Үкімет отырысында Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасына арналған толықтырулар мақұлданды

Жаңалықтар
1238

Бұл құжат жастардың табысты әлеуметтенуі үшін жағдайлар жасауға және оның әлеуетін елдің одан әрі дамуына бағыттауға ықпалын тигізеді.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Жастар жылын өткізу бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрт басты блок бойынша нақты міндеттер қойғанын баяндады:

· қолжетімді білім мен таланттарды қолдау;

· жұмыспен қамтамасыз ету;

· әлеуметтік қолдау;

· азаматтық ұстаным мен этносаралық келісімді, патриоттықты нығайту.

Тұңғыш Президент атап өткендей: «Ел келешегі жас ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты». Сондықтан мемлекеттік жастар саясатының мақсаты – оларға толыққанды рухани, мәдени, білім беру, кәсіби және физикалық тұрғыдан жан-жақты қолдау білдіру. Барлық көрсетілген бағыттарды іске асыру үшін Үкімет Жастар жылын өткізу жөніндегі Жол картасын қабылдады. 23 қаңтар күні Ұлт көшбасшысы жастар форумы барысында жастардың сөзін тыңдады және олардың ұсыныстарын құжатқа енгізуді тапсырды. 

Бірінші. Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, жас қазақстандықтардың кәсіптік бағдарын анықтауға бағытталған «Өзіңді тап» жобасын іске қосу. Яғни жастарға өзі қызығатын дұрыс мамандық таңдауына бағыт беру керек.

Екінші. Еліміздің аймақтарында бүркітшілер орталығын ашу және дамыту шараларын қабылдау. Жаттығу орталықтарын ашып, түрлі деңгейдегі жарыстар өткізіп қана қоймай, Мәдениет және спорт министрлігімен бірігіп бұл көне өнерді Қазақстандағы этнотуризмнің маңызды элементіне айналдыру жоспарланған.

Үшінші. Өзін-өзі қорғау бойынша тегін шеберлік-сыныптарын өткізуді қарастырумен жастарға арналған спорттық клубтарды дамыту бойынша тиісті шаралар қабылдау.

Төртінші. Еліміздегі ЖОО-лармен және колледждермен бірігіп «Студенттік бастама» деп аталатын жалпыреспубликалық волонтерлер қозғалысын және жас волонтерлер базасын құру. Осылайша, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға, жетімдер мен жалғызбасты, үйсіз-күйсіз адамдарға көмек көрсету.

Бесінші. Медиа саланың келешегінен үміт күттіретін жас өкілдерін тарта отырып, Қазақстан ұлттық брендін алға жылжытуға бағытталған жаңа құралдар жасау.

Осылайша, бүгінгі таңда Жол картасының жобасы 89 тармақтан тұрады және бес бағыты бар.

Бірінші бағыт – Еңбек етіп жүрген жастарды баспанамен қамтамасыз ету. Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында жыл сайын жас мамандарға арналған мыңға жуық жалға берілетін тұрғын үй тұрғызу жоспарланған. Ол баспаналар кәсіпорындарда, ауыл шаруашылығы мен бюджеттік мекемелерде, ғылым саласында жұмыс істейтін жас мамандарға, жаңа іс бастаған кәсіпкерлерге арналып салынады. Отбасындағы бала саны, арнайы күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отырғандар, толық емес отбасылар және тағы басқа факторлар да ескерілетін болады.

Екінші бағыт – жастарды еңбекпен қамту. «Жас кәсіпкер» бағдарламасын жүзеге асыру қарастырылған. Үш жылдың ішінде 60 мыңнан астам жас кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытылады. Ауылдағы жастарға 15 мың шағын несие беру жоспарланған. Ал жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 30 мыңнан аса мемлекеттік грант бөлінеді.

Үшінші бағыт – білім беру мен волонтерлер ұйымдарын дамыту. Қазір «Жас маман» деп аталатын бағдарлама әзірленіп жатыр. Осы бағдарлама арқылы сұранысқа ие 100 индустриалды және сервистік кәсіп бойынша мамандар дайындалады. Бұл бағыттағы жұмыстар 3 жыл бойы еліміздегі 20 алдыңғы қатарлы ЖОО мен 180 колледждің базасында, еліміздің барлық өңірлерінен 200 мың жасты қамтумен жүзеге асады.

«Ашық университет» жобасына барлық жоғары оқу орындары мен колледждерді қосу да жоспарланған. Сонымен қатар іргелі әрі қолданбалы зерттеулерді гранттық қаржыландыру жылына 3 миллиард теңгеге ұлғайтылатын болады. Волонтерлық шараларға белсене қатысып жүрген студенттердің шәкіртақысы 30%-ға көбейтіледі.

Төртінші бағыт – жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту. «Жасыл Ел» қозғалысының негізінде «Жасыл қала – Жасыл ауыл» жалпыұлттық жобасын жүзеге асыру қарастырылып отыр. Құрылыс компанияларында студенттік құрылыс отрядтары үшін квота бөлінеді. 2025 жылға дейінгі әскери-патриоттық тәрбиелеу бағдарламасы және тағы басқалары әзірленеді.

Бесінші бағыт – бұл жас отбасыларды, денсаулық пен әлеуметтік инклюзивтілікті қолдау бойынша шаралар кешені. Мысалы, аймақтық жастар чемпионаты мен студенттер универсиадаларын жаппай өткізу тәжірибесін жаңарту жоспарланған. Жоспардың аясында бірқатар кешенді жобаларды жүзеге асыру қарастырылған. Олардың ішінде түрлі жастар санатын әлеуметтендіру, суицидтің алдын-алу, отбасы институтын нығайту және отбасылық құндылықтарды алға жылжыту, дарынды жастарды қолдау және тағы басқа бағыттар бар.

Жалпы, аталған бағыттардың барлығын жүзеге асыру жас отбасылардың әлеуметтік ахуалын арттыруға, адами капиталының сапасын өсіруге, сондай-ақ жастардың түрлі санаттарының тиімді әлеуметтенуіне мүмкіндік береді.

Мәселені қарау барысында жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндамамен Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов пен Шымкент қаласының әкімі Ғ. Әбдірахымов баяндама жасады.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова Парламент Сенатында қаралып жатқан республикалық бюджетке өзгерістерде Жастар жылын өткізуге 24,6 млрд теңге қарастырылғанын атап өтті және барлық министрліктерді жүргізіліп жатқан жұмыстарға белсене атсалысуға шақырды. Бұл орайда негізгі мәселелер жастарды жұмыс орындарымен қамту, өз ісін ашуға грант ұсыну, жастар іс-тәжірибесі мәселесіне ерекше көңіл бөлу болып табылады. Сондықтан бұл әлеуметтік блок министрліктеріне ғана емес, басқаларына да қатысты.

primeminister.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...