Дариға Назарбаева ҚХР елшісін қабылдады

Жаңалықтар
1686

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны оның өтініші бойынша қабылдады, деп хабарлайды «Мәдениет порталы» Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.



Сенат Төрағасы кездесуді аша келіп Қытаймен стратегиялық жан-жақты әріптестік қарым-қатынастың ерекше маңызын атап өтті. «Қазақстан Елбасы Н.Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің жоғары деңгейдегі достық, тату көршілік және өзара түсіністік негізіндегі келісімдерін жүзеге асыруды жалғастыруға ниетті. Стратегиялық жан-жақты әріптестік қарым-қатынастарын нығайту бағытын ұстанатынымызды нақтылаймыз», - деді Д. Назарбаева.

Чжан Сяо ҚХР Халық өкілдері Бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшудың Д. Назарбаеваға Сенат Төрағасы қызметіне сайлануымен құттықтауын жеткізді және бұдан былайғы жұмысы табысты болуына тілектестігін білдірді. «Біз Сіздің парламентаралық байланыстарды дамытуға және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын қолдауға қосқан жеке үлесіңізді жоғары бағалаймыз», - деді ол.

Қытай елшісі Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың 2-ші халықаралық «Бір белдеу, бір жол» ынтымақтастығы форумына қатысу үшін Бейжің қаласына баратын алдағы сапарына дайындық туралы Сенат басшысын хабардар етті.

Жүздесушілер сауда-экономикалық байланыстарды дамытудағы оң үрдістер мен біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы көлемінің өсуін атап өтіп, инвестиция, ауыл шаруашылығы, туризм, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы өзара іс-қимылды күшейту мүмкіндіктері бар екеніне тоқталды. 

Сенат басшысы екі ел арасындағы жастар ынтымақтастығын белсенді дамыту, атап айтқанда, студенттер алмасуды және білім гранттарын беруді жолға қою қажеттігін атап өтті. 

Д. Назарбаева ШҰАА-дағы қазақтар тақырыбын қозғай келіп, ҚХР-дағы этникалық қазақтар Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынаста «достық көпірі» екенін атап өтті. Тараптар осы салада туындайтын мәселелерді өзара негізде сындарлы түрде шешуге уағдаласты. 

Кездесу барысында Сенат Төрағасы Қазақстан азаматтары үшін туристік және жеке виза беруді жаңғырту мәселесін көтерді.


Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...