Талапбек Тынысбекұлы. Ат жалындағы жырлар

Фотосурет автордың жеке мұрағатынан

ӘДЕБИЕТ
115

Күреңбел

Күреңбелден күлімдеп күн асады,
Алтынеміл баурайы гүл ашады.
Тезек төре жұртында тентек ұлдың,
Ағайынмен аспандап жүр атағы.

Сарөзектің самалы қырқаға ұшып,
Сырласады бөктерлер мұң шағысып.
Сарбастаудың жалбызды жағасында,
Жас өркені жалғанның тұр табысып.

Қарашоқы әкемнің болдың жұрты,
Енді бізге өнеге елдің ғұрпы.
Шіліңгірі шекеңді тершітеді,
Көз ұшында нөсерлеп көлдің бұлты.

Бізге мекен бұл алап білсек түбі,
Ұялы елдің болмағай үркектігі.
Жеті ұрпағым жайларға дұға қылдым,
Жетісудың бұйырған бір шоқтығы.

От маздаттым Отанның ошағында,
Осы бақыт емес пе аталы ұлға.
Қараорманның қосылдым қатарына,
Аталы елдің айналдым отауына!

Қарғыба

ШҚО, Тарбағатай тауының етегіндегі Ақсуат ауданына қарасты Қарғыба өзенінің жағасындағы шилі адырға әйгілі қолбасшы, дипломант Қожаберген батыр Жәнібекұлы (1698-1785) жерленген.

Қиыр жайлап оралдым Қарғыбаға,
Қарғыбаның толқыны жарға ұра ма?!
Жетінші атам жерлеген жер астынан,
Жоңғарлардың дауысы жаңғыра ма?!

Ақсуаттың алқабы аңызды аймақ,
Шежіреңді жырласын жаңылмай жақ.
Қайсы қырдың қалды екен қойнауында,
Қабырғасы қайысқан қалың бейбақ?!

Қарауылдап қымтаған қыр іргесін,
Қияқты ши қыбырлап күбірлесін...
Қара дөңге шөгерген ғұмыр көшін,
Қаракердің тұяғы сүрінгесін...

Бабамның бұлт қонақтап байрағына,
Аңыз боп аты шыққан аймағына.
Қараған қабыр басын қаратпайды,
Қадалған Қарғыбаның қайранына...

Ғасырлардан қалқиып қалды мұра,
Зар жылама туған ел, жар құлама...
Толарсақтан қан кешкен тағдырыңа,
Тарбағатай таулары мәңгі куә.

25.09.2019, Ақсуат.

Москва, Қызыл алаң!

Москва, Қызыл алаң, қызыл іңір,
Жазатын жағдайым жоқ қызығып жыр.
Алданып матрюшка сатқан қызға,
Халімді қан қайнаған кім ұғып жүр?

Несін ермін тегімді тектемесем,
Кешігермін, сасыған сөкпе көсем.
Алдымда қайтарып ал деп тұрғандай,
Алдына үш ғасырдың кеткен есем.

Ұлтыма тақ та берген, бақ та берген,
Нәубеттің бәрін көрдік басқа келген.
Үш минут үнсіз тұрдым есіме алып,
Үш миллион қазақты аштан өлген.

Аюлы елде атылған арыстарым,
Аласартып көрген жоқ намыс тағын.
Алаңынан табатын секілдімін,
Алашымның ақтаңкер арыстарын.

Ақиқаты керекпе айтып бағам,
Ар жазаның азабын тартып барам.
Қамбасының құны жоқ көк тиындық,
Хан басының қадірі артық маған.

Москва, Қызыл алаң, қызыл жоса,
Қасірет қоңырауы қыбырласа.
Қызыл отқа оранған кешін көріп,
Қайтатын жайраң қағып ғұмыр болса.

2013 жыл, маусым, Москва

Сүттібұлақ

Бұғытының баурайы Сүттібұлақ,
Келер күнді күні-түн күттім ұзақ.
Қасиеті сақталған қазағымның,
Абағына болған ең құтты жұмақ.

Ұранды ұлы ұстаған ұлысымның,
Туын көрдім төрінен туысымның.
Кең мекенде кеткені-ай тынышымның,
Ұрпағының шайқады ырысын кім?

