Облыста алғаш рет мұражай политехникалық деген атаумен 1932 жылы 7 қарашада ашылған. 1938 жылы обл...
Қантшаққыш
автордан
Қазақтың тұрмыстық бұйымдары күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданған қажетті құрал-жабдықтар ғана емес, сонымен қатар эстетикалық талаптарға сәйкес жасалатын қолөнер үлгілерінің қатарынанда табылады, деп хабарлады MADENIPORTAL.KZ.
Ерте заманда қолданыста болғанымен, қазіргі күні қолданылмайтын тұрмыстық бұйымдардың бірі – қантшаққыш. Науат, шақпақ секілді кесек-кесек болатын қантты шағуға арналған бұл құрал көбіне металдан жасалады. Ағаштан жасалып, метал бөліктер орналастыру арқылы күшейтілген түрлері де кездеседі. Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайында да қантшаққыштың бірнеше үлгілері сақтаулы тұр.
Мұражайдағы қантшаққыштардың бірі Жарқайың ауданындағы Тассуат ауылының орынындағы ескі жұрттан табылған. Темірден жасалған бұл қантшаққыштың басқы бөлігі күмістеліп, оған өсімдік жапырақтары тәрізді набадат оюлар салынған. Қантшаққыштың сабы төрт қырлы қалыпта жасалып, оған арап қарпімен «Ұста Жөкебай Аманжолұлы» деген жазу жазылған. Мұражайы қорына 1980 жылы Тассуат мектебінің директоры Гафаров Дамир тапсырған. Қабылдап алған – Кан.З.С. Қабылдау актісі – 846 (ТК 3013).
Амангелді ауданы, Үрпек ауылының тұрғыны, өлкетанушы Здей Мұхамеджанов тапсырған қантшаққышта темірден жасалып, күміспен әшекейленген. Мұнда да өсімдік тәрізді оюлар салынып, жасаған ұстаның аты-жөні жазылған. Темірге қақталған күмістің кейбір бөліктері түсе бастағандықтан, ескі арап қарпіндегі жазу толығымен танылмады.
Мұражай қорындағы тағы бір қант шаққышты Қайыңды ауылының тұрғыны Сәкенов Өмен тапсырған. Қантшаққыш Өменнің әжесі Қадишаға тиесілі болған. Балға формасында жасалған қантшаққыштың ағаштан жасалған сабы түсіп қалған. Мұражай қорына қабылдап алған – Төлепова.Қ. Қабылдау актісі –1003 (ТК 3285).
Түсірілім кітабында 2623 нөмермен белгіленген қантшаққыш ағаштан жасалып, қант шағуға арналған бөлігі металмен күшейтілген. Мұражай қорына 1978 жылы келіп түскен жәдігерді Амангелді ауданы, Қамысбай ауылының тұрғыны Жалмұхамедов Таңатқан тапсырған. Қабылдау актісі – 621. Қантшаққышты жасаған Несібелдин Бекібай (1866 – ?).
Батырлан САҒЫНТАЕВ