«Жоқтау»: Жанның үнсіз сапары

Сурет ашық дереккөзден алынды

КИНО
243

Аруан Анартайдың 2024 жылы жарыққа шыққан «Жоқтау» фильмі. Фильм халықаралық кинофестивальдерде мойындалып үлгерді.

 Маусым айында өткен III Бішкек халықаралық кинофестивалінде KyrgyzBox бағдарламасы аясында «Үздік режиссура» номинациясында марапатталды. Дәл осындай марапатты картина Алматыда өткен 17-ші Eurasia Film Festival-де де иеленді. Сонымен қатар, «Қорғалған орын» беделді Locarno Film Festival шеңберіндегі Concorso Cineasti del presente байқау секциясында ұсынылды, кейін Гонконг, Бразилия, Колумбия және АҚШ-тағы фестивальдерде, соның ішінде Seattle International Film Festival-де көрсетілді. Жақын арада тұңғыш рет Ақтауда өткізілген «Қорқытата» фестивальінде «Үздік режиссер» жүлдесін алған болатын.

Аруан Анартайдың 2024 жылы жарыққа шыққан «Жоқтау» фильмі — қазіргі қазақ авторлық киносының жаңа тынысы. Бұл туынды – ұлттық болмыс пен адамның ішкі күйзелісін, рухани ізденісін бейнелейтін ойлы, сабырлы және символдарға бай туынды. Фильм атауының өзі терең мағына береді. «Жоқтау» – бұл қазақ халқының ежелден келе жатқан жоқтау өнеріне сілтеме ғана емес, өмірден өткен құндылықтарды жоқтап, олармен іштей қоштасу, сонымен қатар жаңа жолға бет бұрудың белгісі. Бұл фильм – қазақ болмысының уақыт пен кеңістік арасындағы орнын іздеу туралы. Фильм кейіпкерлері белгілі бір мақсатпен жолға шыққанмен, олардың сапары – тек физикалық қозғалыс емес. Бұл – ішкі тазалану, өткенмен есептесу, болашаққа қадам басу жолы. Жол барысында олар ауыл өмірінің шындығына, ұмыт болған салттарға, тіпті табиғаттың өзімен үндесуге тап болады. Осы тұста фильм көрерменді де өз рухани тереңдігіне үңілуге итермелейді.

Аруан Анартайдың режиссерлік тілі өте поэтикалық. Ол көріністерді асығыс баяндамайды. Оның орнына әр кадрда – ой, әр пейзажда – символ бар. Қазақ даласының кеңдігі мен үнсіздігі кейіпкерлердің ішкі тыныштығы мен қайшылығын толықтырып отырады.

Санжар Бәйтерековтың қобызға құрылған музыкасы көріністермен әдемі үйлеседі. Қобыздың мұңды, терең үні кейіпкерлердің жан арпалысын дәл береді, әсіресе үнсіз сахналарда музыка оқиғаны сөзсіз жеткізеді.

Фильмдегі басты рөлдерге таңдалған актерлер – Исбек Әбілмәжінов, Ермек Шынболатов және Ирина Балкова – табиғи, жасандылықсыз ойнайды. Диалогтер аз, эмоция көбіне көзқарас, қимыл арқылы беріледі. Бұл — шеберлікті қажет ететін актерлік тәсіл. Ермек Шынболатов сомдаған кейіпкердің ішкі тартысы, Ізгілік пен үнсіздік арасындағы арпалысы ерекше әсер қалдырады.

«Жоқтау» – тек жеке трагедия туралы фильм емес. Ол – бүкіл халықтық жад туралы, ұмытылып бара жатқан рухани, мәдени кодтар туралы туынды. Ауыл бейнесі – тек географиялық кеңістікпен қатар өткен мен бүгінді жалғайтын символ. Қала мен ауыл, жаһандану мен дәстүр, үміт пен мұң – бәрі осы фильмде көркем әрі нәзік түрде бейнеленеді. Фильмде діни, философиялық астарлар да бар. Өмір мен өлімнің мағынасы, адамгершілік, жауапкершілік, сенім мен кешірім сияқты тақырыптар ашық айтылмаса да, көріністер мен кейіпкерлер әрекеті арқылы сезіледі.

«Жоқтау» - ол ойлы көрерменге, тереңдікті іздейтін адамға арналған. Аруан Анартай осы фильмі арқылы қазақ кино өнерінің жаңа, терең деңгейге көтерілуіне өз үлесін қосты. Ол шетелдік фестивальдерге шығып, ұлттық киноның сапасы мен мазмұнын паш етті. Бұл фильм – жоқтау емес, қайта жаңғыруға ұмтылған үндеу.

 

Төлеуханова Ділнәз

Киносыншы

КИНО

Танымал актер Кэри-Хироюки Тагава 76 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Актер...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...