Саян Есжан. Жол сілтер жұлдыз болдым жеті түнде...

Фото: автордан

ӘДЕБИЕТ
1063

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «2025 жылы қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттік арнаулы әдеби сыйлықты беру туралы» Жарлыққа қол қойды. Әдеби сыйлыққа ие болғандардың қатарында поэзия көгінде өзіндік қолтаңбасымен жарқырай көрініп жүрген талантты ақын Саян Есжан да бар. Бүгін біз ақынды президенттік әдеби сыйлық алуымен құттықтай отырып, топтама өлеңдерін жариялап отырмыз, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ.

Автор туралы анықтама

Саян Есжан 1991 жылы Ақмола облысы Бурабай ауданына қарасты Түлкілі ауылында дүниеге келген. 2009-2013 жылдары  Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Журналистика және саясаттану факультетінде «Баспа ісі» мамандығы бойынша білім алған.

Еңбек жолын Ақмола облыстық «Арқа ажары» қоғамдық-саяси газетінде тілші болып бастаған. 2014-2021 жылдары аралығында QAZAQSTAN ұлттық телеарнасының «Таңғы-ақпараттық бағдарламалар» дирекциясында редактор, сценарист, шеф-редактор болып қызмет еткен.

2022-2023 жылдары ҚР Президентінің Телерадиокешені Деректі кино орталығының редакторы болып жұмыс істеді. Қазір «Хабар» арнасы Таңғы бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы.

Өлеңдері «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газетінде, «Жалын», «Жұлдыз», «Қасым» және т.б. басылымдарда жарияланған, сондай-ақ түрлі ұжымдық жинақтарға өлеңдері енген.

Қазақстан Жастар одағы «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, QALAMDAS әдеби байқауының жеңімпазы. Биылғы Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың иегері.

«Іңкәр», «Жайық жырлары» жыр жинақтарының авторы.

 

ЖАЙЫҚ АРУЫ

 

1

Жайық боп тебірене алмадым,

Еділ боп емірене алмадым,

Мені осы шегі де, арнаның теңізге құяр...

 

Көріспеспіз Айменен енді Күндей,

Барқынның құмдарындай бөлді күнгей.

Жайықтың толқынындай сезімді-ай бір,

Толқыса кететіндей жер дірілдей.

 

Аңызақты жұтады дала мұнар,

Мұнар ойдан табарсың дауаны бар.

Сарышымшық сағыныштың әніне ұйып,

Жалғыздық күйін ойнар қоғалы жал.

 

Ала сағым,

құбылған қара сағым –

Көңіліндей мазасыз қарашаның.

Қараша үйден түнеріп,

қарашадай

Келмеспен белгілі ғой, санасарың.

 

... Жолдарға үнсіз қарап тарам-тарам,

Хат күтесің жаңбырлы Сарыарқадан.

Сүмбіленің сұп-суық семсерімен

Жалғыздық шаншығанда жонарқадан.

 

Өлместің күйіне елтіп алап мұңды,

Ақ түннен мың бояулар тарап нұрлы.

...Нұрлы ойлар арасынан бейнеңді іздеп

Балконнан тұрам сол сәт қарап түнгі.

 

Сәт келіп көз алдыма серт байласқан,

Арқамды сезім қарып, өрттей басқан.

Бақсының зікіріндей толқып кетем,

Алпыс екі тамырдағы дерт қой, қасқам...

 

Жылдар асау Жайықтай қағынады,

Жылдардан не мән таптық мағыналы?!

...«Мың бір түн» желісіндей ию-қию

Сезімнің бұл басы емес,

соңы да әлі.

 

Көшкен құмдай Уақыт жатыр ағып,

Қимастыққа көнбейді ақыл анық.

Айтылмаған сөз қанша,

сезім қанша,

Өткен күнде өлшеусіз ақы қалып...

 

Екі жүрек.

Бір жалған.

Екі қала.

Ешқашан жалғанбастай жатыр ара.

... Жайықты құйып алсам жүрегіме —

От-сезім өшер ме екен дөкір ала?!

 

2

Күн сүйген шағыл сынды қызба болып, 

Бір от лаулап кеудемде, бұзған ерік.

Жүректі тастасам да мұзға көміп,

Сол бір от өшер ме екен,

өшпес пе екен,

Жазирасын жанымның сызған елік?!

 

Жайық болып тасыдым,

туладым да,

Төтеп бере алмадым қу жалынға.

Ақшулан толқынымда шоқ ойнаған,

Қарайып, тарап жатты у қанымда.

 

Бір тамшысын аңсаған шалқар көлдің,

Аңқасы кепкен аппақ сортаң болдым.

Маңдайды күнге тостым,

желге тостым,

Жиегінде сен жалғыз жортар жолдың.

 

Самал боп тербетуге желге айналдым,

Соғар деп төбеге һәм өрге айналдым.

