ИСМУРЗИННІҢ ТҮК ДӘЛЕЛІ ЖОҚ ӨТІРІКТЕРІ

Madeniet Portaly

ӘДЕБИЕТ
1007

 1. ӘУЕЛГІ СӨЗ

       Орыс офицері Я.П. Гавердовскийдің өзінің «Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской в 1803-м и 1804-м гг.» деп аталатын еңбегіне қаттап кеткен мәліметтерін бүгіндері үйлеспесе де Табын руынан шыққан Бөкенбайға телу әрекеттері бой көтерді. Талас тудырып жүрген бұл деректердің шындығын бірлесе отырып шешудің орнына тек біздікі ақиқат боп қабылдануы керек деген өңмеңдеген өктемдік орын алды. Тарихтың бүге-шігесін мен ғана білемін деп кеудесін соққан Ж. Исмурзин деген де ақылға салмай «бөкенбайлап» қиқулаған тобыр топқа қосыла кетті. Солардың деңгейіне түсіп. Біздің оған бірнеше ай бұрын «Мәдениет» порталында «Исмурзиннің ғылымға жат әдепсіздіктері» атты тақырыппен жарияланған мақаламызда сын айтуға себеп болған осы жайт-ты.

       Исмурзин жақында қарсы жауап жазыпты. «Бөгенбайтанушы» дилетант Бөрібайдың «ертегілері» (1-бөлім) деген атаумен. Әрине, өз ойын білдіруге хұқылы. Мақаламызда келтірген деректерімізге қарсы салмақты пікір айтар деп күтіп ек. Өйтпепті. Жеке басымызға тиісіпті...  

       Басқа да өсек-аяң. Бұрынғы бір жыл тоғыз ай ғана жұмыс істеген жерімізден облыстық мәдениет саласының «бөкенбайшыл» басшысының көмегімен анкетамызды алып, соны жариялап, тарихшы емес деп «дәлелдепті». Тұқыртпақ болғандағысы. Бар тапқан амалы – осындай сорлы тірлік. Оның бұл әрекеттерінен ғылыми тұрғыдан нақты айғақтар келтіре отырып, сынаған сөзіміз Исмурзинің, сондай-ақ, оның жақтаушысы «бөкенбайшыл» топтың да жандарына батқаны анық аңдалады...

       Күйеуінен таяқ жеген долы әйелдей қатты ызаланған «білгіштің» сөздері барынша кемсітуге, кекетіп мұқатуға, қаралауға түзіліпті. Шындықты айтқан бізге есесі кеткен санасы жарымжан тобыр топ соған мәз...

       Өсек-аяңға, жалаға толы «мақаласының» жазылуына Ақтөбе, Орал, Алматы жақтардағы «бөкенбайшыл» топтың біраз көмектерінің де тигені көрініп тұр...

        Шәкерім қажы, дәрігерлер Х. Досмұхамбетов, С. Асфандияров, темір жол инженері М. Тынышпаев, т.б. тарихшы емес, бірақ олардың еңбектері бүгіндері құнды саналады. Ғалымдар осы тұлғалардың айтқанына сүйенеді. Куәлік етеді. Ғылыми дәреже алу үшін қорғалатын диссертацияда пайдаланады.

       Осы аталарыма еліктеп, жолдарын үлгі қылып, тарихқа байланысты еңбектер жазуды сонау 90-жылдардың басында бастағанбыз. Әуелі Орхон ескерткіштері хақында. Одан кейін баһадүр Әбілқайыр хан, тарихта болмаған «Сегіз сері», «Қожаберген жырау», «Түп-тұқияннан өзіме шейін...», т.б. Өнер тарихы туралы. Бұл істеріміз ғылыми ортада, жұртшылыққа жақсы таныс. Осылардың бәрі һәм бұған Ерофеева мен Исмурзиннің өтіріктерін қосқанда екі том.  

       Алдағы кезде де тарихтың күмәнді тұстарын, ақтаңдақтарын аша береміз шама-шарқымызша. Атап айтсақ, Бұланты-Аңырақай шайқастары, баһадүр Әбілқайыр хан, жоңғарға қарсы «қалың қол бастаған» «даңқты қолбасшы» Табын Бөкенбай, тағы басқалары жайындағы. Мойындағысы келмей хақ сөзге тоқтамайтын долы, көкезу парықсыз тобырлар үшін емес, оларға бірдеңе ұғындырамын деу – уақыт жоғалтып, текке әурелену, санасында саңылауы бар, ақиқатты қабылдай білетін парасаттылар үшін. Шындықты біле жүрсін, әрі қарай адаспасын деп.

       Хош, тақырыптан ауытқымай Исмурзиннің «Бөгенбайтанушы» дилетант Бөрібайдың «ертегілері» деген «мақаласына» көшейік.

 

2. ИСМУРЗИННІҢ ШОҚЫ АТАУЫНА ҚАТЫСТЫ  ШЕКТЕН ШЫҚҚАН ӨТІРІГІ   

       Ананы, мынаны теріп сөз бықсытатын өсекші әйел затына тән қылық Исмурзинге ғана ұнайтын шығар. Бірақ өйтіп оның деңгейіне түсу – бізге намыс. Пікіріміз талас-тартысқа себеп болған шоқының тарихи атауы, басқа да жайттар төңірегінде ғана болмақ. Нақты айғақтар ұсыну.

       Біреуді өтірікші, дилентант деп кінәлауға шебер Исмурзин өзі де қалаған кезде жүзі жанбастан өтірікті соғып жіберетін әдетіне басып, былай дейді: «Соңғы жылдары мерзімді басылым беттерінде, әлеуметтік желілерде, интернет порталдарында Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы аумағындағы Бөкенбай (?) шоқысына қатысты туындаған пікірталас соңы үлкен дау-дамайға ұласуда. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, талас-тартысқа түскен шоқыны отандық тарихнамада (?) табын Бөкенбай Қарабатырұлының есімімен байланыстырып келсе, кейінгі кездері шекті Бөгенбай Жапалақұлына телуге ұмтылған ой-пікірлер легі алға шығуда».

       Көтерем тарихшының «отандық тарихнама» деп отырғаны – іші шылғи бұрмалаушылыққа, өтірікке толы «Баһадүр батыр Бөкенбай» (Ақтөбе, 2011), «Рыцарь «звания честь» Казахский батыр Бокенбай» (Алматы, 2017)  деген кітаптар, басқа да осы сықылды «еңбектер». 

       Аталған таудың ежелден келе жатқан атауы – тап қазір ұяты кем Исмурзин бұрмалап отырғандай  «Бөкенбай» емес, «Бөгенбай». Анық дәлелдер келтірейік. 

       Қолымызда Ақтөбе облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі туралы карта бар. Мұнда былай деп жазылған: «Бұл карта 1976-1993 жылдардағы материалдар бойынша (астын сыздық.-Б.К.) РМҚК «Картография» баспасында құрастырылып, дайындалды. Карта 2001 жылы түзетілді». Міне, осы картада «Бөгенбай тауы» (240 м.) деп қазақша ап-анық таңбаланған. (Қараңыз: №1 картада. Бөгенбай тауы немесе шоқысы).

       Ақтөбе облысы территориясының көлеміне, жер-су атауларына қатысты мәліметтер түзіліп, әр жылдары жарық көрген карталар:

       а) «Қазақстан Республикасы Ақтөбе облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі. Картаны 2012 жылы РМҚК-ның Ұлттық картографиялық-геодезиялық қоры» жасап, баспаға дайындап және басып шығарды». Осында пікір өзегі болып отырған шоқы «Бөгенбай тауы» деп көрсетілген (Қараңыз: 2-картада);

       ә) «Қазақстан Республикасы Ақтөбе облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі. Картаны 2023 жылы жаңартып және баспаға дайындаған «Ұлттық геодезия және кеңістік ақпарат орталығы» РМК «Республикалық картографиялық фабрика» филиалы». Мұнда да «Бөгенбай тауы» деп жазылған дерек тұр (Қараңыз: 3-картада).

