"47 мыңнан астам қылмыс жасаған": Сальвадорда 486 адамдық бандаға қатысты сот басталды

Фото: Reuters

ЖАҢАЛЫҚТАР
24

Сальвадорда MS-13 қылмыстық тобының 486 күдікті мүшесіне қатысты жаппай сот процесі басталды. Бұл туралы елдің Бас прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

Айыптау тарапының мәліметінше, күдіктілер 2012–2022 жылдар аралығында 47 мыңнан астам қылмыс жасаған. Олардың қатарында кісі өлтіру, бопсалау, есірткі және қару-жарақ саудасы бар.

БҰҰ сарапшылары мұндай жаппай сот процестерін сынға алып, оның «айыпталушылардың қорғану құқығы мен кінәсіздік презумпциясын әлсірететінін» айтты.

Алайда Сальвадордың Бас прокуратурасы күдіктілердің кінәсін дәлелдеуге жеткілікті «нақты айғақтар» бар екенін және кінәлі деп танылғандарға ең қатаң жаза сұралатынын мәлімдеді.

Сотталушылар арасында 2022 жылғы наурызда болған жаппай зорлық-зомбылыққа қатысы бар адамдар да бар. Сол кезде бір демалыс күнінің өзінде 87 адам қаза тауып, президент Найиб Букеле елде «бандаларға қарсы соғыс» жариялаған еді.

Бас прокуратура сот процесінің қанша уақытқа созылатынын нақтыламады. Қазір 413 күдікті қамауда отыр, ал тағы 73 адамға сырттай айып тағылып, оларды ұстауға бұйрық берілген.

Сальвадорда 2022 жылдың наурызынан бері төтенше жағдай режимі күшінде. Ол құқық қорғау органдарына банда мүшесі деп күдікке ілінгендерді жедел ұстауға және кейбір конституциялық құқықтарды уақытша шектеуге мүмкіндік береді.

Төтенше жағдай енгізілгеннен бері ондаған мың адам ұсталған. Алайда халықаралық құқық қорғау ұйымдары бұл шаралар кей жағдайда негізсіз қамауларға әкеліп жатқанын айтып келеді.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Әнші Айгүл Иманбаева екінші некесінде балалы болу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Тоқаев aймақтың экономикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтты, деп хабарлайды Maden...