қиюластырып, құрай салу бір бөлек, линияларға бөліп, әрқайсысын жетектеп жүру білімді, білік пен еңбекті талап етеді. 

Екіншіден, актерлер жайлы. Абайды ойнаған актер сәтті таңдалған. Айдос Бектемір ағаның Абайында ақынның өлеңдеріндегі нәзіктік, сөздеріндегідей ойшылдық бар. Кітап оқып, ой үстінде жүрген адамның өктем сөйлеуі екіталай. Абайды таңдарда түр ұқсастығы ғана емес, рухани гармониясы, психологиялық болмысы ұқсас адамның таңдалғаны қуантты. Шынын айту керек, Мұхтар Әуезов рөліндегі Сәкен Қалымовты алғашқы 1-2 минут қабылдай алмай, біртүрлі болдым. Бірақ қателескен екенмін, әр минут сайын, әр серия сайын Әуезовті Сәкен ағадай ешкім ойнай алмайтынына көзім жетті. Сөз саптауы, жымиған күлкісі...  Жалпы, Сәкен ағаның бұл рөлі мен үшін жаңалық болды. Осы телехикаяда маған ерекше ұнаған тағы бір актриса – Әуезовтің жары Валентинаны ойнаған Ирка Абдульманова. 

Бұл сериалда мен ерекше риза болған дүние – кейіпкерлердің сөз саптауы. Бұған дейінгі тарихи фильмдерді көріп отырып, сөйлеу мәнері деген уақытпен бірге өзгеруші еді, мыналар неге мен сияқты сөйлейді деп таңқалатынмын. «Уақытымды кеңітіп, қалай да қайта соғам» деген бір реплика «уақыт табатын, уақыты болатын» менен 1 ғасырды ажыратып тұр. Уақытты декорация, реквизитпен ғана емес, сөзбен де айшықтап бергендері үшін сценаристерге ризашылығымды білдіргім келеді. Жалпы фильмде неше кейіпкер болса, сценарист сонша «тілде» сөйлей алуы керек. Айтпақшы өзіме ұнаған репликалар: «... Абай өліп құтылды емес пе?», «Абайдың батысынан гөрі шығысы басым», Сталин өлді деген хабарды радиодан естігенде Әуезов сабырлы даусымен «...Валя, он нас не любил. Жақсылап, қазақшалап шәй қойшы». Жұп-жұмыр, бірақ сайрап жатқан сөздер. 

Режиссер мен операторлық тандемнің білімі мен еңбекқорлығы жөнінде бөлек жырлауға болады. 2-серияда Әуезовті тергейтін сахна бар. 2 жарым минут склейкасыз түсірілген. Екі тергеушінің ауысып отырғанына қарап, тергеудің бір күн емес, бірнеше күн (мүмкін бірнеше ай) жүргенін түсінуге болады. Сол бірнеше күндік тергеуді 2 жарым минутқа әдемі сыйғызған. Дәл осындай сахна 4-серияда да бар. Әуезов Құнанбайды «құрбандыққа шалып», ішінің астан-кестен боп жатқанын, сияның төгілуі, баланың жылағаны арқылы... жалпы психологиялық давление дәл берілген. Қарап отырып, миың жиырылып, жүйкең жұқарып кеткендей болады. Бұл да – склейкасыз түсірілген сахна. Бұл – ЕҢБЕК! 
6-серияда бір қазақ бір қазақты сабап жатқанда  орыстың солдаты келіп мылтық атады. Оқ шаңыраққа тиіп, бір шеті сынып түседі. Бірнеше ғасырдың тарихын бір ғана сахнамен сайратып бере салған. Мықты!

Айтпақшы, сериалда мен үшін жаңалық болған тағы бір дүние – Абайдың протез тісі. Сценаристерден нақтылап сұрадым, рас ақпарат дейді. Жидебайдағы қыстау үйінде сақтаулы екен. 
Енді ұнамаған тұстарын айтайын. Барды бар, жоқты жоқ деу керек. 

Бір сериалдан екінші сериалға, бір арнадан екінші арнаға көшіп жүрген актерлер ұнамады. Сериалға түсіп әккі боп алған актерлер образ түгілі көйлек ауыстырмайтын сияқты. Өзін, өнерін сыйлайтын актерлер кейіпкерін жан-жақты әрі терең зерттесе... Сериал болса да. 

