Атырау облысында жастар иттің үстіне жанар жағар май құйып, жағып өлтірді, деп хабарлайды madeniport...
Сулим Исакиев. Мейірімділік – әлемді құтқарады
823
Тарих - ұлттың өткенінің, бүгіні мен болашағының көкжиегін байланыстыратын көпір іспеттес. Қазақстан тарихының қаралы беттерінің бірі оның аумағына Кеңес Одағының көптеген өңірлерінен: неміс, кәріс, поляк, грек, шешен, ингуш және басқа да халықтардың депортациялануы еді. 1944 жылдың ақпан айы. Ресми мәліметтер бойынша, бұл күн 500 мыңнан астам шешен мен ингуштың тағдырын өзгертті. Олар бір түнде жау деп танылып, Қазақстан мен Орта Азияның шалғай аудандарына күштеп көшіру басталды. Жер аудару жылдары халықтардың көбі суықтан, аштықтан, аурудан көз жұмды. -Ауыр еді. Мұндайды жауыма да тілемеймін, - деп еске алады "Вайнах" шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сулим Исакиев. Депортация жылдарында ол небары бес жаста болған. Бірақ әлі күнге дейін сол қорқынышты күндерді көзіне жас алып есіне түсіреді. Көптеген жылдар бойы оның халқы туған жеріне оралуға деген үміттерін үзбеген екен. Алайда, жылдар өте берді, басқа да ұлттар, соның ішінде Сулим Исакиевич үшін де Қазақстан екінші Отанына айналды. -Бізді мұнда әкеле жатқанда қазақтарға сұмдық жауыздар келе жатыр деп үрей тудырған екен. Жүре-жүре бір ауылға жақындадық. Үлкендеріміз мұсылманша құлшылық жасап, беттерін сипады. Қарасақ қазақтар да дәл солай дұға жасап жатыр екен. Осылайша олардың мүлде жауыз емес, ең мейірімді, нағыз жанашыр жандар екеніне көзіміз жетті. Міне, содан бері осы қасиетіңнен айналайын қазақ халқымен жасасып келеміз. Тағдыр сан қилы, жолдар сан тарапты болады екен ғой. Егер сол кезде бізді сыртқа теуіп, онсыз да жүдеген жанымызды жараласа қайтер едік.... Адам қатарына қосылуға жәрдем беріп, барымен бөліскен қазағыма ақтық демім қалғанша алғыс айтып өтем,- дейді ақсақал. 1944 жылғы 31 Қаңтарда шешендер мен ингуштерді Қазақ ССР-не депортациялау туралы Мемлекеттік қорғаныс комитетінің қаулысы шықты. Үш мәрте жүргізілген операцияның нәтижесінде Одақтың шығыс өңірлеріне барлығы 650 мың шешен мен ингуш, қалмақтар мен қарашайлар қоныс аударды. Қазақстанға 124 эшелон (344584 адам), оның ішінде Қарағанды облысына - 37938 адам келді. Халықтардың қоныс аударуы 40-жылдардың аяғына дейін жалғасты. Тарихтың осынау ақтаңдақ беттері халқымыздың есінде мәңгі қалды.
Сулим Исакиев Қарағанды облысы "Вайнах" шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы