Хасан Кыдыралиев, қоюшы-оператор: «Қазақстан кино саласына жанашырлықпен қарайды»

КИНО
3815

Белгілі кинорежиссер, актер, сценарист Александр Митта: «Премьерада жүздері бал-бұл жанған, бақытты бір топ адамның бір-бірін құттықтауына және олардың әрқайсысының сүйген жарына, дос-жаранына «Бұл - менің фильмім» деп мақтануына құқығы бар. Бірақ режиссер фильм өзінікі екенін біледі ғой», - деп жазады «Кино между раем и адом» еңбегінде. Рас, режиссер – фильмнің иесі. Дегенмен, әр фильм – ұжымдық жұмыстың нәтижесі. Мысалы, әлемдік кинематографияның ең әмбебеп майталманы – Чарли Чаплин өзі продюсер, сценарист, режиссер, актер, монтажер, композитор болған. Сөйте тұра, түсірілім алаңында оның қасында оператор, дыбыс режиссері, ассистенттер, тағы басқа мамандар жүрген. Кинодағы басты кадрдың бірі – қоюшы оператор. Қазақ, қырғыз киносының мэтрі, Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының (ВГИК) түлегі, П.Лебешев атындағы сыйлықтың иегері Хасан Кыдыралиевтен қоюшы операторлықтың қызық та қиын жұмысы туралы сұрадық...

Хасан Кыдыралиев, қоюшы-оператор

М. М.: Хасан аға, уақытсыз уақытта сұхбаттасуға уақыт тапқаныңызға рахмет. Дәл қазір қандай фильмнің түсірілімінде жүрсіз?

Х. К.: «Қазақфильм» тарихи жанрдағы ірі картина түсіріп жатыр. Әзірше «Қасым хан» деп аталады. Бірақ «Ұлы дала таңы» деген атаумен шығады ғой деймін. Режиссері - Ақан Сатаев. Мен - сол фильмде қоюшы-оператормын. Жұмысты енді бастадық. Қазіргі таңда павильондағы түсірілімдер жүріп жатыр. Қар еріп, жер толық қарайса, даладағы сахналарды түсіруге кетеміз.

М. М.: Сіз - көптеген тарихи фильмнің қоюшы-операторысыз. Жалпы, тарихи картиналарды түсірудің спецификасы қандай?

Х. К.: Мен «Томирис», «Анаға апарар жол», «Жаужүрек - мың бала», «Сардар», «Мұстафа Шоқай» сияқты тарихи картиналардың түсіріліміне қатыстым. Тарихи фильмдерді түсірудің қиындығы көп. Біріншіден, түсірілім алаңын табу – үлкен проблема. Мысалы, «Анаға апарар жолда» 30-жылдардағы үйлері бар ауыл таба алмадық. Тіпті, қазір, 80 жылдардың атмосферасын беру де қиын. Шатырлар, терезелер, қоршаулар бәрі өзгерген. Біз декорациялар жасадық, кей тұсында компьютерлік графика қостық. Сондай-ақ «Жаужүрек - мың бала», «Томиристі», «Сардарды» түсіргенде жолдағы көліктің іздері, бағаналар әбден кедергі келтірді. Соны графикамен жасыруға тырыстық. Жұмыс бастамас бұрын режиссермен ақылдасамыз ғой. Сонда негізінен монохронды жарық қолдануға келістік. Мәселен, «Томиристі» алайық. Ол замандағы табиғаттың, өсімдіктердің қандай болғанын білмейміз. Сондықтан жарықты бәсеңдетіп, интерьерлерді күңгірт түс қолданып түсірдім. Өйткені, декорацияны қаншалықты шеберлікпен, айнытпай жасасаң да, оның декорация екені көрініп тұрады. 

М. М.: «Томирис» демекші... Біздің көрермен, әсіресе, бұл фильмдегі соғыс сахналарының жоғары деңгейде түсірілгенін айтып жатты... 

М. К.: «Томирис» картинасы - көпкамералы жұмыстың нәтижесі. Батальды сахналарды түсірудің қиындығы көп. Алдымен бәрін жалпы планда түсіріп аласың. Содан кейін әр кадрды үлкейтесің. Жайдарбек Күнқожаев жетекшілік ететін «Nomad» каскадерлер тобы аттың қатысы бар трюктің бәрін жақсы орындап шықты. Каскадер жігіттер аттан құлағанда жарақат алып қалмаса екен деп уайымдап жүремін. «Томирис» фильмінде аттан құлайтын сахналарды екі дубльмен, ал қылыштасу сәттерін бірнеше дубльмен түсірдік.