         Осы шоқы туралы дерек «Қазақстан табиғаты» атты энциклопедияда былай деп тайға таңба басқандай жазылған: «Бөгенбай – Шалқар-Ырғыз автомоб. жолы бойындағы шоқы. Ақтөбе обл. Ырғыз ауд. Ырғыз а-нан оңт.-батысқа қарай 45 км жерде. Абс. биікт. 240 м. Оқшау орналасқан шоқының орта тұсы дөңгелек пішінді және көтеріңкі келген. Оның ұзындығы мен ені шамамен 300 м-ге жуық. Батысынан Ырғыз өз-нің кішігірім саласы – Талдысай өз. өтеді. Шоқының басында Жангелді аталығының ру басы, Шектінің батыры Бөгенбай батыр (шамамен 1700-60 ж. өмір сүрген) жерленген» (Қараңыз: Қазақстан табиғаты. А-Е. 1-том. Бас ред. Б.Ғ.Аяған. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2008 жыл, 272-бет).

       Энциклопедияның Бас редакторы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Бүркітбай Аяған ай қарап отырған ба сонда, Исмурзин айтып жүрген «Табын Бөкенбайдың шоқысын» «Шекті Бөкенбайдың шоқысы» деп жаңсақтасып енгізіп?!        

        Ақтөбе қаласының тұрғыны Мереке Жамалов (1958) шоқының тарихы туралы балалық шағында естігенін былай әңгімелеп еді: «70-жылдардың бас кезі. Әкемнің ағасы Әбдіғали қой бағатын. Күмісбай деген жерде отырды. Талдысай өзеніне жақын. Сонда барып қозыларды жайып, қолғабысымды тигізетінмін. Атқа мініп жүру – қызық. Сонан сол маңдағы биік шоқыларды көкемнің Самат деген баласы екеуміз аралаймыз. Араларында ағып жататын бұлақтар бар еді, талдар өсіп тұратын. Бөгенбай шоқысына үш-төрт рет бардым.

       Бала болсам да әлі есімде, бергі беті тік еді. Жаяу шыға алмайсың. Таудың басына оңтүстік тұсынан етегін қиғаштай қапталдап шығатынбыз атпен. Үсті терең апан. Бойымыз көрінбейтін. Солтүстік жағын топырақпен жал қып соққан. Окоп пішінді. Ал оңтүстік тұсы сәл жайпақтау. Шұңқырдың ішінде тат басып кеткен винтовканың ұңғысы, бекітпесі, қылыштың шіріген қалдықтары жататын.  

       1975 жылдың шамасы болар, телемұнара орнататын болды шоқының басына. Таудың етегіне вагондар қойылды. Қаптаған тракторлар жүрді. Жұмысты істеген орыстар еді, солар шоқының төбесін ысырды. Кемінде төрт-бес метрдей аласартты. Сол босаған топырақты сәл тіктеу боп келген Ырғыз жақ бетіне түйетайлап құлатты. Телемұнара табаны ауданының өлшемі шоқының сүйірленген енсіз басына үйлеспеді ме, кім білсін, соңында етек тұсына орнатты.

       Туған жерім – Ырғыз ауданының Құрылыс ауылы (қазіргі Қызылжар ауылдық округінің орталығы.-Б.К.). Руымыз – Қожа. Әкем Әбіл, шын аты – Әбдіуәли еді, 60-жылдардың аяғында жұмысын Шалқар ауданына ауыстырып, сонда көшті. Мен атам Жамал мен әжем Айманның қолында қалдым. Солардың тәрбиесінде болдым. Атамның қасынан қалмайтынмын. Тіпті кісі өліп күзетке баратын болса да еріп жүретінмін. Сондайда олар алма-кезек демалады. Біреуі ұйықтап жатса, екеуі әңгіме айтып отыратын...

       Жұмабек, Талмырза деген қарттар сөзді көбіне тарихтан қозғайтын. Біздің ауылға алыстан мен мұндалап көрініп тұратын оңтүстік тұстағы шоқы жайындағы әңгімені олардың аузынан бірнеше рет естідім. Есімде қалған ұзын-ырғасы былай еді: жаугершілік заманда Бөгенбай деген батырдың басшылығымен нөкерлері топырақты етектеріне салып, таудың басына төге беріпті. Шоқыны сөйтіп биіктетіпті дейтін. Бөгенбай Заңғардың төбесі мен Қызылқабақтың қырына, Аманбай биігіне қураған талдарды үйдіріп қояды екен. Шолғыншылар жау келе жатса соны тұтатып жіберетін көрінеді бір-біріне белгі беріп... Батырдың есімін Бөгенбай деп айтып отыратын үлкендер. Анығы Бөкенбай емес. Бірақ қай рудан екенін білмедім».        

       «Бөкенбайшылдардың» Бөгенбай тауын Табын Бөкенбайдікі қылып шығарамыз деп тыраштанған сасық ойлары бәрібір нақты мәліметтермен қайшы, тіпті үйлеспейді. Себебін көрсетейік. Тек «архив» құжаттарына сүйенетін «шоң тарихшы» Исмурзиннің ылғи жауап беруден жалтарып, безіп кететін деректі қайтара келтірейік.

       1803 жылы Ырғыз өңіріне әдейі сапарлап келген орыс офицері Я.П. Гавердовскийдің өз қолымен түзген «Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской в 1803-м и 1804-м гг.» деген жазбасында: «При воззрении на Буканбаевы горы и на маяк Буканбаев, киргизцы не могли утерпеть, чтобы не уведомить нас о причине такового их наименования. «В старину, – говорили они, – когда калмыки, притесня орду нашу чрез набеги, оставались обитать частью в здешних окрестностях, старшина Буканбай с подвластными ему аулами имел главное кочевье в горах, носящих теперь его имя, (астын сыздық.-Б.К.) где природа соединила все выгоды, потребные для жизни. Чтобы вернее спасти свое убежище от неприятелей, он располагал всегда свой в долине, окруженной отовсюду возвышенными местами, по коим паслись табуны под наблюдением расставленных на вершине гор караулов…  Долго, таким образом, охранялось сие природное укрепление, но, наконец, жестокое сражение, в коем Буканбай лишился жизни, открыл врагам путь в середину. Тело сего героя погребено на горе маячной» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков. Первые историко-этнографческие описания казахских земель. Первоя половина XIX века / Сост. И.В. Ерофеева, Б.Т. Жанаев – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. Том. V. Стр. 219-220).

       Куә боп отырмыз, шоқыға жерленген батыр жайлы орыс офицері таңбалаған дерек мүлде басқа, мұнда «старшина Буканбай» қалмақтармен шайқаста қаза болып, өзі мекендеп, шолғын қылған биік шоқыға жерленген, таудың атауы соның есімімен аталған деп отыр.        

       Ал Ресей империясының архивінде сақталған 1742 жылы маусымның 7-сінде түзілген құжатта Табын Бөкенбай өлімі жөніндегі деректер басқаша, бүй дейді онда: «Того ж мая 28 числа яицкое войско, чрез приехавшего ис Кайсацкой орды яицкого казака Харку, доносит… бытность кайсацкий владелец же Букенбай в числе пятисот человек ходил под трухменцев для взятья у них полону и отгону скота, токмо они, турхменцы, их, кайсаков, всех побил до смерти» (Қараңыз: АВПР, ф. 122, 1742 г., д. 4, лл. 50-54 об.).      