Жол сілтер жұлдыз болдым жеті түнде,

Ай болдым,

тас төбеңде шамға айналдым.

 

Тынбай жандым,

ал күндіз Күнге айналдым,

Жамалыңа елігім,

мың байландым.

... Сендік жолдың бәрінде бәрі болдым,

Ал қазір кімге айналдым?!

 

3

Басылып күні бойы жел сарнаған,

Мұнар ойға шомған-ды дел-сал қалам.

... Жайықтың перісіндей арбайды үнсіз

Қара Түн мен жанымды Сен салған ән.

 

Дел-сал күйде қала емес,

мен ғанамын,

Бейуақыт тылсым күйге арбаламын.

Дәл осы азапты һәм тәтті күйден,

Не артық, не кем дүние бар қарағым?!

 

Тылсым күйді білмедім,

ұға алмадым,

Көзім алды көк мұнар – тұман қалың.

... Білерім – біздің сезім бір тарауы

Өмір дейтін ең ұлы шығарманың.

 

4

Ойлы Күз,

Қаһарлы Қыс,

Сертті Көктем –

Бойдағы жазылмаған дертті үдеткен.

Дерттің аты – Сағыныш,

қара жалын

Һәм Өкініш тұтанған өрт түнектен.

 

Жалыны әлі бойда басылмаған,

Жаз,

Сен жұбатшы, жазирам – жасыл ғалам.

Жасыныңнан жалт бұрман жанарымды,

Жауыныңнан ешқашан тосылмағам.

 

Сіркіре, тазарт бір сәт тұнжыр ойдан,

Жұпарыңа жуындыр бұл күні, айнам.

Самалыңмен сауықтыр іңірдегі,

Масаң күннен айықтыр,

бұлдыр айдан.

 

...Шұғыламен алмасып ішкі мұнар,

Таңғы шықпен күн сайын үшкіріп ал!

Қуат берсін жаныма көгілдір тау,

Шуақ берсін тәніме ыс құмың әр.

 

...Осы сәт мәңгіліктің лебін ұқтыр,

Мен де жазға айналам – төгіліп нұр...

Өз-өзімді ұмытып қалсам-дағы

Жайықтағы аруды тек ұмыттыр!

 

5

Сен жайлы жазылған ең көркем сөйлемнің,

Ең көркем жазбаның ішінен,

Жымиысын жып-жылы бейнеңнің

Енді салқын екендігін түсінем.

Сол жырлар – жылдардың жылы естелігі,

Тек, Тағдыр суық.

Сезім тудырған күрестен ұлы

Білемін, қалдым сынып.


Өле-өлгенше жадымда тұнып тұрады

Естеліктердің ескі жазбасы.

Ұмытылмайтын сəттерді ұмыттырады

Қоңырқай түннің көз жасы;


Мəңгілік таңбаланар жанымда,

Өткенім...

Жан дейтін жалғыз қорымда

Жерленген Көктемім.

...тағдырлық ДеЖаВю!

 

6

Күннің қоңыр күрсінісі, Түн демі –

Бояуы осы бес күннің.

Оның жалғыз білгені –

Білмейтіні ешкімнің.

 

P.S.: Шексіздікке шақырады Мəңгілік,

Сен сезесің, барлығын.

Уақыттың айнасынан Жан күліп

Жымияды Тағдырың.

 

Сол айнадан бəрін-бəрін көреміз

Көрмейміз һəм ештеңені –

Сенеміз.

Сенетініміз – Үміт отының өшпегені.

 

Заңдылығы Түсінік пен Ұғымның

Жүрегімізде бүрлеген.

Біз – Өмір деген түкке татымас Ғұмырдың

Өзі де кірлеген.

 

Сөздер керуенімен шұбалған

Сөйлемнің айналамыз соңына.

Еркіндіктен де, босаймыз һəм бұғаудан,

соңыра.

 

Тартылыс күшінен ауырлау,

Бір сезім оянар жадтағы.

Өмірдің өзіндей жауырлау –

Сол бір сəт – бар бəрі, жоқ бəрі.

 

Мазмұнсыз тірліктің өзінен

Жарылар бір Əлем.

...Əлемнің мөлт етіп көзінен

Мен сонда шығар ем.

 

7

Мен ақиқат таба алмадым өзімнен,

Еш жұбаныш таба алмадым сезімнен.

Көк аспанның күрсінісі секілді

Түн тамшылап жатқан шақта көзімнен.

 

Мен мезгілдің сезінемін ырғағын,

Мен Уақыттың сезінемін мұңдарын.

Мен түсінем, соның бәрін түсінем,

Сені ғана түсіне алмай тұрғаным.

 

Біздің тағдыр, мүмкін өмір – Ақ өлең,

Сиқырлы әуен тамшылаған әуеден.