Жаза көрген бұл дала аза көрген,
Қашан жоңғар қазаққа маза берген?
Бұлт үйіріліп байрағы Қожаберген,
Қол бастаған, соңынан тәмам ерген.

Менің бабам қай заман ту алғалы,
Орындалды бұл күні ұлы арманы.
Бұғытының бөтенсіп тұр аңғары,
Сүттібұлақ таяпты суалғалы.

Сүттібұлақ суалар, жұрт ескірер,
Ту сақталған тозады-ау шын тектілер.
Қолда барын жоғалтып, жоқтар елміз,
Қасиеттің қадірін тым кеш білер?

Ескі заман өткенде ел жүдетер,
Есті ұрпақ еңсеңді енді көтер.
Кезі келді киелі жеңіс туын,
Еркін елдің көгінде желбіретер.

2014 жыл, Баян-өлгей

Сакура көктемі

Күрсінтіп көңілімізді күндер біздің,
Сүрлеуі сан соқпаққа сүйрейді іздің.
Көлбеңдеп көз алдыма көркі келед,
Серуендеп Сакураны жүрген қыздың.

Сакура санадағы бір армансың,
Құшарым құшағыңда тұмарлансын.
Үкілім үндемейсің ұяң жансың,
Қайғыңды қамсыз күлген кім аңғарсын?!

Бір мекен құшағында тербеткенмен,
Өзгеше бағыт алдық өзге өткелден.
Ақтарып айта алмадым алты ауыз сөз,
Аттанып Сакураға сен кеткенмен,
Бақ тауып Алматыға мен жеткенмен.

Келеді Алматыда алма бүрлеп,
Желпиді самал лебі қайдан үрлеп?!
Сонда да Сакураға елеңдеймін,
Бақтары бірге аралар барма әлі деп.

2015 жыл, Алматы

Теңіз таңы

Қауышқасын қиялыңмен қырқа асып,
Теңіз кештім таң сәріден ұйқы ашып.
Бұйрат -бұйрат буырқанған толқындар,
Шумақ-шумақ жырларыммен ұйқасып.

Теңізбенен теңеспейді еш ғалам,
Толқын санап тауыса алмас есті адам.
Суға сіңген көкжиекке қарасам,
Хемингуейдің ертегісін еске алам.

Жағалауда именеді кім неден,
Жалаңаш ел жапырақтай күн жеген.
Толқын қуған балықшының қиялы,
Балғын қыздың анарында бүрлеген.

Теңіз тентек, тынып іштен тулайды,
Бұрын-соңды байқамаппын бұл жәйді.
Төңіректің тыныштығын ұрлайды,
Толқынымен тұншықтырып түнгі айды.

Құз жартастар салқындатып балағын,
Шүңеттерге түкситеді қабағын.
Талықсыған күрсінісін аядым,
Түніменен толқын өпкен жағаның.

15.06.2013 ж.
Испания, Алмуникар қаласы

Гранада ақшамы

Гранада, гүл алаңда кешкі іңір,
Дұшпаны да таңданардай дос түгіл.
Өркениет оркестрі ойнаған,
Ертегідей елестейді ескі бір.

Жосаланған тас еденде тік басып,
Жүргіншілер жосылады жұптасып.
Тау самалы тамағыңды аймалап,
Жан сырыңды жарысады бұлтқа ашып.

Көне қала көз тартады күлімдеп,
Көріктіңдей күтіп алған бұрын кеп.
Бой жеткендер еріндері дірілдеп,
Биналардан гүл үрлейді күлімдеп.

Төңірекке тамсанамын таң қылып,
Гиттар үні құлағымда жаңғырып.
Қариялар шежіресін шертеді,
Палма ағаштың саясында паң күліп.

Алматыда болар бәлкім түн іші,
Атар таңның әлегінде тірісі.
Мұндағылар мұңаймастан ұрттайды,
Мұрын жарып лимон шайдың иісі.

Алматының ысы да жоқ улаған,
Көлігі жоқ зулаған да, шулаған.
Ұлығының ұлылығын ұғындым,
Туған жерін, думанды елін сыйлаған.

Тіл ме, дін бе айту қиын ол жайлы,
Санаңа да саңғымайды сан қайғы.
Шенеуніктер шіренбейді шүлдірлеп,
Торғайлар да төл тілінде сайрайды.