       Ажалы түрікпендерден болған Табын Бөкенбайдың денесі қазіргі Ақтөбе облысы Байғанин ауданы территориясына әкелініп, жерленген. Ұрпақтары беріректе жан-жаққа сауын айтып, ас беріп, басына белгі орнатқан (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. – Ақтөбе, «ЖК С.Т.Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 360-363, 412-415-беттер).

       Мәлімет екі түрлі. Деректердегі осы ап-анық айырмашылықтарды ажырата алмай «шоқының атауы – Бөкенбай» деп қоймастан көкезуленіп, сөз ұқпай жүрген Исмурзиннің маңдайындағы көз бе, әлде арам без бе?!

       Тармақтарға бөліп, Исмурзин дегеннің назарына тағы да қайыра ұсынайық:

       а) Я.П. Гавердовскийдің мәліметіндегі «Буканбай» есімді адам қалмақтармен шайқаста өліп, тауға жерленген, шоқы соның есімін иеленген дейді;

       ә) Ресей империясы тұсында құжатқа түскен деректе Табын Бөкенбай түрікпендерге 500 кісімен барымтаға барып, сонда 1742 жылы қаза болды делінген. (Жерленген жері – Ақтөбе облысы Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылы маңы.-Б.К.)

       Өзін зор, білгіш санайтын Исмурзин беталды лағып өзеурей бермей, дәйегі жоқ бос сөзімен емес, бұлтартпас  айғақтарымен ұсынған осы деректерімізді теріске шығарып берсін! 

 

  ИСМУРЗИННІҢ  СҮЙЕНЕР ТІРЕКТЕРІ – ТАРИХШЫ ЕМЕСТЕРДІҢ ДОЛБАРЫ

       Бір қызығы, бізді «тарихшы емес, архив ақтармаған» деп қорашсынып отырған Исмурзин өзінің әлгі өсек-аяңға, ызаға толы «мақаласында» Шекті Бөгенбайға қатысты мақаламызды теріске шығару үшін тарихтан дипломы жоқ Оразбай Әділбаевтың мақаласына жүгініп, оның мына сөздерін айғаққа тартады: «Бөгенбай батыр атағы Шектінің ұранына айналған Бақтыбай батырмен замандас, Жоңғар соғысының барлық шайқастарының арасында болған адам. Бөгенбай батырдың шамамен туған уақыты 1700-1705 жылдарға, ал өлген уақыты 1755-1760 жылдарға сәйкес келеді. Егер аталық арасын орташа 30 жылдан алсақ, Қабақты шамамен 1610-1615 жылдар, Тілеуді 1630-1635 жылдар туған деп жобалап жүрміз. Егер Қабақтан Жангелді, одан Жапалақ, одан Бөгенбай десек, туған жылы 1700-1705-ке тура келеді. Бөгенбай батыр шамамен 60 жасқа жақындағанда қайтқан қалмақтармен соғыс соғыста Ырғыз маңында қайтыс болған».

       Мұны шындыққа жақындату үшін Исмурзин: «Ө.Ш. Жолымбетов те «Қабақ Бөгенбай батыр 1771 жылы Еділ бойынан Жоңғарияға көшкен қалмақтармен ұрыста қаза табады» деп жеткізген. Алайда А. Қарақовтың алғашында «Қазақ» газетіне, келесі жылы «Баһадүр батыр Бөкенбай» жинағына басылған «Бөкенбай батыр» мақаласындағы Шекті Бөгенбайдың өмір сүрген уақытына қатысты «XVIII ғасырдың басы – 1717 ж.» деп жаңылыс кеткен мәліметі кейінгі зерттеушілер үшін табан тірер басты дерекке айналды. Оған тереңірек үңіліп, яғни өмірден өткен жылындағы соңғы сандарының орындары ауысып кеткендігіне ешкім мән бермеді [Қарақов А. Бөкенбай батыр // Қазақ. – 2010. – 5-12 наурыз. – № 10-11 (471-472); Қарақов А. Бөкенбай батыр // Баһадүр батыр Бөкенбай. – Ақтөбе: С.Т. Жанәділовбаспаханасы, 2011. 152-153 бб.]», – дейді..

       Әрі қарай бүй дейді «білгір»: «...А. Қарақов Қабақ Бөгенбайдың XVIII ғасырдың басы мен 1771 жылдың аралығында өмір сүргенін көрсеткісі келген. Мұны нақтылау үшін автордың өзімен хабарласқанымызда (27.05.2024), бұл мәліметті кезінде жазушы, журналист Ө.Ш. Жолымбетовтен (1939-2013) алғанын айтты. (Амантай Қарақұлы – 1946 жылы 28 маусымда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Оймауыт ауылында дүниеге келген. Педагогика ғылымдарының докторы; Өмірзақ Шеріпбайұлы – 1939 жылы 25 қарашада Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сексеуіл станциясы, Құмсай жұмысшы поселкесінде өмірге келген). Бірақ Бөкенбай шоқысы туралы ешқандай әңгіме қозғалмаған. ...Шекті Бөгенбай жөнінде Ө.Ш. Жолымбетов арқылы А. Қарақовқа жеткен ақпарат О. Әділбаевтың «Бөгенбай батыр атамыздың өмір сүрген уақыты Еділ қалмақтарының қайтқан кезеңіне тура келеді» деген пікірімен толық үндеседі [Әділбаев О. Шектінің Бөгенбай батыры // Шежірелі өлке. – 2006. – 29 маусым].  ...Демек, ел жадында Шекті Бөгенбайдың 1771 жылғы «қалмақ қашу» кезінде қаза тапқаны сақталған» (астын сыздық.-Б.К).

       Тек кәсіби тарихшыларды мойындайтын Исмурзин өзінің бізге бағыттаған қарсы пікірін растауға келгенде архивтік дерек таба алмағасын тарих мамандығы бойынша дипломы жоқ адамдардың, атап айтсақ, О. Әділбаевтың, А. Қарақовтың, Ө. Жолымбетовтың сөздерін көлбеңдетеді, бұлардың да «мәліметтері» өз долбарлары екенін ойлауға өресі жетпей. Анау сөй деді, мынау бүй деді деп.

       Қысқасы, олардың осы сөздері арқылы Шекті Бөгенбайдың өлімін 1771 жылғы оқиғаға таңғысы келеді. Солай екеніне бұлтартпас архивтік дәлелдері жоқ болса да. Өзінің, тарихшы еместердің дәйексіз құр қиял-долбарларына сүйеніп.

        Парықсыз Исмурзин деген «Б. Кәртен Шекті Бөгенбайға қатысты әр мақаласындағы туған жылына байланысты пікірлерін құбылтып, өзгертіп отырады. Деректерді өз ыңғайына икемдеп, бұрмалайды» деген сыңайдағы сөз айтыпты.

       Мәселе көтерген тақырып бір ғана зерттеумен шектелмейді. Оның кейін де жаңа ой-тұжырымдармен, тың деректермен толықтырылып отыратынына зердесі жетпесе Исмурзин несіне өзін тарихшымын деп жүр?! Жақсы, мұның да себебіне тоқтала кетейік.

       Ғылым бойынша бір ғасырда төрт ұрпақ болады деп арасын жиырма бес жылдан есептейді. Біз де осыған бек сеніп ек әуеліде. Бірақ кейін күмән туды.  10-15 жылға шейін ауытқып, жаңсақтыққа апарады екен. Түсіндірейік. Һәм бұлай ойлауға ақылы жетпей жүрген Исмурзин де, басқалары да біле жүрсін.