«Абай жолын» оқығанда көз алдыма 50-60 түтіні бар, тірлігі қайнап жатқан ауыл елестейтін. Сериалда ондай ауыл жоқ. Ауыл күзеуге көшіп, Абай 1-2 адаммен жайлауда қалып қойған сияқты. Карантин болды дейік. Бірақ карантин бітер, ал фильм таспада мәңгі қалып қойды. 

Қорытындылай келе, бұл телехикаядан (ваще-то фильм деу керек шығар), бұл фильмнен білімді, маңдай терді, тәуір дүние шықса екен деген жанашырлықты, адамдардың өз жұмысына деген махаббатын көрдім. 
Сондай-ақ, кино (сериал болса да) түсіргенде ұлттық рухты, патриоттықты, «данышпандықты» реттеп отыратын, бір арнаға салып отыратын БІЛІМ болмаса, аталғандардың барлығы шашырап, жамырап қалады екен. Өнерге де білім керек.



Сәкен Сыбанбай«АБАЙ ЖОЛЫ»

«Хабардан» «Абай жолы» телехикаясын көрдім (мұның алдында «Қазақстан» ұлттық арнасынан берілген «Абайды» қарауға мүмкіндігім болмады, сондықтан екеуін салыстыра алмаймын). 
Айтпағым – қазақтың сериалын онша көре бермейтін, сериал тұрмақ, кейінгі жылдары қазақтың көркем (деп жүр ғой) фильмдерін көруге де жүрегі дауаламай қалған (өйткені күйіп-пісу үшін де күш керек) маған «Абай жолының» біраз тұстары ұнады. 
Авторлар «мен Абайды былай... өзімше көрем» деп өзімбілермендікке де салынбаған, басты кейіпкердің ғұмырбаянын барынша толық қамтимыз деп хроникаға да байланып қалмаған. Сериал «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылу тарихынан сыр тартады, соның жолындағы шырғалаңдарға баса назар аударады, яғни мұнда басты кейіпкер – Абай емес, Мұхтар Әуезов десек те болады.

ҰНАҒАНЫ:

1) сериалда Абайдың қайғысы мен Мұхтардың мұңы қатар өрілген (қос ғұламаның билік қолшоқпарларынан көрген теперіші де, жеке өмірлеріндегі қуанышы мен қасіреті де қоса-қабат өте үйлесімді көрсетілген). Яғни қазақтың оқыған тұлғаларының тағдыры орынды шендестірілген; 
2) туындыда үш кезеңдегі (Абай дәуірі, репрессия қарсаңындағы Мұхтардың жас шағы және роман-эпопея жазылатын 1940-50 жылдар) оқиғалар желісі де өзара сабақтаса өрбіп, бірін-бірі толықтыра жалғасып отырады, яғни монтажы, композициялық жымдасуы жақсы;
3) диалогтар шынайы, сөз саптауы қазақы (рас, ішінара аз-кем олқы тұстар да кездесіп қалады, дегенмен құлаққа түрпідей тиетін өрескел сөз, орынсыз қолданыс жоқ);
4) ұтымды режиссерлік шешімдер бар (айна арқылы көрсете отырып кадр ойнату, Сталиннің өлгені туралы хабардың ізін ала мұз сүңгілердің ери бастауын көрсету арқылы көктемнің келгенін ғана емес, саяси жылымық келгенін тұспалдау, Мұхаңның сиясын төгіп алып, түс көретін тұсы, т.б.);
5) өз рөлін жақсы сомдап шыққан актерлардың ойыны (Е.Дайыров, А.Бектеміров, А.Сейтметов, К.Жолдыбаева, Ж.Ақшораев, т.б.).


ҰНАМАҒАНЫ:

1) диалогтар жақсы-ау, тек кейде актерлар соны не артық пафоспен, не театр сахнасында тұрғандай аса салтанатпен айтып қалады. Қағазға жазылғанда жайнап тұрғандай көрінетін сөздің ауыздан шыққанда әу бастағы әрінен ажырап қалатын тұстары бар;
2) мұнда да қостілділік: орыс – орысша, қазақ – қазақша сөйлейді. Тергеу барысы, саяси-мәдени жиылыстар ол кезде негізінен орысша өткен шығар, бәлкім. Бірақ соның бәрін неге қазақшалап жібермеске? Шетелдік сериалдарды тәржімелегенде түрікше, кәрісше, үндіше сөйлегеннің бәрін қазақшаға аудармай ма? Әлде орыс тілі – аударуға болмайтын тіл ме? Тіпті болмаса оны кадр сыртындағы дауыспен не субтитрмен қазақшалап жіберуге де болар еді;
3) реквизит, декорация мәселесіндегі жұпынылық. Абай ауылында Абайдың үйінен басқа көз тоқтатар дұрыс үй жоқ (оның өзі өзге қораш үйлердің фонында ғана жан сақтап тұр). Бұл – жалпы қазақ кино-сериал саласындағы ортақ кемшілік: ақша аз бөлінеді, түсіруге де уақыт тым тығыз беріледі, бас-аяғы екі-үш айда бітіріп, жыл соңына дейін қалайда үлгеру керек. Асығыс жасалған тірліктің кем-кетігі болмай қалмасы белгілі; 
4) сериалдың динамикасы баяулау, оқиғалар шабан өрбиді. Иә, тақырып – тарихи, ой – салмақты, дегенмен бұл ақталуға жеткіліксіз. ХХІ ғасырдың еркетотай көрерменін экран алдында ұстап отыру үшін үздіксіз шиеленіс, қым-қуыт сюжет, үнемі жетелеп отыратын темп керек...

ЖАЛПЫ АЛҒАНДА, алған әсерім жаман емес. «Жақсы фильмнің негізгі үш құрамдас бөлігі бар: олар – сценарий, сценарий және тағы да сценарий...» деп пе еді Альфред Хичкок? Бірақ біздің елде сол керемет сценарийіңіздің өзі шалақазақ не ұлттық дүниетанымнан жұрдай режиссердің қолына түссе не болмақ? Жүндей түтпей ме (жүйкеңізбен қоса)? 
Біздің елде көп нәрсе сол жақсы сценарийді жанымен ұғынып, көкірегімен түйсініп түсіретін қазақы режиссердің ұлттық ұстанымына байланысты секілді көрінеді. Осы тұрғыдан келгенде, «Абай жолын» түсірген Мұрат Есжанның болашағынан көп үміт күтуге болатыны көрініп тұр. «Жақсы фильм адамның кино көріп отырғанын ұмыттырып жіберуі керек» (Роман Полански) екенін есте сақтаса, одан мықты режиссер шығады.


Қойшыбек МүбаракБір деммен алты бөлімін де көріп шықтым

Қағазға төгілген қара сия... Шырқырай жылаған сәби... Әппақ көйлегіне, аялы алақанына жұғып кетпесін деп ішіңнен арып таласасың. Шырылдаған сәбидей ұлы жазушының жанын аяйсың... Жаныңа түсер қаяуды түспен жауады. Машинкада қолы дірілдеп қайта-қайта шатысқан терімші... Өзін "сізді тұтқындамақ" деген ескертпесінен бұрын ақ көз жасымен өзін ақтап алады... Ал Абай образын ашу, Қайымды алып шығуы тіптен бөлек дүние... Бір деммен алты бөлімін де көріп шықтым. Рахмет азаматтар. Бұл КИНО! нағыз КИНО! Міне СЕРИАЛ! Рахмет Мұрат Есжан, Ұларбек Нұрғалым, Мақпал Мадиярова! 

Ықылас Ожайұлы: Көріп отырып көзтостағың шөпілдеп жасқа толады екен

"Патшасын жер жебіріне жетіп сынай алмаған елдің оны мақтауға да еш қақысы жоқ" деген ғажайып бір лепес бар ғой. Мұны айтып отырғаным, Абай жылының аяқталуына байланысты алдағы бір постымда Абай туралы түсірілген телесериалдарға қатысты жалпылама өз пікірімді  білдірген  болатынмын. Хош...

