Балалар мен жасөспірімдердің стоматологиялық денсаулығы – дені сау ұрпақ қалыптастырудың негізі

Фото: әлеуметтік желіден

Медицина
26

«Тіс ауырса – жан ауырады» дейді халық даналығы. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Бүгінде балалар мен жасөспірімдер арасындағы стоматологиялық аурулар тек медициналық мәселе ғана емес, қоғам назарын талап ететін өзекті тақырыпқа айналып отыр. Өйткені баланың денсаулығы – ел болашағының көрсеткіші.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, әлемде мектеп жасындағы балалардың шамамен 60-90 пайызы тіс жегісінен зардап шегеді. Қазақстанда да бұл мәселе өзекті. Мамандардың айтуынша, мектеп жасына дейінгі балалардың шамамен 80-85%-ында кариескездеседі. Бұл көрсеткіш балалар стоматологиясына ерекше назар аудару қажет екенін көрсетеді.

Күлкінің артындағы үлкен мәселе

Көп жағдайда ата-аналар балалардың білім алуына, спортпен айналысуына немесе түрлі үйірмелерге қатысуына басымдық береді. Алайда стоматологиялық денсаулық та баланың толыққанды дамуы үшін маңызды.

Тісі ауырған бала тамақты дұрыс шайнай алмайды. Бұл ас қорыту жүйесіне салмақ түсіріп, асқазан-ішек жолдары ауруларының дамуына себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар ауыз қуысындағы созылмалы инфекция ошақтары иммунитеттің әлсіреуіне әсер етеді.

«Сүт тіс бәрібір түседі» деген қате түсінік

Көптеген ата-аналар арасында «сүт тістер бәрібір түседі, сондықтан оларды емдеудің қажеті жоқ» деген пікір кездеседі. Алайда бұл – стоматологтар жиі ескертетін ең қауіпті қателіктердің бірі.

Сүт тістер баланың ағзасында бірнеше маңызды қызмет атқарады. Біріншіден, олар тұрақты тістердің дұрыс орналасуына бағыт береді. Егер сүт тіс ерте жұлынса, көрші тістер бос орынға қарай жылжып, кейін тұрақты тістердің қисық шығуына себеп болуы мүмкін.

Екіншіден, сүт тістер баланың сөйлеу қабілетінің қалыптасуына әсер етеді. Алдыңғы тістердің болмауы кейбір дыбыстарды дұрыс айтуға кедергі келтіруі мүмкін.

Үшіншіден, сүт тістерінің астында тұрақты тістердің ұрықтары орналасады. Егер сүт тісінде іріңді қабыну болса, ол болашақ тұрақты тістің дамуына кері әсер етуі ықтимал.

Тамақтану мәдениеті және жасырын қант

Балалардың тіс ауруларының көбеюіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі – тамақтану мәдениетінің өзгеруі. Бұрын балалар қатты тағамдарды жиі тұтынса, қазіргі таңда жұмсақ, тәтті және көмірсуға бай өнімдер басым.

Әсіресе жасырын қанттар үлкен қауіп төндіреді. Көптеген ата-аналар шоколадты шектегенімен, тәтті йогурттар, газдалған сусындар, қаптамадағы шырындар сияқты өнімдерді жиі сатып алады. Алайда олардың құрамында қант мөлшері жоғары болуы мүмкін.

Ауыз қуысындағы бактериялар қантты ыдыратып, қышқыл түзеді. Бұл қышқыл тіс эмалін әлсіретіп, кариес дамуына себеп болады.

Сонымен қатар заманауи тағамдардың көпшілігі жұмсақ болғандықтан, балалардың жақ сүйектеріне жеткілікті жүктеме түспейді. Нәтижесінде жақ сүйектері толық дамымай, тұрақты тістердің дұрыс орналасуына кедергі келтіреді.

Жасөспірім кезеңіндегі стоматологиялық қауіптер

Жасөспірім кезеңінде гормоналды өзгерістерге байланысты қызыл иектің қабынуы (гингивит) жиі байқалады. Егер ауыз қуысының гигиенасы дұрыс сақталмаса, жағымсыз иіс пайда болып, бұл жасөспірімнің психологиялық жағдайына әсер етуі мүмкін.

Соңғы жылдары тағы бір алаңдататын фактор – жасөспірімдер арасында энергетикалық сусындар мен электронды темекілердің кең таралуы. Энергетикалық сусындардың құрамындағы қышқылдар тіс эмалін әлсіретсе, электронды темекілер ауыз қуысының шырышты қабатын құрғатып, микрофлора тепе-теңдігін бұзады.

Стоматологтан қорықпау мәдениеті

Көптеген адамдар стоматологтан қорқуды бала кезден қалыптастырады. Алайда қазіргі балалар стоматологиясында басты назар баланың психологиялық жайлылығына аударылады.

Баланы стоматологқа үйретудің бірнеше қарапайым жолы бар:

дәрігермен қорқытпау;
алғашқы қабылдауды танысу мақсатында өткізу;
үйде ойын арқылы тіс емдеу жағдайын көрсету.

Бұл тәсілдер баланың дәрігерге деген сенімін арттырады.

Қоғамның ортақ жауапкершілігі

Балалардың стоматологиялық денсаулығын сақтау тек ата-аналардың ғана емес, қоғамның да міндеті. Бұл бағытта бірнеше маңызды шараларды қолға алу қажет.

Мектептерде ауыз қуысы гигиенасы туралы сабақтар өткізу, мектеп асханаларында қант мөлшері жоғары өнімдерді шектеу және ауылдық жерлерде балалар стоматологтарының қолжетімділігін арттыру – маңызды қадамдардың бірі.

Қорыта келгенде, Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен қалыптасқан – Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) 3-ші бағытында «Жақсы денсаулық және әл-ауқат», деп атап көрсеткендей,баланың жарқын болашағы оның бүгінгі денсаулығынан басталады. Ал сол денсаулықтың негіздерінің бірі – ауыз қуысының саулығы.

Сау тіс – тек әдемі күлкі ғана емес, баланың физикалық және психологиялық дамуының маңызды шарты. Сондықтан балалардың стоматологиялық денсаулығына ерте жастан бастап көңіл бөлу – дені сау ұрпақ қалыптастырудың басты жолдарының бірі.

Авторлар:

Ахалбек Нурдаулет, Мейірбек Ринат стоматология факультетінің 2 курс студенттері

Құттыбаев Асылхан Дүйсенханұлы – патологиялық физиология кафедрасының профессор ассистенті

С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті.

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Әлемдік нарықта мұнай бағасы өсті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Батыс Техас сұрыбының бағасы 11...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Медицина қызметкерлерінің атын жамылған алаяқтық қоңыраулар көбейген, деп хабарлайды MadeniPortal.kz...