       Қазақ «он үште отау иесі» дейді. Бағзыда 15-17 жасында-ақ перзент сүйген. Немесе бір жағдайлармен кешуілдеп, 30-40 жас аралығында көруі де мүмкін. Ұрпағының өмірге келуі – 60-70-терінде де болуы әбден ықтимал. Тіпті 5-8 қыздан соң ғана ұлды болатын жағдайлар бар. Сондықтан түрлі себептер болуы мүмкіндігін, өрбіген қыздардың да туған мерзімдері барын ескермей, тек ұл балаларды ғана назарға алып, шартты түрдегі жиырма бес жылмен есептеу – ешқашан нақты дәлдікті бермейді. Кей пікірлеріміздің «өзгеруі» осыған байланысты еді. Әлі де «құбылуы» әбден мүмкін.

       «Бәлен деген оқыған молда бәрін біледі, сол айтты» деп орынсыз өзеурей берген біреуге бір дана би айтқан екен: «Оқу ойдан артық емес, оқыған молда менен артық емес», – деп. Демек, «ғылыми анықтама», «ғылыми тұжырым» деп жүргеніміз де адамның ойынан түзілгендер.

       Олай болса, дипломсыз «тарихшылардың» айтқандарын куәлік қып, «Шекті Бөгенбай XVIII ғасырдың басында туған» деп есептеп отырған Исмурзиндікі де – жәй сандырақ. Нақты емес.

       Бөгенбайды XVIII ғасырдың басында туды қып көрсетуге жанталасқан Исмурзин Бөгенбайдың әкесі Жапалақ жайлы деп мына деректі ұсынады, былай делінген онда: «1756 г. ноября 3. – Письмо хана Нурали генерал-майору А. Тевкелеву с возражением против запрещения перегона казахского скота за р. Яик. От всех кирисцов пропало восемь верблюдов, в том числе один Табынского, а семь, в один раз, Чикилинского роду, от Ябалак-бия, ис которых одного табынцам и отдали, протчих же семи мы и поныне не получили.

       До услуг Ваших послал Аллабердея да Талашбая с кощеем их Кликбаем» ABПP, ф. 122, 1756 г., д. 5, ч. 1, лл, 540-544». (Қараңыз: Казахско-русские отношеня в XVI-XVIII веках. (Сборник документов и материалов). – Алма-Ата: Издательство Академии наук Казахской ССР, 1961. Стр. 545-546).

       Бұл жөнінде Жапалақтың тікелей ұрпақтарының бірі, запастағы полиция подполковнигі, қазірде зейнеткер – Берік Алдоңғаров (1960) былай дейді: «Жапалақтың Құдыс деген баласынан тарайтын Өтеш есімді атамыз болды. Өзі молда, шежіреші кісі еді. Едіге туралы да әңгімелерді, жыр-дастандарды көп білетін. Шалқар өңіріне белгілі кісі-тұғын. Совет заманында мешіт тұрғызған. Сол атамыздың әңгімесін тыңдап өстік. Жапалақ палуан болған дейтін. Күреске түсіп жүреді екен. Би болған деген сөз Өтеш атамыздың да, шежірені білетін Жапалақтың басқа ұрпақтарының  да аузынан шыққан емес. Исмурзиннің куәлік қып жүрген дерегін бұрыннан білеміз. Бабаларымызға ас беретін боп мәліметтер жинадық Астана, Алматы жақтардан. Сонда кітапханадан «XVI-XVIII ғасырдағы қазақ-орыс қатынастары» деген кітаптың көшірмесін 2016 жылы түсіріп алғанбыз. Алғашында қуанып ек. Бірақ Жапалақ бабамызға сәйкеспеді. Жылдарын санағанда.

       «Бөгенбай «қалмақ қашу» кезінде 1771 жылы өлді» деген Исмурзиннің журналист Жолымбетовын жан-жақтан сұрастырдық. Бөгенбай ұрпақтарының ешқайсысы білмейді. Тегімізге қатысы жоқ.

        Жерден жеті қоян тапқандай боп отырған Исмурзиннің «Ябалак-биі» анық біздің бабамыз емес. Табын руында да ерте заманда Жабалақ деген беделді кісі болған. Біздің әйелдің аталары. Тарихта замандас, аттас бірнеше Бөкенбай өткен. Сол сияқты. Өтеш атам айтатын ылғи «Жапалақтың туған інісі Айдаралы дүниеден жүзге тақалып барып өлген» деп. Сондықтан қалай есептегенде де біздің бабамызға келмейді. Жері басқа, суы басқа, қаны басқа, көлденеңнен киліккен Исмурзин өзінің тауып алған «Ябалак-биін» біздің тегімізге жапсыруының еш негізі жоқ».      

       Расында да ол заманда да қазіргідей аттас кісілер көп болған. Деректегі «Талашбайды» «Ябалак-бидің» баласы деп көрсетпеген. «Ұлы» деп көрсетіп отырған – қашанда өз долбарын дұрысқа санайтын Исмурзиннің өзі.                             

       Есімдері ұқсас кісілерді жан-жақты анықтап, ақ-қарасына әбден жетіп алмай бір адам деп санауға негіз жоқ. «Буканбайды» (Бөгенбай) Бөкенбай деп шатастырып жүргендеріндей. Жоқ жерден дау тудырып.

       Әлгінде дәлелге тартқан Я.П. Гавердовскийдің «Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской в 1803-м и 1804-м гг.» деген жазбасында қалмақтармен шайқаста қаза тапқан биді «Буканбай» деп таңбалағанын көрсеттік. Аттас осы есім мына архивтік құжатта да былай деп жазылған: «№583. 1802 г., илюя 17. – В Оренбургскую пограничную комиссию. А как под сей случай присланы ко мне были алимулинского рода, дюрткаринского отделения от Каракубек-бия [2] брат его Буканбай...» (Қараңыз: Эпистолярное наследие казахской правящей элиты 1675-1821 гг. Сборник исторических доументов в 2-х томах/ Автор проекта, введения, биографий ханов, научных комментариев; составитель и ответственный редактор И.В. Ерофеева. – Алматы: АО «АБДИ Компани», 2014. – Стр. 284).

       Осындағы «Буканбай» мен Гавердовскийдің жазбасындағы «Буканбай» да ескі замандағы аттас адамдар. Келтіре берсек кете береді...

       Филология ғылымдарының докторы, едігетанушы, профессор Жұбаназар аға Асанов (1950) та мынадай пікір айтып еді: «Көнекөздердің айтуында Тілеу мен Қабақтың ұрпақтары жайлы біраз шежіре құлақта қалған еді. Соның бірі – Жапалақ жайлы. Жауырыны жерге тимеген палуан болған дейтін. Ол би болды деген сөзді естімедік. Қабақтан тараған шежіре қарттардың біреуі болмаса біреуі айтар еді».

       Жақсы, Исмурзиннің түк дәлелі жоқ бұрмалаған өтіріктеріне көшейік енді.              

 

       ИСМУРЗИННІҢ «1723 ЖЫЛҒЫ ҚҰРЫЛТАЙЫ» ЖАЙЫНДАҒЫ ӨТІРІГІ

        Исмурзин «Алтай батыр және оның заманы» дейтін әлгі «зерттеу» кітабында «қазақтар 1723 жылы да құрылтай өткізді» деген қисынсыз долбарын да тарихқа енгізбекке біраз әрекеттенген. Бұған да тоқталып өтейік. Өз өтірігін растау үшін А.И. Левшиннің бұрмалаған мына сөздерін былай деп қазақшаға аударып, куәлікке тартады: «...Төнген қауіп ішкі өзара қырқыстарды бітістірді, ортақ келісім туғызып, бәрін бір нәрсеге бағыттады. Бүкілхалықтық құрылтайда (?) алға ұмтылып, ортақ жауға шабуыл жасап, оларды ежелгі қазақ жерінен ығыстырып шығару шешілді. Ортақ іс сол арада бір-біріне адалдыққа ант беру арқылы дәріптелді. Әбілқайыр хан басқолбасшы (?) болып сайланды, елдің дәстүрі бойынша құрбандыққа шалынған ақ боз ат болашақ табыстың кепілі ретінде қабылданды» (Қараңыз: Исмурзин Ж.А. Алтай батыр және оның заманы. – Ақтөбе: «Хабар-Сервис», 2023.82-бет).  

