Кеңшілік поэзиясындағы табиғи болмыс

фотосурет ашық дереккөз

ӘДЕБИЕТ
319

Биыл қазақ поэзиясына құбылыс болып келген ақын Кеңшілік Мырзабековтің туғанына 80 жыл толып отыр. Бұл мерейтой ақын мұрасын қайта таразылап, оның ұлт әдебиетіндегі орны мен шығармаларының көркемдік ерекшелігін жаңаша бағамдауға мүмкіндік береді. 

Кеңшілік Мырзабековті даралап тұрған басты қасиет – табиғилық.

Табиғилық дегеніміз қарапайым жазу немесе қарабайырлық емес. Өлеңнің ақынның ішкі болмысынан ешқандай күштеусіз, ешқандай әдеби тәсілсіз туындауы. Оқырман өлеңді оқығанда ақынның сөз іздегенін емес, өмірдің өзін көретін жағдай. Кеңшілік Мырзабеков – дәл осындай сирек ақындардың бірі.

Кейбір өлеңдерді оқысаң, автордың поэтикалық лаборатория жасап алғаны анық байқалып тұрады. Сөздің қалай таңдалғанын, образдың қалай жасалғанын, ұйқастың қалай құрылғанын сезіп отырасың. Ал Кеңшілік жырларына мұндай жасандылық жат. Оның әрі өлеңін табиғат құбылысы секілді қабылдайсың. Шымыр шумақтары жаңбырдың жауғанындай, желдің соққанындай, қардың түскеніндей табиғи әсер қалдырады.

Ақынның:

«Ақ қар жапқан даланы аңсадым да,

Кеткім келді алысқа, малшы ауылға.

Күлтеленіп тұр ма екен күрең арша

Орғыл қызыл құмдардың қамсауында?» – деп басталатын өлеңін ғана оқысақ, Кеңшілік жырлары қазақ даласының, ауыл тіршілігінің табиғи тұнбасынан туған табиғи поэзия екенін анық аңғарамыз.

Бұл өлеңде бәрі табиғи. Қарапайым. Ақын «даланы аңсадым», «ауылды сағындым» деп емешегі үзілмейді. «Кеткім келді алысқа, малшы ауылға» дейді. Сағыныштың адресі нақты.

Ішкі құрылымы күрделі шығарманың пейзажы жай ғана көрініс емес. Естеліктің географиясына бірден күмп ете қаласың. Күрең арша да, орғыл құм да ақынның жадында бала күнгідей нақты сақталған.

Алайда өлеңнің көркемдік қуатын арттырып тұрған тек көрініс емес, мұнда дыбыс бар.

«Қойлар теуіп елтірі еркек құмды,

Айызым қанып қышырын естідім мен».

«Еркек құм» деген тіркес қандай тосын әрі табиғи шыққан. Сіз де, біз де құмның жынысы жоқ екенін білеміз. Бірақ малшы тіршілігінен туған тілде құм да мінезге ие болады екен. Қатты, тығыз, серіппелі құмды ақын «еркек құм» деп тұр. Сол арқылы Кеңшілік құм мінезін ашады.

«Айызым қанып қышырын естідім мен» деген жолда ақын сағыныштың табиғатын тереңдете түседі. Туған жердің суретін емес, дыбысын сағынады. Кеңшілік поэзиясының ерекшелігі де осы.

Бұл қолдан жасалған образ не метафора емес. Ол ақын туған ортаның құнарлы табиғи тілінен туған тың теңеу. Сондықтан тосын естілгенімен, құлаққа жат емес.

«Бәлкім соны аңсадым, бәлкім басқа,

Барғым келді «Салқын тау», «Салқын тасқа...», – деген жолдар да шығарманың салмағын арттыра түседі.

