«Ала-Тоо» кинотеатрында Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» және Айжан Қасымбекті...
Тәшеновтің тарихи тұлғасы
2556
Мемлекет және қоғам қайраткері, тау тұлға Жұмабек Тәшенов 1915 жылы Ақмола облысы Аршалы ауданы Танакөл ауылында (Бабатай қыстауында) туған. Саясаткер Жұмабек Ахметұлы 1955 жылы 19 сәуір – 1960 жылы 20 қаңтар Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы, 1960 жылы 6 қаңтардан 1961 жылы 20 қаңтарға Қазақ КСР министрлер кеңесінің төрағасы болды. Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің тұтастығының сақталуына зор еңбек сіңірді. Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шығып, алып қалды. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында «қазақ ауылын» құрды деп айыпталды. «Қазақ әдебиеті» газетін жабудан, «Социалистік Қазақстан» газетін «Казправданың» аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды. «Ұлтшыл» деп айыпталып, Н.Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылды. 1961-1975 жылдары Шымкент (қазіргі Түркістан) облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. 1975 жылы одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты. Өмірінің соңғы кезеңінде «Қаракөл» ғылыми-зертханалық институтында, Түркістан облысы талдау-есептеу орталығында қызмет атқарды. Қилы да қиын тағдыр кешкен Тәшенов тұлғасына қатысты тарих беттерінде теріс пікір кездесе бермейді. Өткен жылы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы бірқатар тарихи тұлғалар жайлы телесериал түсіріп, көрермен назарына ұсынған болатын. Оның ішінде жоғарыда аты аталған Тәшенов тұлғасына қатысты «Тәшенов. Тайталас» атты телехикая да түсірілген. Телесериал тамыз айында көрермен назарына ұсынылды. Бұл сериал өз дәуірінде жеке мансабы мен отбасының қауіпсіздігіне қарамастан Кеңес одағының көсемі болған Никита Хрущевтің қазақ жерін бөлудегі идеясына ашық қарсылық білдірген, Қазақстанның ірі қоғам қайраткері, саятсаткер Тәшенов тұлғасына арналған.
Телесериалдың режиссері – белгілі кинорежиссер Жасұлан Пошанов, сценаристері: Мұхамед Мамырбеков, Жайық Сыздықов; рөлдерде: Дінмұхамед Қонаев – Нартай Сауданбекұлы, Никита Хрущев – Сергей Астраханцев, Леонид Брежнев – Виктор Ашанин, Пантелеймон Пономаренко – Михаил Маскалюк, Климент Ворошилов – Игорь Личадеев, Бәтес Ыдырысқызы – Лаура Мырзахметова, Жұмабай Шаяхметов – Дәрежан Өмірбаев; бас продюсері – Нейла Рысбекқызы. Телехикаяның басты рөлін сомдаған Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының белді актері Төлеубек Көңбайұлы. Осыған орай Тәшеновтің кинодағы образы жайлы актерді әңгімеге тартқан едік. – Төлеубек Көңбайұлы, бұл сіздің кино әлеміндегі алғашқы басты рөліңіз бе? – Иә, бұл кино саласындағы алғашқы сомдаған басты рөлім. Бірақ оған дейін басты рөлге жедеқабыл рөлдерде және жанама рөлдерде ойнап жүрдім. Мәселен, «Алмасай» телехияқасында сондай маңызды рөлге түскенім бар. – Сіздің ең бірінші театр актері ретінде жақсы білеміз. Ақмола облыстық театрында көп жылдан бері өнер көрсетіп келесіз. Әңгімеміздің