М. М.: Жалпы, кинооператорлық шығармашылық мамандық па, техникалық па?

Х. К.: Меніңше, кинооператордың шығармашылыққа да, техникаға да қатысы бар. Олай дейтінім, режиссермен, қоюшы суретшімен, актерлермен жұмыс барысын талқылайсың. Бұл дегеніңіз - нағыз шығармашылық. Ал камераның қозғалысы, крандардың «ұшуы», тағы да басқа техникаға қатысты жұмыстар біздің жауапкершілігімізде болғандықтан, техникалық мамандық деп те айтуға негіз бар. 

М. М.: Ал кинооператор қандай да бір туындының көркемдік стиліне сценарийден тыс, режиссурадан тыс әсер ете ала ма?

Х. К.: Кино – ұжымдық жұмыс. Ол топта суретші, гример, костюмер, актер, сценарист, қысқасы көп адам болады, оны білесіз. Әрине, режиссермен ақылдасамыз, сценариді, әр кадрды талқылаймыз. Бірақ кинодағы басты адам – режиссер. 

М. М.: Хасан аға, Сіздің әкеңіз - атақты кинооператор. Өзіңіз де - Орталық Азияға әйгілі кинооператорсыз. Ұлыңыз Сіздің жолды жалғастырды ма? 

Х. К.: Менің әкем - Кадыржан Кыдыралиев Мәскеудегі атақты БМКИ-ді (Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты) бітірген. Толомуш Өкеев түсірген «Көксерек» фильмінде қоюшы-оператор болған. Қазақстандағы жобасы сол ғана. Ал Қырғызстанда көп фильм жасады. Ең қызығы, мен әкемнің ешбір жобасына қатыспадым. Ол мені оператор ретінде командасына шақырған жоқ (күледі). Ал менің ұлым да – оператор, яғни, ұлым біздің әулеттегі үшінші буын ғой, осы жолды жалғап келе жатқан. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясындағы Ринат Қосайдың шеберханасын тәмамдаған. Қазір менің көмекшім. Тарихи фильм дегеніміз - негізінен көпкамералы түсірілім. Сондықтан ұлым қоюшы операторлардың бірі ретінде бірге жүреді. Алғаш рет «Жаужүрек – мың баланың» түсіріліміне қатысқанда, камераларды қоямын да, жүгіріп келіп, оның камерасындағы мониторды қарап кетемін. Панорама, ірі пландар, жалпы пландарды қалай түсіріп жатқанына уайымдап, сөйтіп қадағаладым. Ал қазір мүлде алаңдамаймын. Ұлымның кәсібилігіне толық сенемін.

Хасан Кыдырбаев, түсірілім алаңында

М. М.: Хасан аға, Сіздің ең алғашқы жұмысыңыз Сатыбалды Нарымбетовтің «Көзімнің қарасы» (1994) фильмі екен. Бұл картина жақсы бағаланды. Фестивальдерде орын алды. Фильм режиссері Сатыбалды Нарымбетовпен тандем қалай басталды? Қалай таныстыңыздар? 

Х. К.: Сәкен ағамен «Көзімнің қарасы» фильмін түсіретін кезде таныстым. О кісі менен бұрын ата-анаммен таныс болған. Әкем кинооператор екенін айттым ғой. Қырғыз режиссері Ақтан Абдыкалыковпен бір сағаттық фильм түсіргенбіз. Сол жұмысымыз Қазақстанда монтаждалды. Сәкен аға соны көріп, менің қолтаңбамды ұнатыпты. Ол фильм ақ-қара түсті еді. Сәкен аға да дәл сондай фильм түсірмекші екен. Сөйтіп, мені «Көзімнің қарасына» шақырды. Сценарийін оқып шықтым, өте ұнады. Сөйтіп жұмыс басталды. 

М. М.: Көрермен де, киносыншылар да «Көзімнің қарасын» Ф.Феллинидің «Амаркорд» (1973) фильмімен салыстырыпты кезінде, әлі солай айтады. Киноға дайындық барысында «Амаркордты» көріп, соған еліктеу болды ма?

Х. К:: Рас, киносыншылар «Көзімнің қарасынан» Феллинидің стилін байқадық деп жазып жатты. «Амаркордты» көрдім. Мен «Көзімнің қарасын» түсіргенде БМКИ-ді бітірген, дипломы бар маман едім. «Амаркордтың» пландарын қайталаған жоқпыз. Біз түсірген әрбір эпизод - Сәкен ағаның өмірбаянының үзіктері. Мысалы, есіңізде ме, фильмнің басында жеті жастағы оқушы үлкен үзіліс кезінде үйіне жүгіріп келіп, шешесін еметін көрініс бар. «Сіз осылай жүгіріп жүрдіңіз ба?» десем, «Иә» дейді Сәкен аға (күлді). Жеті жастағы баланың жарты ауылды басып өтіп, ему үшін үйіне келуі, анасының оны сонша жасқа дейін емізуі маған өте қызық болды. Таңғалдым. 