Лирикалық кейіпкер өзі аңсаған дүниені дәл анықтай алмайтын секілді. Бұл – ностальгияның ең шынайы көрінісі. Өйткені адам кейде белгілі бір мекенді емес, сол кездегі өзін сағынады. Аласұрып, өзін іздейді. Бұл өлеңнің ең үлкен көркемдік табысы – оқырманды адастырып барып, ақиқатқа алып келуі. Сол себепті де «Бәлкім соны аңсадым, бәлкім басқа» деген сөздердің астарында «Мен нақты нені іздеп жүрмін?» деген үлкен экзистенциялық сұрақ жатыр деп айта аламыз.

«Атың салқын болғанмен, атпал құмым

Қалпың басқа еді ғой, халқың басқа».

Бұл жолдарда туған жердің географиясы мен адамдары бір-бірінен бөлінбейді. Өлеңнің өзегі – адам. Ақын үшін туған жер ең алдымен адамдарымен қымбат.

Өлеңнің шарықтау шегі соңғы шумақтарда жатыр. Оқып көрейік.

«Өліарасы әр айдың ылаңдатып,

Қырбық қар мен қыламық қылаулатып.

Сынық шана шиқылдап шөп тасушы ек,

Ыңырантып інгенді ылаулатып».

Бұл шумақта ерекше поэтикалық эффект бар. Тұтас дыбыстан құралған. Шиқылдап, ыңырантып, ылаулатып деген сөздерге құлақ түріп көріңізші. Өлеңді оқығанда қысқы ауылдың дыбысы естіледі. Сол себепті бұл поэзия көзбен ғана емес, құлақпен де қабылданады.

«Бәлкім соны аңсадым, бәлкім бөлек,

Бәлкім маған бөлек бір салқын керек.

Салқын емес...

Салқын ғой Алматы да,

Шөпке бірге баратын қартым керек!»

Бір сәтте бүкіл поэтикалық кеңістік өзгеріп шыға келеді. Ақ қар да, қызыл құм да, арша да, ауыл да, қала да негізгі нысан болмай қалады. «Шөпке бірге баратын қартым керек» деген жолда ешқандай пафос жоқ. Бұл да осы өлеңдегі ең табиғи, ең жүрекке жылы тиетін жолдардың бірі.

Соңғы шумақтағы сұрақтардың көбеюі шығарманың драматизмін күшейте түседі.

Шөпке барам...

Сары інген аман ба екен?

Буаз ба екен биыл да, шабан ба екен?

Ақкөз аяз секілді ақи шалым

Биыл бірақ жол бастап барар ма екен?

Белі ауырып бадалып қалар ма екен?

Қамыт-бауды қайтадан тартып жатып

Басын шайқап аларып қарар ма екен?!.

Оқырман бұл сұрақтарға нақты жауап күтпейді. Соңғы шумақ, соңғы түйін уақыттың алдында дәрменсіз қалған адамның жай-күйін білдіреді.

Енді бір мезет өлеңнің басты тақырыбы туған жерден уақытқа ауысақанын оңай аңғарасың.

Күрең арша – уақыт.

Еркек құм – уақыт.

Сары інген – уақыт.

Шөпке бірге барған қарт – уақыт.

Олардың бәрі ақынның жадында сақталғанымен, өмірдің өзінен алыстап бара жатқан,тіпті алыстап кеткен естеліктер.

Кеңшілік Мырзабеков поэзиясының құдіреті де осында. Ол үлкен философияны қарапайым тіршіліктің нақты көріністері арқылы жеткізе біледі. Оның өлеңдеріндегі шынайылық оқырманды бірден баурап алады. Өйткені бұл өлеңдер өмірден туған.

Ол сағынышты жырлаған ақын ғана емес, қазақы болмыстың табиғи үнін жоғалтпай жеткізген ғаламат суреткер. Оның өлеңдері оқылады, естіледі, жүрекке қонады.

Кеңшілік поэзиясы уақыт өткен сайын құнын жоғалтпайды. Өйткені шынайы сөздің ғұмыры ұзақ.

Мұхарбек Жәкейұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

author

Кеңшілік Мырзабеков

АҚЫН

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мәслихат депутаттары қаланың бас жоспарына енгізілген өзгерістерді бекітіп, жаңа әуежай құрылысына е...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай алғашқы қалалық экохабта экологиялық мәдениетті және...