       Бұдан соң Исмурзин осыны тірек қып, «қазақтар 1723 жылы да құрылтай өткізді» деген өзінің күлкілі сандырақ долбарына былай деп көшеді: «Я.П. Гавердовский дерегін қайталуына қарағанда А.И. Левшин мәліметі де сол жазбадан алынғаны анық. Бірақ оқиға барысын 1723 жылғы шабуылмен байланыстырып, сол уақыт аясында қарастырады. Соған қарағанда зерттеуші ол құрылтайдың 1710 жылғы кеңеске қатысы жоқтығын аңғарған... Олай болса, қалмаққа қарсы күш біріктіруді шешкен ұлы құрылтай 1723 жылы жазда Қарақұмда өткен» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Исмурзин Ж.А. Алтай батыр және оның заманы. – Ақтөбе: «Хабар-Сервис», 2023.82-84 беттер). 

       Левшиннің кітабынан алып, Исмурзин көлбеңдетіп жүрген осы «деректің» нұсқасын келтірейік, былай делінген онда: «Галдан Черен не мог быть равнодушным свидетелем гибели древних неприятелей своего народа, не мог не отплатить им беспокойств и обид, от них претерпенных предками его в течение с лишком ста лет и потому не только нанес киргиз-казакам в то время несколько сильных ударов, но и отнял у них в 1723 году столицу ханов их Туркестан, Ташкент и Сайрам (астын сыздық.-Б.К.), ...Отчаяние убеждало их в необходимости возвратить себе прежние жилища, а бедствия внушали средства к достижению сей цели. Опасность примирила внутренние междоусобия, возродила общее согласие и направила всех к одному предмету. В собрании целого народа положено двинуться вперед, напасть на общих врагов и вытеснить их из древних земель киргиз-казакских. Общее предприятие тотчас освящено клятвою в верности друг другу. Хан Абульхайр избран главным предводителем, и белый конь, принесенный по обычаю народному в жертву, был принят залогом будущего успеха» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Левшин А. И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей (под общей редакцией академика М. К. Козыбаева).— Алматы, «Санат», 1996. Стр. 167-168).

       Ж. Исмурзиннің 1723 жылы «құрылтай» болды деп қоймастан өзеуреп, сүйеніп жүрген тірегі – осы. Анығында А. Левшин   «...и потому не только нанес киргиз-казакам в то время несколько сильных ударов, но и отнял у них в 1723 году столицу ханов их Туркестан, Ташкент и Сайрам» деген мәліметті артиллерия капитаны И. Унковскийдің 1722-1724 жылдардағы жол сапар күнделігінен алған. Сілтемесін көрсетпеген. Бұл дерек – 1723 жылы жоңғар қонтайшысының ставкасы Ургада жүргенде естіп, орыс офицерінің қағазға түсірген уақыты. Осыны тарихшылар қате пайымдап, «Ақтабан шұбырынды» оқиғасын 1723 жылға теліп жіберген. Мұны нақты мәліметтермен жан-жақты ашып, «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы, 1723 жылы емес, 1722 жылы болған!» деген атаумен республикалық «Түркістан» газетінің 2023 жылы қазан айында жарық көрген 42-ші санында жариялағанбыз-ды.

       1803-1804 жылдары  Қаракесек жиыны жайындағы жолбастаушы рубасыларының баяндауындағы мәліметтерді Я.П. Гавердовский қағазға былай деп түсірген: «По окончании присяги совершалось общее богомоление, и разделено было жертвенное брашно, приготовленного из белого коня. Они хотели чрез сие ознаменовать непоколебимость союза. Орды избрали в сие время султана Абулхаира, как старшего сына из фамилии ханской, а Буканбая благодарный народ провозгласил своим предводителем» (астын сыздық.-Б.К.).

         Осы деректі А. Левшин Гавердовскийдің еңбегіндегі мәтіннен бөліп алып, бұрмалап, сілтемесіз Унковскийдің дерегінен соң іле былай деп келтіреді: «Въ собраніи целаго народа положено двинуться в передъ, напасть на общихъ враговъ, и вытенить ихъ изъ древнихъ земель Киргиз-Казакскихъ. Общее предпріятіе тотчасъ освящено клятвою въ верности другъ другу; Ханъ Абул-хайръ избранъ главнымъ предводителемъ, и белый конь, принесенный по обычаю народному в жертву, былъ принятъ зологомъ будущаго успеха» (астын сыздық.-Б.К.).

       «Ханъ Абул-хайръ избранъ главнымъ предводителемъ» деп өзгерткен сөйлемдердің өзі-ақ Гавердовскийдің еңбегін Левшиннің үстірт қана шолып өткенін анық аңғартып тұр. 

       Қысқасы, А. Левшин Унковский мен Гавердовсийдің жазбаларындағы өзара бөлек деректерді бір оқиға деп асығыс пайымдап, бір-біріне қосып, бұрмалап баяндаған. Исмурзиннің «1723 жылы да құрылтай болған» деп ғұламасынып ашқан «жаңалығы» – осы. Мұның дәйексіз бөстекі сөз екенін нақты дәлелдермен көрсетіп өттік. 

       Мынаны да біле жүрген жөн, А. Левшин өзінің үш томдығында Ресей империясының архивінде сақтаулы тұрған, өзінен бұрынғы «Книга Большему чертежу или древняя карта» (1627) аталатын еңбектегі, сондай-ақ, Унковскийдің (1722-1724), Палластың (1768-1774), Рычковтың (1771), Гавердовскийдің (1803-1804), Мейендорфтың (1820-1821), тағы басқалардың жазбаларындағы деректерді емін-еркін пайдаланған. Бұл – аталған адамдардың кітаптарын А. Левшин түзген томдармен бастан аяқ салыстырып, мұқият сүзіп шыққанда көз жеткізген бұлтартпас шындық.

       Vostlit.info сайтында жарияланған «Рукописное наследие поручика Я. П. Гавердовского по истории, географии и этнографии Казахской степи» атты мақаласында Исмурзин пір тұтатын И. Ерофеева да ап-анық қып былай деп айтып кеткен:«Несмотря на то, что его монография не была опубликована, благодаря изданию Г. И. Спасским небольших отрывков из нее в журнале «Сибирский вестник» она стала известна в 20-х гг. XIX в. (ч. 3. Спб., 1823., с. 43-60) крупному российскому исследователю истории и этнографии казахов А. И. Левшину (1797-1879), который основательно использовал оригинальные материалы Я. П. Гавердовского во многих разделах своего трехтомного труда «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей» (ч. 1-3. Спб., 1823.), но согласно еще неизжитой тогда архаичной традиции в российской историографии – без конкретных ссылок на авторство своего полузабытого предшественника» (астын сыздық.-Б.К.). 

       Демек, Левшиннің еңбектері өзінен бұрынғы жазбалардан құралған. Мұның ішінде Гавердовскийдің де «Күнделігі» бар. Бұған әлгінде нақты куәлік беріп өттік.

       Исмурзин Унковский мен Гавердовскийдің мәліметтерін Левшиннің еш себепсіз, дәлелсіз, сілтемесіз бір-біріне қосып жалғай салған ұғынықсыз тұсын жалаулатып, өз долбарымен «1723 жылы да құрылтай» болған деп тұжырымдап, беталды лаққан.  