М. М.: Сатыбалды Нарымбетовтің «Мұстафа Шоқай» фильмінде де Сіз –қоюшы-операторсыз. Арада 14 жыл өткенде Сатыбалды Нарымбетовпен қайта жұмыс істедіңіз. Қандай да бір өзгеріс байқадыңыз ба? 

Х. К.:Сәкен аға мастер ғой. Мүмкін өмірлік тәжірибесі толысқан шығар. «Мұстафа Шоқай» фильмі ол кісіге өте жақын тақырып болды. Соны байқадым.  

"Мұстафа Шоқай" фильмінен үзінді

М. М.: Жалпы, Сатыбалды Нарымбетов кинематографияға қандай жаңалық әкелді дер едіңіз?

Х. К.:Сәкен аға - қазақ киносының мэтрі. Ол - ең алдымен сценарий жазудың шебері. Оның жазғандары өте жеңіл оқылады, жеңіл сіңеді. Сол жазғандарын режиссер ретінде мықты картинаға айналдырады. Кәсіби шеберлігі әр фильмінен көрініп тұр ғой. Маған «Қызжалаған» туындысы қатты ұнайды. Сәкен аға «Омпаның» (1997) түсіріліміне шақырған. Сценарийді оқып, жобаға дайын отырған едім. Бірақ бір кедергілер шығып қалды да, ол фильмді түсіре алмадым. 

М. М.: Сіздің шығармашылық биографияңызды қарап шыққанда байқағаным, негізінен Ақан Сатаевпен бірге жұмыс істепсіз. Жалпы, режиссер таңдайсыз ба?

Х. К.: Режиссер таңдамаймын. Бірақ олар соңғы уақытта мені шақырмай жүр. Қымбат деп ойлайды ғой деймін (күлді)...

М. М.: Шындығында қымбатсыз ба?

Х. К.: Жоға. Қайта өте арзан деп ойлаймын (күлді). Ал Ақан Сатаевқа келсек, рас, Қазақстанда түсірген жобаларымның көп бөлігі Ақанмен бірге екен. Екеуміз жақсы тіл табысып, жақсы тандем болдық қой деймін. Ал Қырғызстанда 16 фильм түсірсем, соның жетеуін режиссер Ақтан Арым Кубатпен бірге түсіріппіз. Айтпақшы, соның фильмдерін қараңызшы, сізге ұнайтынына сенемін. 

М. М.: Мен оның «Бешкемпир» мен «Селкинчек» атты фильмдерін көргенмін... Ал, Қырғызстандағы, Қазақстандағы киноның дамуы туралы не айтасыз?

Х. К.: Киноның дамуына келетін болсақ, қазақстандық әріптестеріме қызығамын. Өйткені Сіздерде киноға мол қаражат бөлінеді. Мемлекет тарапынан қолдау бар, Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі кино саласына жанашырлықпен қарайды. Тарихи фильмдерден бастап, түрлі жанрдағы картиналарды түсіруге Сіздерге мүмкіндік берілген. Біздің ел осы жағынан ақсап тұр.

М. М.: Хасан аға, рахмет! Шығармашылық табыс тілеймін!


Сұхбаттасқан Мақпал Мадиярова,

сценарист, 

ҚР Президентінің БАҚ (телевизия) саласындағы грантының иегері 


Анықтама: Хасан Кыдыралиев 1960 жылы дүниеге келген. Қырғыз Республикасының халық артисі. Белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің «Көзімнің қарасы» (1994), «Мұстафа Шоқай» (2008), Ақан Сатаевтың «Жаужүрек - мың бала» (2011), «Рекэтир» (2006), «Адасқандар» (2009), «Томирис» (2019), «Ағайындылар» (2009), «Ликвидатор» (2010), «Анаға апарар жол» (2016), «Районы» (2016), Рүстем Әбдіраштің «Сталинге сыйлық» (2008), «Жандану аралы» (2003), Болат Қалымовтың «Сардар» (2002), Ардақ Әмірқұловтың «Абай» (2 бөлім, 1995), Серік Апрымовтың «Аңшы» (2003) сияқты фильмдерді түсірген.

author

Хасан Кыдыралиев

РЕЖИССЁР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...