Әйелдердің көзімен: VII Халықаралық әйел режиссерлер кинофорумы - шығармашылық пен эксперимент алаңы

Madeniet Portaly

КИНО
287

«Кино - бұл тек экрандағы оқиға емес, бұл ішкі әлемді зерттеу және сезім арқылы қабылданатын тәжірибе» -  дәл осындай қағида әйел режиссерлердің шығармашылығын анықтайды. Әр кадр олардың эмоциясын, психологиялық күйін және символикалық мәнді біріктіре отырып, қарапайым оқиғаны күтпеген тереңдікке бөлейді. Көрермен үшін әр фильм - тек көрінетін оқиға емес, ой мен сезімнің симфониясы, психоэстетикалық тәжірибенің көрінісі.

Міне, осындай өзіндік әлемді ашуға арналған алаң – VII Халықаралық әйел режиссерлер кинофорумы (Ош қ., Қырғызстан). Форум әйел режиссерлерге шығармашылық тәжірибесін бөлісуге, өзара қолдау көрсетуге және қоғам мен табиғат мәселелерін бейнелеуге мүмкіндік беретін ерекше платформа болды. Көрермендер мен мамандар бір арнада кездесіп, фильмдерді эмоциялық және визуалды деңгейде бағалап, режиссерлермен диалогқа қосылды. Бұл шара әйелдер киносына деген қызығушылықты арттырып, олардың кәсіби өрлеуіне жаңа серпін беретін маңызды алаңға айналды. Шара екі негізгі бағдарлама бойынша өтті: «Экологиялық және әлеуметтік активизм» және «Әйелдер объективі». Бірі табиғат пен қоғамға қатысты өзекті мәселелерді көтерсе, екіншісі әйел режиссерлердің жеке көзқарасы мен шығармашылық тәжірибесін паш етті. Барлығы төрт күн ішінде 25 фильм көрсетіліп, әрбір туынды өз тақырыбымен және жаңа визуалды шешімдерімен көрерменге әсер қалдырды. Режиссерлердің жұмыстары дәстүрлі шектеулерден тыс шығып, жаңа ойлар мен әдістерді танытты, көрерменді ойландырып, кейде күтпеген эмоциялар сыйлады.

 

«Құпиялықты сақтап» - реж. Луиза Зарипова ( 1 орын - «Әйел көзқарасы» конкурсы)

 

Baiqonyr кинофестивалінде «Үздік режиссура» жүлдесін иеленген Луиза Зарипованың «Құпиялықты сақтап» фильмі тағы да үлкен экранға оралды. Камераға сыйған шағын ғана оқиға - орта жастағы әйелдің анонимді алкоголиктер клубына барып жүруі - режиссер қолында адамның ішкі жан әлемін өлшеп, өткен қателікті түзеу жолына түскен жанының қалт-құлт еткен тынысын сездіретін нәзік лирикалық хикаяға айналады. Луиза Зарипова түсірген кеңістік бір жағынан құпия, екінші жағынан жанды емдейтін нәзік аймақ секілді. Режиссердің силуэтке негізделген композициясы Гүлнар бейнесін сұрғылт, салқын фонға орналастырады. Кадрлардың графикалық дәлдігі, тар шеңберге сыйған әлемнің тәртіпке көнген симметриясы кейіпкердің ішкі тыныштығын емес, көптен бері айтылмай, көңіл түкпірінде қатып қалған ауыр сезімдердің сызын аңғартады. Жан айқайсыз, үнсіз сөйлейді.

Фильмнің басында үстемдік құрған суық тоналды гамма Гүлнардың ішкі оқшау күйін дәл басады. Суық түстер - жүректегі үзілістің, жан әлеміндегі қоңыр салқынның көрінісі. Бірақ уақыт өте келе, жалған сезімге ұласқан махаббаттың қылаң беруімен кадрларға жылы бояулар араласа бастайды. Жарық жұмсарады, кеңістік кеңиді, ал түстер біртіндеп үйлесім тауып, үзілген көңілдің қайта жібігенін тұспалдайды. Түс драматургиясы - кейіпкердің сөзбен айтылмайтын күйінің айнасы, реңктердің арасындағы контраст та осының белгісі. Кайратпен таныстығы, темекінің жаңа тұқылы, кадрдағы сары түсті ұсақ детальдар - барлығы Гүлнардың өміріне жарық нүкте болып еніп, жаңа тыныстың бар екенін білдіреді.

Финалдағы талдың мамығы - ерекше символ. Қазақ үшін мамық - жаздың иісі, жеңілдік пен жаңарудың белгісі. Гүлнар Кайраттың отбасын қайта табысуына себепші бола отырып, өзі де соны байқамай, жүрегіне тыныс кіргізеді. Фильмнің басында «бәрі оңай емес» деп кесіп айтқан кейіпкер, отбасы қауышқан сәтте самал желмен бірге қалықтаған тал мамығына қарағанда, алғаш рет кеудесіне ауа толтыра дем алады. Монтаж бен кадр құрауында көзқарас ерекше рөл атқарады: Гүлнардың Кайратқа, Кайраттың жұбайына қарауы - үш адамның тағдырлы үнсіз диалогы секілді. Ал ірі пландарда Гүлнардың микромимикасы айқын көрінеді: бір түйір эмоция, кішкентай діріл, айтылмаған сөздің көлеңкесі. Бела Балаш айтқандай, ірі план - адамның жанын ашатын микроскоп. Режиссер осы микроскоп арқылы Гүлнардың жүрек түкпіріндегі ең нәзік қозғалыстарды көрсетеді.

«Құпиялықты сақтай отырып» -  сырт көзге қарапайым, бірақ жанға салмақ түсіретін терең фильм. Луиза Зарипова көркемдік құралдарды тек әсемдік үшін емес, кейіпкер психологиясын ашу үшін қолданады. Сондықтан фильм аяқталғаннан кейін де көрерменнің бойында ұзақ сақталатын бір жұмсақ мұң, бір жарық үміт қалады.

 

«7-ші Ай» - реж. Айзада Амангелді (жюридің арнайы дипломы - «Әйел көзқарасы» конкурсы)

 

Айзада Амангелдінің «7-ші ай» фильмі әйел тағдырын қоғамның қатал стандарттары мен жеке трагедияның қиындығымен қабаттастыра көрсетеді. Бас кейіпкер Мира өз өмірінде ауыр шешімдер қабылдайды: операциядан кейін ана болу мүмкіндігінен айырылып, бұл сырын айналасына жасырған күйі өмірін жалғастырады. Қоғамдағы әйелге деген қысым - оның тек психологиялық ғана емес, моральдық да жүктемесін арттырады. Мираның жалған жүкті болып көрінуі - тек қорғаныс емес, сонымен қатар қоғамның талаптарына бейімделу жолындағы трагикомедиялық әрекет. Фильмде визуалды шешімдер кейіпкердің ішкі дүниесін ашады. Фронтальды композиция арқылы кейіпкерлер камерамен бір жазықтықта орналасады, бұл көрерменге тыныштық сезімін береді, алайда статикалық кадрлардың арасынан ішкі шиеленіс анық көрінеді. Айнаны қолдану да кейіпкердің өз-өзіне қатысты параллель бейнесін көрсету әдісі. Бұл тек техникалық элемент емес, сонымен бірге кейіпкердің өзіндік қақтығысын көрнекі қылады: ол өзінде жоқ, армандаған бейнені айнадан көреді,автор оның психологиялық күйін көрерменге жеткізеді.

Жарық режиссерканың негізгі драмалық құралдарының бірі. Жұмсақ, біркелкі жарық бейтарап тыныштық сезімін береді, бірақ фильмде дәл осы тыныштық ауыр психологиялық жүктеменің фонында ерекше әсерлі болады. Соңғы кадрларда объектив баяу жақындап, әйелдің бетін толығымен ашады - көрерменнің ішкі күйіне қысым жасайды, бұл сцена психологиялық триллер эффектін тудырады. Фильмде эмоциялық экспрессияны камера тілінде жеткізу ерекше. Көз жастары қуаныш па, жоқ па деген сұрақ соңына дейін ашық қалады. Бұл тек кейіпкердің жеке сезімі емес, қоғамдағы әйелдің тағдырлық ауыртпалығын көрсету құралы. Мираның ішкі әлемі арқылы фильм стереотиптерге, қоғам қысымына, және жеке тұлғаның психологиялық жарасына назар аударады. Әрбір кадр, әрбір композициялық шешім кейіпкердің шындық пен жалғандық арасындағы күресін көрерменге жеткізеді.

«7-ші ай» - көрерменді эмоциялық және психологиялық тереңдікке жетелейтін, визуалды тіл арқылы ішкі трагедияны ашатын туынды. Фильм әйел тағдырын жеке драмамен ғана емес, сонымен бірге қоғамның қаталдығы мен адам психологиясының нәзіктігін көрсету тұрғысынан шебер баяндайды.

 

«Алтын балық» - реж. Айжамал Мирбек қызы (Ош қаласы әкімдігінің арнайы сыйлығы)

 

Айжамал Мирбек қызының «Алтын балық» фильмі - балалық нәзіктік пен психологиялық тереңдікті үйлестірген шебер туынды. Басты кейіпкер Сезімнің әкесінің жұмбақ жоғалуы оның әлемін түбірімен өзгертіп, кішкентай қыздың ішкі күресі арқылы көрерменді ойландырады. Әкесінің өлімі туралы білмейтін Сезімді қорқынышты хабардан қорғау үшін көрші атасы оған алтын балық сыйлайды, оны әкесінің рухы ретінде таныстырады. Бұл қарапайым, бірақ символдық әрекет - Сезім үшін өмірдегі сүйіспеншіліктің, махаббаттың және сенімнің белгісі. Фильм сюжетінің қарапайымдылығы оның күшін арттырады. Сезімнің балықта әкесін көруі - баланың өзінің шындықтарын жасап, өмірдің түсініксіз қырларымен қалай күресетінін бейнелейді. Бұл көрініс тек жеке трагедия емес, әрбір адамға тән «ұстап қалу мен босатудың» терең мәселесін ашады. Қыздың әкесін сүйіспеншілікпен босатуы - махаббаттың ең нәзік, бірақ қайғы-қасіретке толы қырын көрсететін символдық көрініс.

Визуалды тіл фильмнің негізгі құралы. Композиция минималистік, кейіпкерлер саны аз, бұл Жапон киносының тыныш, мәнді эстетикасын еске түсіреді. Ауылдың табиғаты, әдемі ковры мен қарапайым интерьер, су элементі - барлығы фильмнің эмоционалды ландшафтына қызмет етеді. Су - негізгі визуалды мотив: оның толқындары, өзгермелі формасы, түсі мен қозғалысы Сезімнің әкесін босату процесін бейнелейді. Толқынның келіп, кетуі - балаға тән нәзік, бірақ терең ішкі процесс. Жарық режиссерканың негізгі драмалық құралы ретінде қолданылады. Табиғи жұмсақ жарық кадрларға жылулық пен интимділік береді, ал кейбір көріністерде суды сақтайтын банканың ішіндегі балыққа қарап тұрған қыздың бет-әлпеті - фильмнің жүрегіне айналады. Бұл кадрларда балалық наивтілік, қайғы, сүйіспеншілік пен риясыз сезімдер үйлесіп, көрерменді терең әсерге бөлейді. Сезім мен балық арасындағы әңгімелер, оның ішкі монологтары көрерменге қыздың әлемін сезіндіреді. Бала логикасы мен эмоциясының, қарапайымдылық пен күрделіліктің шынайы үйлесімі. Әрбір кадр, әрбір визуалды деталь Сезімнің ішкі әлеміндегі күресті, махаббат пен қоштасудың нәзік заңдылықтарын көрсетеді.

«Алтын балық» - балалық қайраттылыққа, таза сезімге және нәзік даналыққа арналған поэтикалық туынды. Фильм бізге махаббат кейде «ұстау емес, босатуды» білдіретінін, өмірдің ауыртпалығын бала санасының қиялы арқылы жеңуге болатынын көрсетеді. Туынды қарапайым көріністер арқылы терең психологиялық ой тудырып, көрерменді эмоциялық тереңдікке жетелейді.

 

«Көз ілмейікші?» - реж. Жанель Кужукпаева («Азия шығармашылық әйелдері» қорының арнайы сыйлығы)