 

          ИСМУРЗИННІҢ ТАРИХҚҚА ЕНГІЗБЕК БОЛҒАН ӨЗГЕ ДЕ ӨТІРІКТЕРІ

       Ресей архивтерінен аз-мұз деректер алып қайтқан әлгі Исмурзин деген өзін XVIII ғасыр тарихының зор білгірімін деп сезіне бастаған тәрізді. Енді маған ешкім сын айта алмайды, не айтсам соны жөн санап, бас шұли береді бәрі деген парықсыз ой қалыптасқан санасында. Осындай сеніммен болса керек, өз өтірігін кей сөздерінің арасына шебер қиыстырып, енгізіп отырады. Ол «Алтай батыр және оның заманы» деген  «зерттеу» еңбегінде: «Ел тағдыры таразыға тартылған тұста Бөкенбай батырдың жалынды сөзі жиналған жұртшылықттың жігерін жанып, ар-намысын оятты. Құрылтайға (1710 жылғы-Б.К.) қатысқан атақты ел игілері қатарында Алтай батыр да бар еді», – деп соғып жіберген (Қараңыз: Исмурзин Ж.А. Алтай батыр және оның заманы. – Ақтөбе: «Хабар-Сервис», 2023. 85-бет).

       Сөзінің тұрағы жоқ Исмурзин «1710 жылы Қарақұмдағы құрылтайда сөйлеген Табын Бөкенбай, осы жиынға Алтай батыр да қатысты» дейді де біраздан соң бұл пікірінен айнып: «...ел жадында сақталып, сол арқылы XIX ғасырдың басында Я.П. Гавердовскийдің, кейін XX ғасырдың басында Ә.А. Диваевтың жазбаларына түскен деректер 1723 жылғы Қарақұм құрылтайына қатысты еді», – деп 1710 жылғы жиынды басқаша құбылтып,  теріске шығарады (Қараңыз: Исмурзин Ж.А. Алтай батыр және оның заманы. – Ақтөбе: «Хабар-Сервис», 2023. 84-бет). Ал түсініп көр!

       Исмурзиннің «Құрылтайға қатысқан атақты ел игілері қатарында Алтай батыр да бар еді» дегені де – өзінің ойдан қосқан өтіріктерінің бірі.

        Я..П. Гавердовскийдің «Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской в 1803-м и 1804-м гг.» аталатын еңбегінде экспедицияға бағдар беріп, алып келе жатқан тархан Қаракөбек би мен Боранбай бидің, т.б. айтуымен түзіп кеткен, бүгіндері Исмурзин деген өз өтіріктерімен бұрмалап, құбылтып жүрген 1710 жылғы жиын жайындағы оқиға былай: қалмақтың шапқыншылығынан әбден титықтаған қоңсылас отырған рулардың көсемдері Қарақұмда кеңеске жиналады. Қорғанудың амалын табу үшін. Осы бас қосуда үрейге бой алдырғандардың бірқатары қонтайшыға құлдық ұрып, бағынышты болуды ұсынады, енді біреулері мекенді тастап Еділ асайық дейді, қайсыбірі әр жаққа шашырай қашайық деген ой айтады.  

       Әрі қарай оқиғаның қалай өрбігенін баяндап түзген Я.П. Гавердовскийдің өз мәтінін қаз-қалпында келтірейік, былай дейді: «Но известный в то время по храбрости старшина Буканбай (астын сыздық.-Б.К.) уничтожил сие предприятие их. Киргизцы рассказывают, (жолбастаушы тархан Қаракөбек би, Боранбай би, т.б. айтып отыр.-Б.К.) что он среди жаркого спора, разорвав на себе одежду и повергнув в круг совета меч свой, говорил в исступлении: «Отмстим врагам нашим! Умрем с оружием! Не будем слабыми зрителями разграбленных кочевок и плененных детей наших! Робели ли когда воины равнин кипчакских! Сия брада еще не украшалась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей (астын сыздық.-Б.К.). Теперь могу ль равнодушно снесть тиранство от варваров? Еще нет у нас недостатка в добрых конях! Еще не опустел колчан со стрелами острыми!».

       Осы «старшина Буканбайды» қалмақтармен шайқаста өліп, қазіргі күні Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы территориясы құрамына енетін шоқыға жерленген «старшина Буканбайдан» бөліп-жарып қараудың еш дәлелі де, қисыны да жоқ. Екеуі – бір кісі.

       Жарайды, 1710 жылғы Қаракесек жиынындағы жаңағы сөздің иесі – Табын Бөкенбай екен дейік, бірақ «Сия брада еще не украшалась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей» деген сөз оның жасына еш сәйкеспейді, күмәнді. Бұл кезде ол 43 жаста екен. Оның дүниеге келген нақты уақыты – «1667 жыл» деп тұжырымдалған (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. – Ақтөбе, «ЖК С.Т.Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 343-бет). Және мұның Табын Бөкенбай екенін дәйектейтін ешқандай бұлтартпас құжат не басқалай айғақ жоқ. Олай болса, менменсіген Исмурзиннің еш дәлелсіз «Ел тағдыры таразыға тартылған тұста Бөкенбай батырдың (астын сыздық.-Б.К.) жалынды сөзі жиналған жұртшылықтың жігерін жанып, ар-намысын оятты» деуі – оның кезекті өтірігі.

        «Зерттеуіндегі» бұрмалап көрсеткендерін біздің жоғарыдағы дәлелді, қисынды уәждерміз жоққа шығарғасын еді, «білгірдің» долданып, көкезуленіп тоқтамай жүргені. Шындықты мойындауға арланып.

        Айта кетейік, «1710 жылы өтті» делінетін Қаракесек жиынына Исмурзин шолақ ойлап жүргендей күллі Қазақ ордасы қатыспаған. Бұл – Ырғыз Арал, Қарақұм маңайларында көшіп-қонып жүрген қоңсылас қазақ руларының шағын ғана бас қосуы-тын.   

        Исмурзин және бір сөзімен еш дәлелсіз: «...10 шілдеде Әбілқайыр хан 20 мың қолмен Жайық қаласын қоршайды. «Бүкіл орда келгендей болды» дегенді ескерсек, осы жорықта Бөкенбай, Есет, Алтай секілді батырлардың қол бастағаны анық», – деп «бөкенбайшылдардың» алдағы кезде тағы да іліп әкетуіне өтіріктің негізін саналы түрде қалап беріп отыр (Қараңыз: Исмурзин Ж.А. Алтай батыр және оның заманы. – Ақтөбе: «Хабар-Сервис», 2023. 62-бет).

       Тарихты бұрмалады деп бізге байбалам салып жүрген, архивтік мәліметті ғана мойындайтын, тек шындықты сүйетін Исмурзин бүй депті: «Бұланты шайқасында Жәнібек, Бөкенбай, Алтай т.б. батырлар басқарған қазақ сарбаздары жоңғарға ойсырата  соққы берді» (Қараңыз: Исмурзин Ж.А. Алтай батыр және оның заманы. – Ақтөбе: «Хабар-Сервис», 2023. 136-бет).

       Ақиқатында, бұл да – этнограф Ә. Диваевтың ел аузынан жазып алған аңызына Исмурзиннің үстемелеп, өз ойынан қосқан өтірігі. Елді адастыру баяғы.

        Сыр бойы қазақтарының айтуымен қағазға түзілген аңыздың мазмұны мынадай: Ақкесене және Көккесене өңірлерін үш жүз жылдан астам бұрын Уса мен Зирен деген қалмақтар билеген екен. Олар Сырдарияның сағасы мен Қарықтыдан (Арал теңізі) төмен, Сары Үйшік пен Үйшік маңына қоныстаныпты. Аңыз әңгімелерге қарағанда, ол кезде қазақтардың көпшілігі қалмақтарға бағынып тұрған. Аз ғана бөлігі бұдан төменірек, Кіші жүз қазақтарының арасын мекендеген. Олар Адай, Беріш және Аспан-Бозғұл болып бөлінген, басшысы Тайлақ деген батыр екен. Одан соң Ошақты руының қазақтары Перовск уезін, Ұлытауды, Кішітауды мекендеген.

