Алматы тауларында екі тәулік аязда қалған жасөспірімнің анасы оқиғаны баяндады

Фото: ЖИ/ MadeniPortal.kz

ЖАҢАЛЫҚТАР
24

Алматы тауларында екі тәулік бойы аязда қалған 16 жастағы жасөспірімнің жағдайы қазір жақсы. Ол ауруханада дәрігерлердің бақылауында жатыр, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Анасының айтуынша, ұлы бұған дейін де Сәтбаев шыңына бірнеше рет көтерілуге тырысқан. Бұл жолы тауға достарымен бірге шыққанымен, кейін сапарын жалғыз жалғастырған.

«Осы жолы достарымен бірге шыққан. Бірақ олардың бірі аяғы ауырып, екіншісінің жүрегі айнып, кері қайтыпты. Ал ұлым жалғыз жоғарыға көтерілген», – дейді анасы.

Шыңға жеткен жасөспірім ата-анасына видео жіберіп, бұл жетістігін әкесіне арнағанын айтқан. Кейін төмен түсетін туристерді күтіп, солармен бірге қайтуды жоспарлаған. Алайда қайтар жолда адасып кеткен.

Ата-анасы кешке қарай келіп, ұлының таудан түсуін бірнеше сағат күткен.

«Біз кешкі сегіз-тоғыздар шамасында бардық. Әне түсіп қалар, міне түсіп қалар деп күттік. Сағат түнгі 23:00 мен 00:00-ге дейін күттік. Бірақ түспеген соң, алаңдай бастадық», – дейді анасы.

Баласы оралмаған соң отбасы құтқарушыларға хабарласқан. Сонымен қатар анасы, әкесі мен ағасы өздері де іздеуге шығып, таңғы төртте тауға көтерілген.

«Шамамен 3500 метрге дейін бардық. Сағат онға дейін жаяу жүрдік. Одан әрі менің шамам келмей қалды. Ал әкесі іздеуді жалғастырды», – деді жасөспірімнің анасы.