Режиссерлігі Мұрат Есжан бауырымызға тиесілі Абайға  қатысты түсірілген  аталған осы екінші туынды Абайдан гөрі Мұхтар Əуезовтың шеккен азабы мен тартқан кермегіне көп келіңікірейтін секілді.
Көріп отырып көзтостағың шөпілдеп жасқа толады екен. Рас, біз ойлағандай бұл жолдың еш оңай болмағандығын көресің. Сериалдан қайтсем де хакімді исі қазақпен қауыштырмай  қоймаймын деген қан жүректің ұлы дүрсілін естисің. Ол мақсат  өз мəресіне еш мертікпей жеткен. Бір əттегенайы, ащы азап пен тым қамырыққа толы осы алты ағысты өмірдің ішіне бірді-екілі позитивті сахна қосқанда тіптен тамаша болар ма еді деп де ойладым. 
Ал енді сериалдың тілі Ұларбек Нұрғалымұлы досымдікі екендігін бірден жазбай  танисың. Тілі ұстараның жүзіндей болып қылпып-ақ тұр. Құдайшылығын айтайын. Бұл күндері құмалақтың тіліндей тым сүркей, тым құбадүмбіл тартқан қазақтың циклді сериалдарына осы алтындай азамат алтынкүрек желіндей болып ерекше бір естияр леп əкелді. Ұларбектің енді  бұл еңбегі байтақ əңгімеге жүк. Қысқасы, бұл қос азаматтың тандеміне тағы да танымдық дүниелер үстеп, қайыра ширатып көру керек екендігін осы жұмыстары шын дəлелдегендей болды...

Azamat BıtanҰлтты біріктіре алатын телехикая

Қалила Омаровтың Алаш арыстары туралы түсірген деректі фильмдері осы тақырыпта жарық көрген ең үздік жұмыстар. Әлі күнге дейін тарихи фактілерді бұрмаламай, кішкентай детальдарға дейін ескерген режиссер қазақ ішінде көп емес. Ол кісінің осы тақырыпты елге ашып көрсете алсам, жұрт тарихи шындықты білсе деген ынтасы көрерменге ап-анық сезіліп тұрады.
Қалила ағамыздың деректі фильмдерінен кейін Алаш тақырыбына қатысты жасалған бірде-бір дүниені жылы қабылдай алған емеспін. Режиссерлерге білім жетіспей жатады. Не картиналары жансыз. Орта жолдан актерлер бұзады. Тілі жат келеді. Кейде шектен тыс эмоция, өтірік араласады...

Мұны неге айтып отырмын? Жақында “Хабар” арнасы ұсынған “Абай жолы” телехикаясы көптен қанбай жүрген сол рухтың шөлін басты.

Режиссер Абай мен Әуезов дәуірлеріндегі оқиғаларды жарасымды сабақтастырған. Телехикаяның 6 бөлімі де көрерменді “Енді не болар екен?” деген сұрақпен алаңдатып қояды.
Менің таңғалғаным, Абай мұрасын зерттегені үшін қуғындалған Қайым Мұхамедхановқа ерекше көңіл бөлінген. Бес баламен жылап қалған Қайым атамыздың жары Фархинұр анамыздың бейнесі де сәтті шыққан. Сценарийін жазған авторлар ғалымның жазықсыз атылып кеткен әкесін де жендеттердің аузына ұтымды салып берген. Әуезовтың ұстамдылығы, ғылым ісіне адалдығы да сенімді шыққан. Сәбит Мұқановтың шынайы келбеті де келісті... 
Рас болса, өткенде Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жазықсыз айдалған, атылған азаматтардың тізімі жаңа есімдермен толығады деген еді. Бұдан өзге Тәуелсіздік үшін күрескен ерлердің қайда жерленгенін анықтап, елге жария ету жауапты басшылардың мойнындағы үлкен жауапкершілік дер едім.

“Абай жолы” телехикаясына оралайық. Мұндай шындыққа құрылған дүниелер бізге керек. “Қазақта шекара болмаған”, “Қазақ деген ұлт жоқ” деген секілді идеологиялық шабуылдарға осы секілді қуатты қарумен төбелерінен қойып қалғанымыз ұтымды қадам деп ойлаймын. Әйтпесе пост жазып шулағаннан қай жындының есесі кетіпті. Murat Yeszhan бастаған команда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына ұлтты біріктіре алатын еңбек жасап ұсынып отыр. Сондықтан телехикаяны тек тапсырыс беруші емес, еліміздегі барлық телеарналар жарыса көрсетуі керек шығар. 

Жұмабек ӘлімханКино көңілден шықты, кино ұжымына үлкен рақмет!