Жетім бұрыш, Құлбазар да көрмейсің,
Тән саудалап Сайнасына келмейсің.
Бала сатып байымайды бастылар,
Ауасымен азабыңды емдейсің.

Басқыншылық, бастан кештік бізде оны,
Күңірене күй етемін кімге оны?!
Бұлардың да даласында сайрайды,
Арабтардың арбасының іздері.

Ымдап, жырғап бақтағы елмен тілдесем,
Дәмі тартып қалар бәлкім тұз жесем.
Құшағы құт қиял елін қимастан,
Бұқа мініп аттанардай күй кешем.

19.06.2013
Испания, Гранада қаласы.

Керулен

Көне жұрттың кенері көрінгенде,
Кетеді екен көбеңсіп көңіл кейде.
Балбал тасын бабамның басыма алып,
Кетейінші бір түнеп Керуленге.

Жеткізейін жырыммен сөзімді елге,
Өксітеді осылай өмір кейде.
Қайран мекен құлазып қалған еді,
Хандығымның іргесі сөгілгенде.

Бағзы жұрты бабамның бұл байтақта,
Отырғанын біледі ел, кімдер тахта.
Тізеліні бүктіргем, бастыны идім,
Тәңірменен тілдесіп тұрған шақта.

Ақбоз үйлер тігіліп әр қыратқа,
Сырғалылар сыр айтқан бал бұлаққа.
Көшпендінің бесігі осы мекен,
Жөргегінен мінетін қарғып атқа.

Осында еді жанымның бір бөлшегі,
Аңыздардан айтамын кімге ертегі?!
Мәңгілікке дамылдап қалар ма еді,
Алтынданған жамылып құз көрпені?!

Қарашаның ұласып бұлты қарға,
Сіңіп кетті қиялым мұң тұманға.
Дүбірінен дүние тітіреген,
Шалмам түспей шаршаймын жылқыларға...

Қабырғамдай қайысып қаралы қыр,
Домбырамның төкпейді шанағы жыр.
Көкше әулие көзіндей көкжиекке,
Түн көрпесін сүйретіп барады іңір.

Туырлығым туралған түркі мекен,
Қоныс болдың кімдерге ғұрпы бөтен?!
Тұғырылдың шыңына ту тігетін,
Қай ұлыңды күзетіп тұрсың екен?!

2019 жыл ,Ұланбатыр қаласы.

Меңдікөл

Бесік мекен бауыры Бесбоғданың,
Бабамызға білемін ес болғанын.
Әжіміндей әжемнің әрленеді,
Көз ұшында көлбеңдеп көш жолдарың.

Көл жағалай қонатын көшкен ауыл,
Ескі жұрттың елесі неткен ауыр?!
Қом-Қанастың қырына күн сап қарап,
Шежіресін шертеді шетте бауыр.

Бесбоғданың басынан бұлт асады,
Бесті қымыз бусанған ұйқы ашады.
Меңдікөлде сыңсыған меңсіз аққу,
Әуеніне әнімнің ұйқасады.

Меңсіз аққу мекендеп Меңдікөлді,
Мамығына бөлейді елді, жерді.
Айдынына арбалып ақ кербездің,
Көбеңсіген көңілім көндігеді.

Меңдікөлдің толқыны жағаны ырғап,
Жусанды жон күзеткен қарауылдап.
Бара жатыр бауырында бағалым қап,
Құшағыма қысамын қалай ұрлап.

Көл жағалай өседі көкше құрақ,-
Деген әннің әуені неткен ұзақ.
Меңдікөлді менсіз де мекендеген,
Көз алдымнан кекілдім кетпе жырақ...

Көне қырдан селеуі селдіреген,
Бағзылардан бір жұрнақ белгі көрем...
Шаранасы шайқалған көл бір өлең,
Түлба қыздың көзіндей мөлдіреген...

19.09.2019 жылы. Баян-Өлгей.

Үрімжі. Халық алаңы

Түскі шақ еді аспан ашылған,
Сырымды шерттім досқа жақыннан.
Адамға айтуға ауыз бармайды,
Алаңда отырмын Оспан атылған.

