Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы Мамыраев ауылына қарасты Сартау қыстағында бірден 14 бұзау қы...
1 қыркүйекте Алматыда 50 теңгеге раушан гүлін ала аласыз
Фото: massaget.kz
1 қыркүйек Білім күнінің қарсаңында оқушылар мен ата-аналар гүл алып, ұстаздарын қуантуға асығады. Осы орайда Massaget.kz тілшісі Алматыдағы Түрксіб базарына барып, биылғы гүлдердің бағасына шолу жасап қайтты, деп хабарлайды madeniportal.kz massaget.kz тілшісіне сілтеме жасап.
Біз барған кезде базарда адам қарасы көп болмады. Сатушылардың айтуынша, халық 30-31 тамызда бұл жерге көптеп ағылады. Әзірше саудагерлер арасында қызу дайындық жүріп жатыр.
Бірнеше жылдан бері гүл сатумен айналысатын Жания негізінен көтерме бағамен тапсырыс қабылдайтынын айтты. Дегенмен биыл гүлдің бағасы қымбаттағанын да тілге тиек етті.
"Гүл саласында жұмыс істеп келе жатқаныма 8 жыл болды. Біз түнгі 2-де ашыламыз, кешкі 18:00-де жабыламыз. 1 қыркүйекке негізінен гладиолус және астра гүлін алады. Гладиолус 600 теңгеден, ал астралардың бір бумасы 2500 теңгеден басталады. Көлеміне қарай бағасы да өсе береді. Жыл сайын гүлдердің бағасы өзгеріп отырады. Мәселен, былтыр астраларды 1500-2000 теңгеден сатсақ, биыл ең арзаны 2500 теңге болып отыр. Әр жыл сайын солай қымбаттай береді. Ал гладиолус әрі кетсе 200-300 теңгеге ғана қымбаттайтын болар", - деді дүкен иесі.
Сондай-ақ ол бұл базарда таңғы 5-те арзан бағада сатылатын гүлдер туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты.
"Әлеуметтік желіде "таңғы 5-тен 8-ге дейін гүлдер 500 теңгеден сатылады" деген видео жүр. Бұл шындыққа жанаспайды. Блогерлер қаралым көбейту үшін солай халықты алдайды. Халық келіп, бізден сондай арзан бағаны талап етеді. Ондай баға қазір жоқ қой. Біз көтерме бағамен сатамыз әрі тек ұжымдық тапсырыстарды қабылдаймыз. 25 тамыздан бастап тапсырыстар түсе бастайды. Ал бөлшек сауда 30-31 тамыз, 1 қыркүйек түске дейін болады. Сауда осы күндері және наурыз, мамыр айларында ерекше қызатынын мойындау керек", - деді ол.
Жания тек қана ұжымдық тапсырыстарды қабылдайтындықтан, бума-бума гүлдерді көзімізше дайындап жатты. Осы ретте жекелеген сауданың да бағасын білгіміз келді.
Баласы екеуі гүл сатып тұрған Әсем апай алғашында жауап беруге ұялды. "Біздің базарды жабайын деп жатыр ма сонда" деп қорқып тұрғанын да байқадық. Бәрін түсіндіргеннен кейін ғана ашылып, сұрағымызға жауап берді.
"6 жылдан бері гүл сатумен айналысамын. Бөлшек сауда болғандықтан біз таңғы 4-те көтерме бағамен сататын саудагерлерден сатып аламыз. Бұл жерге таңғы 4-те келсеңіз, 200-300 теңгеге, тіпті қысқа раушандарды 50 теңгеге таба аласыз. Ал 1 метр раушандарды 750 теңгеден аласыз. Көтерме сауда таңғы 8-ге дейін болады. Ол жерде әркім тапқанын әкеледі. Кейбіреулер еккен гүлдерін сатады. Осы жерде екі қатар гүлдер жайылып, "Камазбен" сатылады. Негізі барлық алматылықтар осы жерден келіп алады", - деді ол.
Гүлдердің бәрін өзі асықпай орап, әдемілеп безендіреді. 1 қыркүйек қарсаңына деп астраларды да дайындап қойған.
"Алғашқы қоңырау салтанатына көбіне астраны жиі алады. Оның бір бумасы 2000-3000 теңгеден басталады. Бір бумада 5-6 дана болады. Қыркүйекке дайындықты тұрғындар 30-31 тамызда бастайды. Сол екі күнде осы базар толады. Қазір соған дайындалып жатырмыз. Бір күнде қанша түсетіні тапсырысқа байланысты ғой. Дегенмен сол күндері ең аз дегенде 100 мың теңгеге дейін сауда жасаймыз", - деді Әсем апай.