Ұлттық музейде Асық атудан ашық турнир өтеді

МҰРАЖАЙ
3326

2023 жылдың 14 сәуір сағат 11.00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі мен «Асық ату» федерациясының ұйымдастырумен 5-6 сынып мектеп оқушылары арасында Асық атудан V ашық турнир өтеді.


Асық ату – көшпелілердің ең көне ойындарының бірі. Ғалым-этнографтардың пікірінше, ол біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықта Қазақстан аумағында пайда болған және мал шаруашылығы, аңшылықпен байланысты. 2017 жылы асық ату ұлттық ойыны ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының өкілдік тізіміне енгізілді.

Көшпелі қазақ халқының негізгі тұрмыс-тіршілігі мал шаруашылығымен тығыз байланысты болғандықтан, асық ойындары балалар және ересек адамдар арасында да кеңінен таралды.

Iс-шараның басты мақсаты: ұлттық ойындар арқылы балаларға ақыл-ой, адамгершілік, дене шынықтыру және эстетикалық тәрбие беру, оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасына құрмет сезімін қалыптастыру, сондай-ақ ептілікке, мергендікке, ұқыптылыққа, сергектікке баулу, қазақтың ұлттық ойындарын білуге құштарлығын арттыру.

Жарысқа Астана қаласының №18, №24, №42, №52, №55, №83, №85 мектептері, Қарағанды облысы Нұра ауданының «Нұра» мектебі, Ақмола облысы Целиноград ауданы Мәншүк ауылының мектебі және Қараөткел ауылының №2 мектептерінің 5-6 сынып оқушылары қатысады.

Жарыс «Бес табан» және «Бес асық» ұлттық ойындарының ережелері бойынша өткізіледі. Жеңімпаздар жиылған ұпай саны бойынша анықталып, І, ІІ, ІІІ орын иеленген командалар дипломдармен, ал үздік ойыншылар «Сұр мерген», «Қол мерген», «Көз мерген» номинациясы бойынша алғыс хаттармен марапатталады.

БАҚ өкілдерінің назарына! Аккредитацияны nmrk.muzei@mail.ru поштасына 13 сәуір күні сағат 18:00-ге дейін жіберу қажет.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрсұлтан Назарбаев Жаңа Конституция жобасы бойынша өтіп жатқан республикалық референдумда дауыс бер...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қызылорда қаласындағы №375 референдум учаскесінде көпшіліктің назарын аударған ерекше әрі тағылымды...