Ақерке Асан. АВАТАР және ҚАЗАҚ КӨРЕРМЕНІ

КИНО
1218

Қазір кинодан алпауыт күш жоқ сияқты. Жақсы кино – мәдениеттің тірегі, арзаны – күйреуі. Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Голливудта аты аңызға айналған режиссері Джеймс Кэмеронның «Аватар. Су жолы» картинасының қазақша дубляж көрсетілімі өтті. Әлеуметтік желілерде мемлекеттік тілде сеанстарға қолдау көрсету үлкен қолдауға ие болып отыр. Ал осы фильмнің көрерменге, оның ішінде қазақ көрерменіне берері бар ма?! Біз соған назар салып көрейік.

Аватар – әлемдік деңгейде Голливудтың ең ірі, танымал һәм үздік жобаларның бірі: жоғары касса, оң рецензиялар қатары, беделді номинациялар мен марапаттар. Фантастика, оның ішінде ғылыми фантастика жанрында қатарынан оза шапқан киножоба әлем мәдениетінің тарихында ойып өз орынын қазірден-ақ мойындатып отыр. Ең маңыздысы - Аватар жастардың ағылып баратын кинолардың бірі. Оқиға келешектегі 2154 жылдың есебімен бастау алады. Жер бетінде табиғат ресурстарын барынша пайдаланып, түкеткен адамзат енді өмір энергиясын өзге планеталардан іздеуді көздейді. Демек, сюжеттің басты діңгегі отарлау мәселесіне келіп байланатынын көреміз. Сонымен жаңа шыққан бөлімнің көрерменнің көкейінде оятар келесі мәселерге тоқталып өтейік:

1. Күштеп отарлау – өзгенің табиғатына еш құрмет тұтпастан қол сұғу. Бұл орайда кинода көрініс алатын тайпалық мәдениетке ақ нәсілді адамдардың басып кіруі еске түседі. Америкалық қауым үшін бұл өзекті мәселе: Колумбтың ізімен келген ағылшындар индеецтардың стихиялық түрде дамып келе жатқан цивилизациямысына құлдық сананы әкеліп, немесе қазіргі Африка жеріне әлем державаларының көз тігу тенденциясын ұмыт қылу мүмкін емес. Фильмде сипатталған басты образ – на’ги нәсілі де көне индеецтардың мәдениетін еске салады. Отарлау саясаты түбі үлкен қателіктерге, сорақысы - жазықсыз қантөгіске әкелетінін Кэмерон тайға таңба басқандай анық көрсетеді… Бұл тақырып қазақтардан да алыс емес…

2. Табиғат пен технология антитезасы. Кинода табиғат әлемі - ең таза, шынайы күш. Табиғат – шексіз құдірет. Адам баласының санасы жетілдірген технология осы табиғат күшіне кереғар келетінін әлем әдебиеті талай көрсетіп келеді. Бүгінде жоғары бағаланатын һәм потенциалы биік жанрлар - фантастика, фэнтези, антиутопия – бәрі де технологияның катастрофалық күшін алға шығарып отыр. Хаксли, Воннегут, Замятин, Оруэлл, Исигуро сынды авторлар да технология мен табиғаттың қайшылықтарын осылай баяндаған…

3. Аватардың осы жолғы екінші бөлімінде орын алған үлкен тақырыптардың бірі – Әкелер мен Балалар мәселесі. Бұл да бір мәңгілік тақырып. Балаларын қорғаштап қате басқан әкелер, ата-ана түсінігінің көлеңкесінде адасқан балалар. Алдынғы буынның қорқынышы – кейінгі буынның күйзелісі…

4. Отбасы, ағайынның байланысы. Қазіргі қоғамда сәнге айналған «сауатты эго» тенденциясына сауал қойған режиссер адамның адамға тәуелді екенін отбасылық, тайпалық, достық қатынастар арқылы көрсетеді.

5. Теңіз философиясы. Әдебиетте Камюді күн философы деп атасақ, модернист кинематографтар ішінде Кэмерон өзін теңіз философы ретінде көрсетіп келеді. Титаниктен бастау алған тұңғиық тамшылары – Аватарда өз жалғасын тапты. Су бейнесімен өмірдің метафорасын жеткізген тұстары өте сәтті шыққан. Өлімді – өмірдің жалғасы етіп көрсеткен көркем әдістер экранға жаңа тыныс бергендей болды.

Жоғарыда атап өткен адамзатқа ортақ мәселелер қазаққа да ортақ екені сөзсіз. Жасөспірімдер жоғары бағалайтын ғылыми фантастика туындыларын қазақша сөйлету – ең дұрыс бағыт. Байқоңырдың бауырын мекен еткен қазақ халқының да ғылыми фантастика жанрына әкелер жаңалығы алда деп сенемін.

Құрметті замандастар! Кейінгі кезде үлкен экранға шығып жүрген блокбастерлердің қазақша дубляжі барынша сапалы болып келеді. «Қазақ тілі – бай тіл, оралымды, ырғақты» деген Ғ.Мүсіреповтің сөздері есіме оралып отыр. Қазақ тілі кинодағы барлық эмоция мен сезімдерді әдемі, нанымды жеткізген. Қазақша дубляжды қолдаудан шаршамаңыздар!

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...