«Алашым!» - деген асыл ұл еді,
Айтады бүгін ғасырым нені?
Мұң кештіреді меңіреу аспан,
Тілдестіреді жасырын мені.

Қасірет жұтып, қалғыдым тағы,
Қай ғасыр желі жанды жылытады?
Мазасыз, мәнсіз әнге басады,
Баласын ерткен Маудың ұрпағы.

Елітпедім көктем жылуына да,
Селт етпедім көше шуылына да.
Түк білмей үнсіз түксие берді,
Баяғысынша бұйығы дала.

Көмейде қалды қамалып үнім,
Сүртеді жасты жанарымды кім?!
Алаңға барғаным азалы күнім,
Ал айтқан әнім қаралы жырым.

Үрімжі, 2010 жыл, 5 сәуір

Эйфельдегі Айсұлу

О, Париж! Ғажапсың не қылған?
Арусың алқасын тағынған.
Мың нөпір келуге ағылған,
Мың нөпір көруге сағынған.

Халді ешкім сезбейді біздегі,
Жанды елітіп барады түн лебі.
Санада сан жылдар бүрледі,
Мұстафа Шоқайдың іздері.

Көңілдің мейірін қандырып,
Тамсана қараймыз таң қылып.
Көркіне барады жан жылып,
Әміре әуені жаңғырып.

Әлемге танылған құт ел боп,
Париждің төрінде түсел көп.
Сапарлас серіктер сезбеді,
Эйфельден Айсұлу күтер деп.

– Қош келдің, туғандар, қымбатты?
Қаракөз қиыла тіл қатты.
Әдептің әуенін тыңдатты,
Көзінде сағыныш сыр жатты.

Шұбырған нөпірден саспады,
Эйфельге біздерді бастады.
Көңілді сергітіп тастады,
Есігін өзі кеп ашқаны.

О, Эйфель!Париждің тұмары,
Еркіндік елінің ұраны.
Көргеннің көңілде жыр-әні,
Келгеннің басылмас құмары.

Жанымда жарым жүр, қызғанбай,
Секемшіл сезім жоқ бізде ондай.
Әрленіп кетеді япырау,
Төркінін сағынған қыз қандай?

Өткізген сан жылды, сан айды,
Айсұлу бұрымын тарайды.
Эйфельді тұғыры санайды,
Парижден Алтайға қарайды.

Париж-Астана, 10.05.2023 жыл.

Париждегі Аксинья

Ішінен қайшалысқан қалың көптің,
Тартуы маған тапқан – Ғалымбектің.
Қылығы көзді арбаған құралайдай,
Сары қыз санамды өртеп жалын еттің.

–Сәлем, – дейді қазақша судыратып,
Білді екен патшағар бізді қайтіп?
Сәлемімді ішімнен тұрмын айтып,
Көрмеп еді дәл мұндай қыз мұңайтып.

Мекендепті бір жылдай бұл араны,
Фотогазет лездік – шығарады.
Елін айтсаң мұңаяд, жылағалы,
Қазақстан жайында қуанады.

Он сегіз, жиырмада сірә, жасы,
Мендей оның бар шығар бір ағасы.
Бұл жұмысы белгілі ұнамасы,
Елітпейді Эйфельдің мұнарасы.

Үркінген ұясынан қарлығаштай,
Үрпиген украиналық қарындасты-ай.
Жүретін қадір қашпай, қарын да ашпай,
Қара орман қайран елі халың басқа-ай.

Ұйыған ұлты қайда? Жұрты қайда?
Ойласаң сай сүйегің сырқырайды ә.
Оралар ұясына бір күн ол да,
Слава Украине! Украина!

Париж
12.06.2023 жыл.

Амстердамдағы босқын

Тірлікте толмас тұлып-араны,
Теңіз де тылсым тынып ағады.
Босқындар мұнда жиі барады,
Мекенін айтсаң, қыбы қанады.

Солынан соққан замана желі,
Жүрегін көптің жаралап еді.
Қотаны болса, аралар ма еді,
Отаны болса, бағалар ма еді?!

Бұйырған жаттан бақ, ырыстары,
Жанарларында жалыныш, зары.
Қашқарын айтсаң қазір ұшқалы,
Қомданады әттең, жазмыш бәрі.