басын театр саласынан бастасақ. «Театр актерлері киноға келсе, киноны театрландырып жібереді» деген де пікір айтылып жатады, бұған сіздің көзқарасыңыз қалай? – Біз қазақ өнерінің қара шаңырағы Т. Жүргенов атындағы өнер ордасынан білім алдық. (Ол кезде иниститут еді). Онда көп басымдық театр актерлеріне беріледі. Институтта киногерлердің бір неше группасы болды. Киносценарий жазатын, кинорежиссураға қызығатындар білім алатын. Ол – Талғат Теменовтың курсы. Онда киноға керекті нәрселер үйретіледі. Мәселен, кино тілі. Киноға көп актер театр арқылы келеді. Ал кино табиғи болуы үшін құрамға кейде қарапайым адамдарды алып жатады. Бірақ ол 10 дубльмен бір сахнаны аяқтауы мүмкін. Ал театр актері дайын келеді. Өйткені, театр актердің демін, даусын, сенімділігін, жүрі-тұрысын және көрерменмен байланысын қалыптастырады. Осы арқылы киноға келдік. Ал былай қарап отырсақ, кинодан театрға келген адамды көрмеппін. Театр деген синтездік, синкретті өнер деп бекер айтылмайды. Голливудты айтпағанда, ТМД елдерінің киножұлдыздарын қарасаңыз – бәрі театрдан шыққан актерлер. Біз де ондай мысал көп. Мәселен, көзі тірі аңыз адам – Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов. Сол секілді барша мықты актер театрдан шықты ғой. – Демек, олай бөле-жару дұрыс емес пе? – Жо, ол жерде мынандай бір қағида бар: кинорежиссерлер түсірілім басталарда ескертеді: «театрланып кетпесін, өмірге жақын болсын» дейді. Сондай талап бар кинода. Мысалы Ресей киноларын театрландырып ойнайды. Бірақ қабылданады. Ал біздегі кейбір ресжиссерлер театрлануды құп көрмейді. Біздердікі де дұрыс. Кино кинотілімен көрерменге жетсе дейді. Басты нәрсе – киноның сценариі, ол мықты болса, актер алып шығады. – Тәшеновтің рөліне дейін қанша кинода ойнадыңыз? – Айдын Сахаман фильмдерінде, Жасұлан Пошановтың «Ән-аға» киносында және Баянғали Әлімжанов ағамыздың Паң Нұрмағанбет атындағы киностудиясы біршама рөлдерде ойнадым. Одан кейін деректі фильмдерге түстім. Нұрлан Қазиұлы түсірген «Өмір жолы» және Мая Бекбаеваның «Дәуір даналары» атты Тәшенов туралы деректі фильмдерде де Тәшеновтың рөлін сомдаған болатынмын.
– Оны сұрап отырған себебім, төрт сериалы телехикаяттағы Тәшеновтің тұлғасын сомдаудағы дайындығыңыз жайлы білмек едім? – Мұндай жауапты рөлді ойнау өте қиын. Өйткені, жауапкершілік жоғары. Ол кісі ХХ ғасырда өмір сүрді. Көзін көрген адамдар әлі де бар. Фотосы, видеосы сақталған. Мысалы, кинодан кейін бір көзкөрген адамдар «ол кісі ондай еді, былай болса дұрыс болар еді» деген секілді пікір айтылады. Өйткені кей көрермен тұлғаның тарихи орбыразына емес, түр әлпетінің ұқсастығына ғана мән беріп жатады. Әрине, нанымды болу керек, бірақ кино ол көркем өнер ғой. Жалпы ұлттық деңгейдегі тарихи тұлғаны сомдау – қиынның қиыны. Жас ұрпақ белгілі бір деңгейде тарихи тұлғаның образын кино арқылы қабылдап алады. Оның түсінігіндегі тау тұлға қораш біреу болып шықса, ұрпақ одан жериді. Егер мықты болса, оның идеалына айналады. Маңызы осында. Мысалы, одан арғы замандағы тұлғаларды сомдау