"Абай жолы" телехикаясын  толық көріп шықтым. Телехикаяда Абай мен Әуезов дәурі параллель көрсетілу арқылы екі дәуірдегі өмір шындығы салыстырыла отырып өте жақсы ашылған. Біз сонау мектеп қабырғасында жүріп, Абай романының 4 томын түгел оқып, радиодан толық тыңдап өскен едік. Сондықтан да телехикаядағы Абай дәуіріндегі оқиғалардың қалай өрбитіні белгілі болсада, Әуезов дәуіріндегі тар заман қуғын-сүргін оқиғалары мен романның жазылып, жарық көруіндегі қыйындықтары, роман авторының басынан кешкен тауқыметті тағдыры бізге толық таныс емес еді. Осы жағына келгенде романды оқып өскен бізге беймәлім тұстары толық ашылды. Сондай ақ киноның қазақы бояуы қанық, кейіпкерлердің рөлді сомдауы шынайы шыққан. Көрерменді өзіне еркісіз баурап, жан дүниеңді елтіп, толқытып, толғандырып, ашындырып, ызаландырып әр алуан сезімге бөлесе, кей жерінде қазақы әзіл-қалжыңдары еріксіз күлкіге қарық қылады. Осыдан ақ, бұл киноны өндіріске шығару үшін кино режиссері, сценарий авторлары мен кино актерлерінің көп еңбектені көрініп тұр. Кино көңілден шықты, кино ұжымына үлкен рақмет! Еңбектеріңіз жана берсін! 
Мен бұл киноны әлі көре алмаған кісілердің төмендегі сылка арқылы толық көріп  шығуларын үміт етемін. Алда келе жатқан демалыс күндеріңіз осы киномен мағыналы  өтетініне бек сенімдімін.


Арман Шеризат"АБАЙ ЖОЛЫ" сериалынан алған әсер 

Болса Абайдың әлеміне кім енбек,
Жол бастайды Мұхтар жазған ұлы еңбек.
Алла берген азаттықтың арқасы,
Жоғымызды жатсақ бүгін түгендеп.
Замандарда алағай да, бұлағай,
Шын хакімнің ашылмады сыры оңай.
Енді ғана тұрған сынды тіл қатып,
Естеліктер ішіндегі тірі Абай.
Тереңірек тани білсек тұлғаны,
Жарқын елдің жетістігі бұл-дағы,
Даналықтың жолында өлген Қайымсыз,
Кешегінің шешілмейді жұмбағы.
Түрлі тағдыр кешкенменен тірлікте,
Үш алыпты тоғыстырған бір нүкте.
Ол - Тәңірге тура бастар Ар жолы,
Адамдық пен шақыратын бірлікке.


Ар.Шери

Аршын НұрбақытТабан ет, маңдай тер ақталыпты

Murat Yeszhanның режиссерлігімен сәтті  сериал түсіріліпті. Табан ет, маңдай тер ақталыпты. Әрине бір адам осыншама үлкен жауапкершіліктің үдесінен шығуы мүмкін емес. Мұндағы сайдың тасындай іріктелген Ұларбек Нұрғалымұлы , Шаттық Батан  т.б кәсіби қыз-жігіттерден жасақталған - шығармашылық топ міндеттерін ойдағыдай атқарып шықты деуге толық негіз бар. Осының бәрін ұйыстыра, жымдастыра білген режиссердің еңбегі үлкен. Сериалда бастан-аяқ (саунтрегіне дейін) көрерменді жетелеп отыратын әуезді байыптылық пен сиқырлы сырбаздық бар. Кейіпкерлерді шалықтатып(пафос), оқиғаны шашырату жоқ.  Әбден қан-сөлін сығып, ширатып, иін қандырып берген. Актерлерді еліріп, лепіртпей-ақ әйдік дүние жасауға болатынын көрдік. Актерлер дұрыс таңдалған. Б.Әбділманов сомдайтын әбден таптаурын болған шадыр мінезді, күйгелек абайды Бойынан байсалдылық пен тектілік ескен Айдос Бектемірдің алмастырғанын көріп қуандық. С.Калымов та М.Әуезовтің күрделі образын мейлінше     ашуға тырысыпты. Сериалда символикалық белгілер, деталдар жақсы ойнатылған. Мәселен Оразбайдың қолшақпарлары Абай отырған үйге баса-көктеп кіріп, қамшының астына алады. Сол сәтте орыс әскері кіріп, Абайды арашалаған болып, төбеге оқ атып, шаңырақтың күлдіреуішін қиратады. Бұл отарлаушы орыс империясының Қазақ халқына қамқор болғансып, ақырындап шаңырағын (елдігін) ортасына түсіре бастаған әзәзілдігі еді. Сондай-ақ кейіпкерлеге авторлық қиянат жасамауға ұмтылулары көңіл көншітеді. Жалпы көркем дүниенің алтын арқауы, оның драматургиясы десек, сериалдың сценарийін жазысып, құрлысын түзген кәсіби драматург Ұларбек Нұрғалымұлының айырықша қолтаңбасы байқалады. Уақыт пен қаржының тапшылығына қарамастан, ойлы да тұшымды сериал жасаған шығармашылық топқа ризалығымызды білдіреміз. А.Құнанбаевтің 175 жылдық тойындағы ең бір қайырлысы осы болған тәрізді. Әуезовтің сөзімен айтсақ, енді "Қазақшалап" Шәй ішуге болады екен 😀 