Мендік үміт Құлагердей жүйіткіп,

Табылмаған мәреден.

 

Қанша күндер, қанша түндер озды алға,

Оған сірә, сөз бар ма?!

Сен не дейсің,

мен не деймін білмеймін,

Не дей алам жазғанға?!

 

8

 

Сөнген жұлдыз – көрген түстің баяны –

Баянсыз күн – тіршіліктің аяғы.

Оның мəңгі сөнгені –

Өлгені.

Дəл осылай шексіз ғұмыр бояуы...

 

Солай болған əуелден,

Сөнген жұлдыз – жан өлген.

Қос жұлдыздың құлағанын көрдім мен

Өткенде һəм бүгінде –

Қош айтысып əлеммен;

...Əлем тағы үнсіздікте.

Өлең... Мен...

Қос жанарым боталап тұр төменнен.

 

9

 

Түйісті екен жол қайдан?

Санамда сансыз фотолента көп сарғайған.

…Он Көктем, он Күз өтпестей болып көрінген —

өткінші екен ол да, айнам!

 

Он Көктем, он Күз!

Зымырап өтті, не керек…

Бақытқа сендік,

Уақытқа сендік «төре» деп.

Сол шақта қалған сауалдың сансыз жауабы

Бүгінге жетіп, есіме түсті неге көп?!

 

…Телефон соққан әр сәтте іштей үздігіп,

От шарпып бойды,

кей сәтте суық мұз қылып —

Талай шаншыды желікке толы жүректі,

Жетілді солай,

дәл біздей қанша қыз, жігіт.

 

Аппақ көңілдей ақ хаттар сонда келетін,

Ақ жүрегің алғаусыз соған сенетін.

Он жылда енді кір шалды неге көңілді,

Он жыл ішінде өзгердік екен неге тым?

 

…Бүгінде сол шақ ертегідей боп көрінер,

Естелік қана — өткен күндердің көрігі ол.

Ең соңғы рет екіге бізді айырып,

Сықылықтап: «Баянсыз махаббат!», — деді Жол.

 

…Өшкендей едің мәңгі ойдан,

Санамда сансыз фотолента көп сарғайған.

…Дәл мына Жол — біз табысып,

қоштасқан жол еді,

Кездестік бүгін неге, бұл жерде енді, айнам?!

 

10

 

Он жыл бұрын…

Ол кезде әлі баламыз –

Әрі жақын, әрі шалғай арамыз.

…Бір-ақ күнде таныстырды көктеме,

Бір-ақ сәтте табыстырды қара Күз.

 

Сол уақытта аштым жаңа Әлемді,

Сол уақытта жаздым алғаш Өлеңді.

Жарық дүние қапелімде жаңарды –

Ішкі дүние ғалам сынды көнерді.

 

Ұмыта алмай сол бір көркем кезеңді,

Сан төңкердім Тағдыр тартқан көземді…

Қанша раушан көкірегімде гүлдеді –

Айтылмастан іште қанша Сөз өлді.

 

Жан жылыған әрбір ыстық хаттардан,

Жанарымда әр әріпі жатталған.

Әр күн сайын қаншама рет оқылып,

Әр күн сайын жүрегімде сақталған.

 

…Уақыт өтті.

Бәріне де «қош» дедік.

Өмір ғой бұл!

Өмір деген – естелік.

Кеттік сосын екі тарау жолменен,

Кеттік, солай…

«кетеміз деп дос болып».

 

…Солай, солай Қылықтым,

Мұз құрсаған жетім көлдей тыныппын.

…Қаншама жыл ұмытам деп жүргенде

Бір-ақ күнде өз-өзімді ұмыттым.

 

Он жыл бұрын…

Ол кезде әлі баламыз.

Әрі жақын, әрі шалғай арамыз.

…Он жетінші көктемімде ғайып боп –

 

Алғаш рет мұңға ораған қара Күз.

 

Он жыл өтті…

Қазір соның бәрі аңыз!

 

11

 

Шөп демінен діріл қаққан ауаны,

Түн демінен күбір еткен даланы,

Оята алған бір ғана Сөз Самалы.

                       ***

Түн көзінен жылдар үнсіз тамады,

Түн көзінен мұң да үнсіз тамады;

Бір ғана Сөз жүректерде оянған –

Қалады.

 

Өмір – Өмір!

Шексіз ойдың торабы.

Тағдыр – тағдыр!

Жүрілмеген Жол əлі.

- Нені ұғындың, Дүниенің Қонағы?

- Шамалы...

Тек, бір ғана Сөз!..

 

 

author

Саян Есжан

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанда медициналық диагностика мен емдеудің заманауи технологияларын енгізу арқылы балаларды ше...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Атырауда 9 қаңтарда жоғалып кеткен 59 жастағы Талғат Назаровты іздеу жұмыстары ресми түрде аяқталды,...