жеңілірек. Мәселен гриммен жасау арқылы да кейіпкерді сомдауға болады. Ал мұндай саяси тұлғаны сомдау тіпті қиын. Бұлар «партиный» адамдар. Эмоциясын шығара бермейді. Олардың өзін ұстауы, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері де өзгеше. Мол ізденісті қажет етеді. Оның үстіне мәтіннің 70 пайызы орысша. Оның көбі саяси сөздер. Орыс тілінде менде акцент бар, бірақ Ташенов атамыз да акцентпен сөйлейтін деседі. Қостанай театрының негізін қалаушылардың бірі Ерсайын Төлеубай деген тарихшы, драмматург ағамыз бар. Алматының Жасөспірімдер және балалар театрында, Әуезов театрында, Семейдегі театрда көп жыл істеген. Қазақтың қайраткер тұлғалары жайлы жазған біраз драммалары бар. Сол кісі Тәшенов жайлы көптен толғандырған «Алдаспан» деген спектакль жазған екен. Ол спектакльді еліміздегі біраз театрға ұсыныс жасайды. Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры қоятын болды, ол кезде Марал Қажыкенқызы деген басшымыз бар еді, келісім берді. Ерсайын Төлеубай режиссер ретінде өзі қойды. Актерлер құрамын да өзі таңдады. Ташеновтің рөліне мені таңдау маған түсіпті. Бұл мен үшін күтпеген ұсыныс болды. Осылайша, алғаш рет қазақ театр сахнасында Тәшеновтің рөлін ойнадым. Сол кезден бастап мен бұл кісінің өмірбаянын зерттедім. – Сөйтіп, сіз бұл рөлге үлкен дайындықпен келдіңіз? – Иә, солай деуге болады. – Тарихи тұлғаларды сомдағанды біздің көрермендер көп жағдайда сол адамға ұқсастығына қатты мән береді. Ал өзіңіз Тәшеновке қаншалықты ұқсаймын деп ойлайсыз. Ол кісінің сізге дәл келе кеткен деп естідік. – Жалпы сыртқы пошымымыз, натурамызда ұқастықтар бар тәрізді. Ол кісінің менен бойы сәл-пәл аласалау болған, көзі домалақ, ал жалпы түр-әлпетімізде ұқсастық бар. Жоғарыда айтқан «Алдаспан» спектаклін Алматыда қойдық. Тәшеновтың Саян деген ұлы, Фатима деген келіні бар. Сол кісілер спектакльге келіпті. Қойылым біткен соң сахнаның арт жағына келіп, ұлы мені «папа» деп құшақтады. Сол сахнада Фатима апай: «Әкемізді көз алдымызға әкелдіңіз, қайта тірілткендей болдыңыз. Мынау сол кісінің сағаты» деп қолыма сағатын таққан болатын.
– Ал кино жарыққа шыққаннан кейін көрермендер қалай қабылдады? – Кино шыққан соң бір аптадан кейін Фатима апайға хабарластым. Апай ризашылығын білдірді. Адамның ешқашан өз-өзіне көңілі толмайды. Бірақ көп адамның пкірі жақсы болды. Өйткені, Тәшенов тұлғасы тұңғыш рет көрерменге жол тартты.
– Режиссердің шешімі деп қалдыңыз. Жалпы режиссермен келіспей қалған тұстар болды ма? – Жасұлан Пошанов негізінде актерлерге көп еркіндік береді. Сценариден ауытқып кетпесең болды, өз сахнаңда өз қиялыңмен сомдауға болады. Бұл – актердің өнер көрсетуіне мол мүмкіндік. Сондықтан келіспей қалатын тұстар болған жоқ. Жасұлан – елімізге белгілі, мықты тәжірибелі кинорежиссер. Бұған дейін де біраз жұмыстар істелген. Бұл телехикаяның осылай жарқырап шығуы – Жасұланның жасампаздығы. Өйткені, бұл – әркім бара бермейді өте қиын тақырып... – Жарыққа шықпай қалған эпизодтар бар ма? – Бар... – Әңгімеңізге рақмет!
janabastau.kz