       Ошақтының Тасжүрек бөлімінен шыққан Саңрық деген батыр бопты, Тайлақ батырға шешесі жағынан туыс екен.

       Саңрық отыз бес жасында Тайлақтан шақырту алып, кеңеске қатысады, онда қалмақтардан құтылу мәселесі сөз болады.

       Кеңестің ұйғарымымен Тайлақ пен Саңрық қасына лайықты, қайсар адамдарды жинап, қалмаққа қарсы аттанады. Соғыс үш жылға созылып, ақырында қалмақтар Білеуті-Бұлантыға қарай қашады. Қазақтар Қарасиыр деген жерде жеңіске жетеді. Осы себептен «Қалмақ қырылған» аталып кеткен.

       Одан әрі аңыздың айтуынша, жаудың Қарасиырда жеңілгені туралы хабар үш Алаштың  ұлына жетеді. Осыдан кейін бүкіл қазақ бірігіп, қалмақтарды қуып шығуға бел буады. Түркістанды босатқанға шейін шайқас тағы да үш-төрт жылға созылған.

       Осы екінші кезектегі соғыста қалмақтар Итішпес көлінде және Итішпестің Алакөл жағында, Арал теңізінің солтүстігіндегі тауларда толық жеңіліс табады. Шайқастың соңғы болған жері «Аңырақай» деп аталған» (Қараңыз: Древности Киргизской степи и Оренбургскаго края. Составилъ И.А. Кастенье. Типо-лит. Т-ва «Каримовъ, Хусиновъ и «К-о» въ Оренбурге. 1910. Стр. 188-189).

       Куә боп отырмыз, Ә. Диваевтың Сыр бойында ел аузынан жазып алған «Қалмақ қырылған», «Аңырақай» атауларын иеленген жерлерге байланысты аңыз әңгімесінде есімдері аталатын батырлар – Саңрық пен Тайлақ қана. Рулардан – Адай, Беріш, Аспан мен Бозғұл.

       Ерофеева, Исмурзин, т.б. осы сықылдылар есімдері аңызда көрсетілмеген батырларды қатысты қып шығарып, тарихты бұрмалаған.

       Бұланты шайқасының күмәнділігіне байланысты мына деректерді де ұсына кетейік.

 

                        БҰЛАНТЫ ШАЙҚАСЫ ЖАЙЫНДАҒЫ ЗЕРТТЕУЛЕР

       Этнограф Әбубәкір Диваевтың Сыр бойында ел аузынан жазып алып, 1905 жылы «Перовскій уездъ – зданіе Кокъ-Кесене» деген тақырыппен жарық көрген шағын аңызы бойынша 2010-2014 жылдар аралығында «Бұланты» архео-этнографиялық экспедиция ұйымдастырылып, халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілген.

       Бұл істерге халық әңгімесіне байланысты өз пікірін білдіріп, «Бұланты (Білеуті) шайқасы 1726-1727 жылдар шамасында болған» деген жорамалды ұсынушы М. Тынышпаевтың сөзі негіз етілгені белгілі. Енді осы тұрғыдан атқарылған жұмыстарға, табылған дәлел-деректерге тоқталайық.

        «Бұланты шайқасы: Зерттеулер тарихы» деген еңбекке енген «Монгольские захоронения конца XIII – начала XIV вв. В Улытау» аталатын мақалада былай делінген: «Археологиялық қазба жұмысы нәтижесінде сүйек қаңқасымен қоса көмілген буддизмге қатысы бар құрал-жабдық табылды: ғұрыптық салттық қоңырау, буддалық символ бейнесіндегі тақта. Сонымен қатар темір және сүйек жебелерімен тоз қорамсақ табылды. Радиокарбондық даталау әдісі және жерлеу құрал-жабдық хронологиялық жағынан анықтау негізінде бұл жерлеу кешені 1260-1300 жылдар аралығында салынғаны белгілі болды» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: «Бұланты шайқасы: Зерттеулер тарихы. Ғылыми-ақпараттық альбом / Халықаралық ғылыми-практикалық конференция мен 2010-2014 жылдары өткізілген «Бұланты» архео-этнографиялық экспедицияларының материалдары / Б. С. Қожахметов, Э. Р. Усманова, Л. Н. Плетникова, Л. А. Сембинованың редакциясымен. Ұлытау.: «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы, 2015 ж. 162-бет).

       Осы Қарасуыр (аңызда Қарасиыр-Б.К.) мекенінен табылған қабірлердегі төрт адамның  антропологиясына былай деп тұжырым жасалған: ми сауытының барлық ендік өлшемінің ең үлкен мөлшерімен сипатталады, бет сүйектері жоғары, беттерінің жалпақтығы назомалярлық және зигомаксиллярлық деңгейде, мұрын сүйектері аздап шығыңқы дейді. Сарапталып зерттелген үш бас сүйек краниологиялық зерттеулердің қорытындысы бойынша Орталық Азиялық моңғол тектес нәсілге жатқызылған. Ал төртіншісінің бас сүйегі еуропеоидтік боп шыққан (Қараңыз: «Бұланты шайқасы: Зерттеулер тарихы. Ғылыми-ақпараттық альбом / Халықаралық ғылыми-практикалық конференция мен 2010-2014 жылдары өткізілген «Бұланты» архео-этнографиялық экспедицияларының материалдары / Б. С. Қожахметов, Э. Р. Усманова, Л. Н. Плетникова, Л. А. Сембинованың редакциясымен. Ұлытау.: «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы, 2015 ж. 173-бет).

       Көлемі шағын аңызда айтылатын Бұланты (Білеуті) шайқасын тың деректермен толықтырып, шындыққа жету мақсатында қазба жұмыстарын жүргізген археологтар табылған осы мүрделермен ғана шектелген. Басқа деректер айтпайды. Зерттеуді былай деп қорытындылаған: «Историческая интрига погребального комплекса у сопки Карасуыр (дұрысы Қарасиыр төбесі.-Б.К.). Результаты датирования погребального комплекса концом XIII века – началом XIV века позволяют рассматривать данный комплекс в свете исторических событий в Великой Степи. Раскопанные погребения не связаны с так называемой «Булантинской битвой» 1727 года» (астын сыздық.-Б.К.)  (Қараңыз: «Бұланты шайқасы: Зерттеулер тарихы. Ғылыми-ақпараттық альбом / Халықаралық ғылыми-практикалық конференция мен 2010-2014 жылдары өткізілген «Бұланты» архео-этнографиялық экспедицияларының материалдары / Б. С. Қожахметов, Э. Р. Усманова, Л. Н. Плетникова, Л. А. Сембинованың редакциясымен. Ұлытау.: «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы, 2015 ж. 167-бет).

      Ә. Диваев жеткізген аңыздағы шайқастың Білеуті-Бұланты өзендері маңдарында өткені шын болса, соғыстың аты – соғыс екі жақтан да сандаған адамның өлгені еш шүбәсіз. Сонда сол төңіректегі топырақ астында сақталып, бұл оқиғадан жеті ғасыр алыс жатқан қаңқалар мен мата жұқаналары табылғанда кейін «Қалмақ қырылған» аталып кеткен Қарасиырда, 1726-1727 жылдар шамасында қан майданда ажал құшқан адамдар сүйектерінің, сондағы қолданылған соғыс қарулары қалдықтарының бірен-саран болса да кезікпеуі – расымен дүдәмал ойға қалдырады...

