Күлтөбеден 1000 жылдық құдық пен көне кітап табылды 

МУЗЕЙ
3622

Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарының нәтижесінде Түркістан қаласында көне  құдық пен ортағасырлық көне кітаптар табылды. 

Қазіргі таңда Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы аумағында Қ.А.Ясауи кесенесінің маңында Күлтөбе қалашығында қазба жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Былтыр басталған жұмысты жүзеге асыратын арнайы археологиялық топтың талмай еңбек етуі нәтижесінде қаңтар айынан бері біршама құнды жәдігерлер ғылымға мәлім болды. 

Археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан аумаққа барғанымызда, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының археологы Қуаныш Шоқаев күтіп алды. Ол Күлтөбе қалажұрты  орталығынан табылған 9-10 ғасырға тән құдыққа алып барды.

Қуаныш Шоқаев (1).png

"10 ғасырларға тән үлкен бөлме орны анықталды. Табылған құдық сол деңгейде орналасқан. Құдықтың сақталуына таң қалдық. Қабырғасы тау тастарымен шегенделген. Өзіңіз көріп тұрғандай, қазір 6 метр тереңдігін қаздық. Түбінен су шықты. Бұл құдықтың ауыз диаметрі – 1 метр. Қазуды жалғастырамыз. Жер қабатына дейін әлі 2-3 метр қазамыз. Қазба барысында құдықтың ішіне жан-жағынан құлаған тастардың бөліктері көп шықты. Тасқа толып қалыпты. Құдық қаланың қамал қорғаны жанында жатыр. Сол жерден су ағатын үлкен каналдар қазылған. Соның бір жақ қанасы анықталды. Құдық та сол жерден табылды. Енді екінші қанасын алдағы уақытта анықтап, ашамыз. Құдық сол қамалдың яғни қаланың ішкі жақ бөлігінде орналасқан. Осыған қарап, құдықтың сол кездегі су алатын негізгі құдық болғанын байқаймыз. Демек, сондағы өмір сүрген халықты сумен қамтамасыз еткен", - дейді маман. 

Мұндағы қазба жұмыстары барысында құдық орнынан бөлек, бірнеше кітап та табылыпты. Әзірге бас-аяғы үш кітап аршылды.

табылған көне кітап.jpg

"Кітап – ең құнды жәдігерге жатады. Сондықтан да оны асқан ұқыптылықпен аламыз. Соңғы екі кітап Күлтөбе қалажұртының солтүстік бөлігінен табылды. 19 ғасырға жататын, араб графикасымен жазылған  кітаптарда қандай мәлімет бары әзірге нақты белгісіз. Дегенмен алдын-ала болжамдар мен шамалы оқу барысында анықталғаны «Құран кәрім» кітабына түсініктеме беретін кітап болған. Бұл кітап жердің беткі қабатына жақын жерден табылды. Сақталуы өте нашар. Жерде тұмшаланып жатқандықтан ашылғанда парақтары күйіп кеткен. Арнайы әдіс-тәсілмен барынша сақтап, Алматыға реставрациялық жұмыстарға жібердік. Не жазылғаны нақты белгілі болған соң, ел-жұртқа хабарлаймыз", - дейді Қуаныш Шоқаев.

қазба жұмыстары.jpg

Осы тұста археологиялық қазба барысында арнайы табылған жәдігерлер қайда сақталатыны қызықтырды. Мұның да жауабын білдік."

"Археологиялық қазба барысында табылған жәдігерлер арнайы базада сақталады. Сол жерде жәдігерлерге лабораториялық жұмыстар жүргізіледі. Тот басқан тиындардан тазартылады. Жуылады. Сосын соң заң бойынша жергілікті музейге тапсырамыз. 9-12 ғасырлардағы мәдени қабаттан табылып жатқан археологиялық жәдігер көп. Ең құнды жәдігер – 7-8 ғасырлардағы Түргеш қағанатына тән ортасы тесік мыс тиын. Сондай-ақ, Бұқар Худат тиыны табылды. Бұл тиын күмістен жасалғандықтан сақталуы өте жақсы. Алтын сырғамен қатар күміс жүзіктер де таптық. Бұл жәдігелер 11-12 ғасырларға тән. 10-11 ғасырлардың мәдени қабат деңгейінен ас үй тұрмысында пайдаланған шағын құмыралар да табылып жатыр. Жақсы сақталған. Қазақ хандығы кезіндегі сырты боялған орта кесенің сынықтары да шықты. Кесе қоңыр бояумен боялған. Ішіне сарғыш бояумен ұлттық нақыштағы оюларымызды бедерлеген. Осы жәдігерлердің барлығына зертханалық жұмыстар жасалған соң, осындағы музейге өткіземіз", - дейді Қуаныш Шоқаев.

кірпіш күйдірген пеш.jpg

Мұнымен қатар осы маңнан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құрылысына қолданылған қыш күйдірілуін мүмкін пештің орнын да көрдік.

"Күлтөбе қалажұртының оңтүстік бөлігінен қыш күйдіретін пештің орны анықталды. Бұл пеш 8 камерадан тұрады. Пешті ашып тазалау барысында 13-14 ғасырларға тән қыштардың сынық бөліктері көп табылды. Бүтін қыштардың көлемі – 24-25 см, ал қалыңдығы – 6 см. Дәлірегі, Қ.А.Ясауи кесенесіне қолданылған қыштармен бірдей. Демек мұндай пештер осы төңіректен көптеп табылса, "бабамыздың кесенесі тұррғызуға қолданылған қыштар осы жерде дайындалған" деп айтуымызға толық негіз болады. Кірпіштердің осында дайындалғанының дәлелі – пештің осы төңіректен табылғандығы болып тұр. Қазба барысында кесене сыртындағы сырлы әрлеуші кірпіштерді бояған дайындама бояулар табылды. Бұл сол сырлы әрлеуші кірпіштердің де осы жерде құйылғанының тағы бір дәлелі. Бұл пештің айналасында жекеленген бөлмелер де бар. Бұл шикі кірпіштерді қоятын бөлмелер. Пештен күйіп шыққан кірпіштерді де бастырмалардың астында кептіріп, дайындаған. Сондай бөлмелердің сұлбалары, қабырғалары анықталды. Күлтөбе қалашығының батыс бөлігінен Қоқан хандығына жататын арнайы үлкен көше де анықталды. Бұл көшенің ұзындығы 100 метрге дейін жетсе, ені 10 метрге жуықтайды. Осы көшенің бойынан бір-бірімен тығыз байланыста салынған үйлердің орны өте көп табылуда. Осы жерден құмыра күйдіретін пеш те табылды. Бұл пеш екі камерадан тұрады. Пештің ішін ашып тазалау барысында араб графикасымен жазылған бірінші кітап табылған.  Бұл кітаптың сақталуы нашар болғандықтан басты реставраторымыз Қырым Алтынбек өзі келіп, Алматыға лабораториясына алып кетті.  Бұл пештің ішінде орта кесенің табан бөлігінің ізі қалған. Бұл құмыра күйдірілгенінің бірден-бір дәлелі,"- дейді ол.

ортағасырлық тиын.jpg

Күлтөбе қалажұртында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмысында 200-ден астам адам жұмыс істейді. Қуаныш Шоқаевтың айтуынша, бәрі де -Түркістан қаласының жергілікті тұрғындары. Аршылған құрылыстың барлығына реставрациялық жұмыстар жүргізіледі. Осылайша Түркістан қаласына келген шетелдік туристер ежелгі тұрмыс-тіршілігімізбен танысатындай археологиялық саябаққа айналады.


 
Фото: автордан

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...