Бейсен Сұлтан: "АБАЙ ЖОЛЫНАН" АЛҒАН АЛҒАШҚЫ ӘСЕРІМ

"Әркімнің жүгі өзіне ауыр" бұл Мұрат Есжан бауырымыздың(бас редакторы Ұларбек Нұрғалымұлы) "Абай жолы" телехикаясында Абайдың Шәугімбайға айтқан сөзі. Абай туралы талайлаған спектаклдер, өлеңдер, мақалалар, әдеби шығармалар жазылып, кинолар түсірілді. "Түйенің танитыны жапырақ" демекші жұрттың бәрі неғып Абайға жүгіре береді. Қазақта Абайға жетпесе де, ұлы ақынның төңірегінде небір мықты, ұлы тұлғалар болған ғой. Мысалы, Шәкәрім, Әуезов, Шоқан, Сәбит, Ғабит... деп кете береді. Солар туралы неше түрлі мықты кинолар түсірілсе құба-құп болар еді дейтінбіз. Оның үстіне ұлы ақынды анау бір жұлып, мынау бір жұлып әкетіп, қарапайым көрермен үшін бір түсініксіз тұлғаға айналып барады ау деп уайымдайтын едік. Бүгін біз тағы да бір Абай жайлы түсірілген телехикаяның көрермені болып отырмыз. Бірақ, бұл "Абайдың" бұрынғы Абайлардан жөні бөлектеу екенін аңғаруға болады. Тілі де түсінікті, өзінше көркем. Бұл киноның(кино дей берейін) сюжетінде Абай мен Мұхтар өмірін қатар өрбітіп отырыпты. Яғни бір жағынан ұлы ақынның өмірі баяндалса, енді бір жағында жазушы Әуезовтің шығарманы жазу кезінде басынан өткен тарихи деректер бойынша өрбіпті(бұл өз ойым). Маған басты ұнағаны Абай мен Мұхтар Әуезовтің рөліндегі актерлер. Сәкен Ғалымов(Жақсылықұлы депті ғой)  қырынан қарағанда тура ұлы жазушының өзі екен әншейін)) Аталған телехикаяда Әуезовтің "Абайдың портретіне де Абай болуымыз керек" дейтіні бар. Режиссерде соған қатты мән бергенін киноны көргенде аңғару қиын емес. Арасындағы Шәугімбай(Жүсіп Ақшора) секілді қосымша рөлдерде киноның сүйкімін арттыра түскен. Оның кигіз үйдің маңында кетіп бара жатып, аяғына ілініп қалып сүріндірген затты лақтырып жіберуі де кино бояуын қанықтырмаса кемітпесі анық.  Айтпақшы, Әуезовтің жасырақ кезеңдегі рөлін сомдаған Нұрлан Әлімжанның бейнесі де өте жақсы ойластырылған екен деген ойға келдім.
Қорыта айтқанда, Мұрат Есжанның "Абай жолы" телехикаясын көре отырып, сценарий авторлары Ұларбек Нұрғалымұлы, Мұрат Есжан, Мақпал Мадияроваларға, сондай-ақ телехикаяның бас редакторы Ұларбек Нұрғалымұлына жарайсыңдар, еркек екенсіңдер) дегім келеді. Жаста болса бас болған кионгерлерге рахмет айтамын. Өнерлерің өсе берсін! Әдетте отандық киноларды көрсек, сүйінгеннің орнына жынымыз жиі келе беруші еді🤭 Ал бұл жолы олай болмады. Артық мақтап кетсем кешірім сұраймын. Кинодан алған әсерімнің биігінен🤭😀түсе алмай отырған сол). Оның үстіне Шәкәрім атамыздың сөзімен айтқанда "бұл ән бұрынғыдан өзгерек" боп тұр ғой🌹🌹 👏👏👏



author

Абай

КОМПОЗИТОР

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...