Үш аймағында қалған жүрегі,
Туған жер менің – жан қайғым еді.
Қашқынды босқан жандар біледі,
Ішінде шемен арман жүреді.

Қиырда қалған бар асылдарын,
Айтады жерін, анасын, жарын.
Сезінем іштей аласұрғанын,
Жұтады теңіз наласын, зарын.

Құдайымыз бір, қашан да қорған,
Қоңсым да еді қатарға қонған.
Қобырап жұрты Қотанда қалған,
Қосағына оны қосар ма жалған?!

Амстердам,
15.06.2023 жыл.

 
Бұланай

Қайтпас жолға бағыт алған,
Арыстардың қаны тамған
Бұланай.
Жесір әйел, жетім бала зарымен,
Жаңғырығып жағы талған
Бұланай.

Аналарды аңыратқан,
Ағайынды ажыратқан
Бұланай.
Мұз жастанып, қар бүркенген боздақтар,
Құшағыңда әлі жатқан
Бұланай.

Оқ боратқан ата дұшпан,
Өгіз құлап, атан ұшқан
Бұланай.
Жан бермеске қасарысқан,
Жұрт қырылған қатал ыстан
Бұланай.

Баурайымен бұлтқа оранған,
Заңғарымен ықта болған
Бұланай.
Күшік ұлып жұртта қалған.
Ұлысымен ұлт қамалған
Бұланай.

Дүниені десі басқан,
Зілзалаңмен бесік аққан
Бұланай.
Үндістанға есік ашқан.
Есіл ерлер көшіп асқан
Бұланай.

Құс ұшпаған құзарыңнан,
Жан татпаған бұлағыңнан
Бұланай.
Босқан абақ тұрағынан,
Бордай тозған тұманыңан
Бұланай.

Елісханның ерлігіндей,
Оспан батыр өрлігіндей
Бұланай.
Ұмытылмас шерлі күйдей,
Өтейінші енді білмей
Бұланай .
...
Азапты да қасретті көшім бұл,
Еңіреумен өткен қайран есіл жыл.
Бұланайдан бұйда асырған керуен,
Әлі күнге күллі әлемде босып жүр....

17 желтоқса, 2024 жыл.
Малаизя-Алматы аспаны.

Сингапур сұлбасы

Тынық мұхит толқынымен тынығып,
Үнді мұхит тереңіне үңіліп.
Сингапурдан білім алды сыр ұғып,
Зерделінің ұстаздары жиылып.

Күллі әлем көз тігеді осы елге,
Сенім артқан сенген елі көсемге.
Балықшының орындалды арманы,
Ағылшынның ізі қалған мекенде.

Еншісінде болмағанмен ен дала,
Төңірегі тамсанады таңдана.
Болашаққа қанат қағар қоңдана,
Есебінен жаңылмаған ел ғана.

Сан ұрпағы санасынан өшірген,
Бұлардың да мұң-зары бар кешірген.
Несібесін қызғанамын несін мен,
Жұртта қалған жетім тайдай жетілген.

Күрсінтеді көне мұңым иектеп,
Көзім алды көк мұхиттай түнек боп .
Тәңірімнен туған елге тілек көп,
Бұлармен де теңесерміз біз ептеп.

Мұндағының мұңын теңіз жасырған,
Ал менікі қармен, желмен шашылған.
Ақыл кені алақандай шаһардан,
Алты құрлық арасына тасынған.

Төрт маусымда Тәңірінен енші алған,
Ертегісі ертеңіне жол салған.
Атандаймын жүк түспеген арқамнан,
Босамаған арғымақпын арқаннан.

Үйренерім, үйретерім өте көп,
Тәңір берді несібесін еселеп.
Сарыарқама тартып барам төтелеп,
Азияның "арыстанын" жетелеп...

25 желтоқсан, 2024 жыл. Сингафур-Алматы.

author

Талапбек Тынысбекұлы

АҚЫН

Шоу-бизнес

Желіде Баян Алагөзованың экс-күйеуі Бақытбек Есентаевтың қалыңдығы делінген келіншек Ақтоты Оспанова...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Өскеменде 16 жастағы қыз баланы пышақтап кетті. Осыған байланысты полиция қылмыстық іс қозғады, деп...