       Мінекей, куәлікке келтірілген Диваевтың аңызы, Бұланты шайқасына байланысты жүргізілген зерттеулер «бәрін мен білемін, мен бәрін білемін» деп көкірек соғатын, еш уақытта өтірік айтпаймын дейтін Исмурзиннің «Бұланты шайқасында Жәнібек, Бөкенбай, Алтай т.б. батырлар басқарған қазақ сарбаздары жоңғарға ойсырата  соққы берді» деген сөзінің жәй сандырақ екенін толық дәлелдеп тұр.      

      

                         ИСМУРЗИННІҢ БӨГЕНБАЙ ШОҚЫСЫ АТАУЫН

                                        БҰРМАЛАҒАН ӘУЕЛГІ ӨТІРІГІ

       «Бөкенбайшыл» топ 2024 жылы қыркүйектің 19-ында Алматыда жиналыпты. Бұған бұрмаланған шындықты қорғап жүрген бірен-саран өлкетанушылар да, тарихшылар да қатысқан. Бұлардың айтқан дәлелдерін қарсы жақ теріске шығар алмаған. Куәлік қылатындары баяғы сол танбастан өжектеген өтірік сөздері дейді. Жиында «бөкенбайшыл» топтың бір мүшесі, әлгі Ж. Исмурзин деген аса белсенділік танытыпты. «Өзгелердікі бос сөз, мен архивпен жұмыс істедім, бәрін мен білемін, мен бәрін білемін, кәсіби тарихшымын» деп кеудесін соғып, екілене сөйлеген. 

       Бас қосуда түзілген «Ырғыз-Шалқар тас жолы бойындағы «Шоқы» туралы жұмыстарды талқылау, талдау және сараптау туралы ғылыми кеңес хаттамасына» сол «кеңеске» қатысқан Шекті Бөгенбай батырдың ұрпағы Берік Алдоңғаровтың, өлкетанушы Аманғали Мухамбетуллиннің, ғалымдар – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты Дәулет Әбеновтың, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Жұмаділовтың дәлелді пікірлері «бөкенбайшылдардың» өтіріктеріне қайшы келетін болғасын енгізілмеген, тек бұрмалаушы жақтың теріс сөздері ғана келтірілген.

       Айта кетейік, «хаттама» аталған «ғылыми кеңесті» ұйымдастырып өткізуші Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы А. Юнисованың ықпалымен біржақты толтырылған. Соңында ғалымдар осындай да осындай бәтуаға келді деп өздері құрастырып жазып шыққан мәтінге «бөкенбайшыл» басшының өзі, тағы екі адам қол қойып, қалталарына салып барған мөрлерін басып, «растаған»...

       Осы «хаттамаға» түсірілген әлгі Исмурзин дегеннің уәжінде былай делінген: «Бөкенбай шоқысы мен Қарақұм құрылтайына қатысты басты архивтік дереккөз саналатын Я.П. Гавердовский жазбаларына тиянақты зер салып, ондағы мәліметтермен XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы Ресейдің қорларында сақталған құжаттармен өзара салыстыра қарағанда оның Бөкенбай Қарабатырұлының тұлғасына қатысты екендігі анықталады. Тіпті Я.П. Гавердовскийдің 1804 жылы жазған «Журналында» Бөкенбай биге «Имя сего знаменитого богатыря известно и в Оренбургской истории по его приверженности к России» деген түсініктеме берілген. Мұның өзі Я.П. Гавердовскийдің алғашқы нұсқасы 1759 жылы жарық көрген П.И. Рычковтың «История Оренбургская» еңбегін пайдаланғанын көрсетеді. ...бұл арқылы Я.П. Гавердовский Ырғыз ауданындағы шоқының табын Бөкенбай батырға тиесілі деген қорытындыға келген».      

       Исмурзин «айғақ» қып отырған П.И. Рычковтың «История Оренбургская» атты кітабында былай делінген: «И тако во оное собраніе призванъ был онъ, Тевкелевъ, нарочно одинъ, коему тутъ, силными и безъ всякаго страха чипенными отъ него представленіями, помогательствомъ же ханскимъ и одного знатнейщего киргиз-кайсацкаго старшины Букенбая батыря, так посчастливилось, что все противной партіи противу его, ханскихъ, и букенбаевыхъ представленій не только спроить не могли и безгласны учинились, по и большая часть изъ того собранія купно съ ханомъ и съ поманутымъ киргиз-кайсацкимъ знатнейшимъ старшиною Букенбаемъ ея и.в. присягу въ верности учинили и ханъ на томъ основался, чтобъ сына своего ко двору ея и.в. послать» (Қараңыз: Рычков П.И. Исторія Оренбурская (1730-1750). Изданіе Оренбургскаго Губернскаго Статистическаго Комитета. Оренбургъ. Типо-литографія Ив.Ив. Мировицкаго. 1896. Стр. 6).

       Куә боп отырмыз, П.И. Рычков «История Оренбургская» деп аталатын кітабында 1730 жылдардағы бодандық мәселесіне байланысты оқиғаларды һәм осыған тікелей қатысы бар Табын Бөкенбай туралы баяндаған. Ал Я.П. Гавердовскийдің жазғаны – қалмақтармен шайқаста өліп, қазіргі Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы территориясындағы шоқыға жерленген «Буканбай» (Бөгенбай) хақында. Сонда 1742 жылы 500 адаммен түрікпендерге барымтаға барып, сонда ажал құшқан Табын Бөкенбайға қалайша айналып шыға келген?! Өзара еш байланысы жоқ. Бір-біріне мүлде сәйкеспейтін – екі бөлек тағдыр. Осы айырмашылықтарды ажырата алмауы –  Исмурзиннің таяздығын дәлелдей түседі.

        «Білгіштің» анық-қанығына бармай «дәлелге» ұсынып, жалаулатып жүрген «Имя сего знаменитого богатыря известно и в Оренбургской истории по его приверженности к России» деген түсініктеме кейін қосылған. Қолжазбамен танысқан сол кездегі ғалымдардың бірі тарапынан немесе баспаға дайындау кезінде. Танымы шолақ Исмурзиннің мұны да ажыратуға өресі жетпепті.

       Орта жолдан ғұламасынып, жөнсіз килігіп жүрген Исмурзиннің «Мұның өзі Я.П. Гавердовскийдің алғашқы нұсқасы 1759 жылы жарық көрген П.И. Рычковтың «История Оренбургская» еңбегін пайдаланғанын көрсетеді. ...бұл арқылы Я.П. Гавердовский Ырғыз ауданындағы шоқының табын Бөкенбай батырға тиесілі деген қорытындыға келген» деп бұрмалауы – еш шімірікпей өтірік айта беретінін айғақтап тұр!

       Жә, жақсы. Сөзімізді осы тұстан қайырамыз.

       Өз басындағы боқты көрмей өзгенің басындағы шоқты көретін Исмурзин деген бізді кекетіп-мұқатып, қаралап, қанша бажылдаса да нақты деректерге сүйеніп, ақиқатты айттық. Қолынан келсе өтіріктерін әшкере қылған дәлелдерімізді жеке-жеке талдап, бұлтартпас айғақтарымен түгелдей теріске шығарсын. Тақырыпқа еш қатысы жоқ ананы айтып, мынаны айтып, қайта-қайта бет алды көкезуленіп лаға бермей.

       Бірақ өтірікке әуес, шалағай тарихшы, парықсыз Исмурзиннен жөні түзу сөз шығады деп ойламаймыз. Сондықтан бұл мақала негізінен көкірек көзі ояу оқырманға ой салу үшін жазылды.       

                                                                            

                                                                                                         Бөрібай КӘРТЕН

 

Тағы оқыңыздар:
- Исмурзиннің ғылымға жат әдепсіздіктері

- «БӨГЕНБАЙТАНУШЫ» ДИЛЕТАНТ БӨРІБАЙДЫҢ «ЕРТЕГІЛЕРІ» (1-бөлім)