«Конституция бойынша Президентіміз қауіпсіздіктің кепілі ғой, сондықтан ол кісінің міндеті өз...
«Еуразия» кинофестивалінің жеңімпаздары белгілі болды
Он бесінші рет өткен «Еуразия» фестивалі мәресіне жетті. Оған әлемнің барлық түкпірінен актерлер, режиссерлер мен продюсерлер қатысты, деп хабарлайды "Мәдениет порталы" ұйымдастырушыларға сілтеме жасап.
Алғашқы күннен бастап фестивальдің барлық іс-шаралары толық аншлагпен өтті. «Байқау көрсетілімдерінде де, баспасөз мәслихаттарында да, кино қонақтары мен мэтрлерінің мастер-кластарында да, сүйікті актерлермен кездесулерде де зал көрерменге лық толды. Осының барлығы кинофорумның Қазақстанның мәдени өмірінде өз орнын алғанын көрсетеді. Кинофестивальдің құрметті қонақтары - Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, танымал түрік актері Бурак Озчивит, ресейлік жұлдыздар Дмитрий Дюжев, Антон Макарский, Наталия Антонова, ірі халықаралық кинофестивальдердің басшылары, кино индустриясы саласындағы танымал сарапшылар мен сыншылар және голливудтық продюсерлер» делінген хабарламада.
Бүгін «Қазақстан» орталық концерт залында фестивальға қатысқан фильмдердің ішінен ең үздігін анықтау рәсімі өтті. Фестиваль жеңімпаздарын марапаттау рәсімі алдында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қазақстанның Халық әртісі Досхан Жолжақсыновты Қазақстан киносының дамуына қосқан үлесі үшін арнайы сыйлықпен марапаттады.
«NETPAC таңдауы» конкурстан тыс бағдарламасының жеңімпазы - ресейлік «Алпауыт» лентасы. Сыйлықты атақты қытайлық режиссер Се Фей тапсырды. Фестивальдің бас серіктесі «Хабар» агенттігінің ерекше дипломдары татар режиссері Юлия Захарованың «Халима» фильміне, сондай-ақ режиссер Азиз Заировтың «Теңіз және қыз» фильміне табысталды. Жүлделерді «Ел Арна» телеарнасының директоры Арман Сейтмамыт табыс етті.
Үздік қысқа метражды фильм үшін Гран-при қытайлық «Жарқын күндер» кинолентасына бұйырды. Фильм режиссері Мария Хабулл Голливудтың шетелдік баспасөз қауымдастығының атқарушы хатшысы Сергей Рахлиннің қолынан марапатқа ие болды.
Бұл байқауда қазылар алқасының арнайы жүлдесін өзбекстандық Шокир Холиковтың «Шәй» фильмі және беларусь Митрий Семенов-Алейниковтың «Франка» фильмі ұтып алды.
Үздік актер жүлдесін «Эхо» фильмі үшін Йорам Толедано алды, бұл марапатты Ресейдің ең ірі ivi онлайн-кинотеатр өкілі Иван Кузин табыстады. Үздік актриса атағы «Алиса» фильміндегі рөлі үшін Эмили Пипонньеге берілді. Бұл жүлдені танымал ресейлік актер Кирилл Гребенщиков табыстады. Қазылар алқасының арнайы жүлдесін Любовь Борисованың «Менің төбемнен күн батпайды» картинасы ұтып алды. Бұл сыйлықты француз монтажері Эрве Шнейд фильмнің продюсері Дмитрий Щадринге ұсынды.
Үздік режиссерлік жұмыс номинациясын Қазақстанның Халық әртісі, қазақстандық кинематография мэтрі Талғат Теменов табыстады. Бұл сыйлық оңтүстік кореялық «Паразиттер» фильмнің режиссері Пон Джун Хоға бұйырды. Үздік сценарий үшін сыйлықты QED International Covert Media бас атқарушы директоры, Голливудтің үздік продюсерлерінің бірі Александр Шапиро табыстады. Ол «Құдай бар, оның есімі Петруния» фильмінің авторлары Теона Стругар Митевска мен Эльма Татарагичке берілді.
Ең басты жүлде - XV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің гран-приін халықаралық қазылар алқасының төрағасы, танымал венгр режиссері Тамаш Тот табыстады. Ол отандық режиссер Фархат Шәріповтың «Тұлғалық өсу тренингі» фильміне берілді.
Фестивальдің Президенті, Кинематографистер одағының төрағасы Ермек Тұрсынов қорытынды қойылымнан кейін сөз сөйлеп, жеңімпаздарды құттықтады.