Алматылық “Қайрат” Конференция лигасында тарихи жеңіске жетті

Фото: f.c.kairat

СПОРТ
94

Алматылық «Қайрат» УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі төртінші турда Швецияның «Мьельбю» командасын 1:0 есебімен жеңді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

26 қарашада Алматыдағы Орталық стадионда өткен кездесудің тағдыры бірінші таймда шешілді. Ойынның 14-минутында Марк Гуальдың нәтижелі пасынан кейін Еркін Тапалов есеп ашты.

Осы голдан кейін алматылық клуб басымдығын сақтап қалуға тырысты. Екінші таймда швециялық команда есепті теңестіру үшін бірнеше мүмкіндік жасағанымен, «Қайрат» қорғанысы сыр бермеді. Қақпашы Темірлан Анарбеков те сенімді ойын көрсетіп, қақпасын голдан аман сақтады.

Нәтижесінде кездесу 1:0 есебімен аяқталып, «Қайрат» турнирдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Турнир кестесіндегі жағдай қалай өзгерді?

Бұл жеңіске дейін «Қайрат» үш турдан кейін екі ұпаймен 27-орында тұрған еді. Ал «Мьельбю» жеті ұпай жинап, тоғызыншы сатыға жайғасқан болатын.

Швециялық клуб үшін бұл Конференция лигасындағы алғашқы жеңіліс болды. Бұған дейін команда екі рет жеңіске жетіп, бір кездесуде тең түскен.

«Мьельбюді» жеңгеннен кейін «Қайраттың» ұпай саны беске жетті. Бұл нәтиже алматылық клубтың келесі кезеңге өту мүмкіндігін сақтап қалуына мүмкіндік берді.

«Қайратты» алда қандай матчтар күтіп тұр?

Конференция лигасының жалпы кезеңінде қазақстандық клубты әлі екі кездесу күтіп тұр. Алматылық команда алдымен Румынияның «Университатя» клубын қабылдайды. Одан кейін Нидерландтың «Твенте» командасымен сырт алаңда ойнайды.

Айта кетейік, жалпы кезеңде 36 команда бақ сынайды. Үздік сегіз клуб тікелей 1/8 финалға жолдама алса, 9–24-орын алған командалар плей-офф кезеңінде өнер көрсетеді. 

СПОРТ

25 қарашада Бакуде өткен УЕФА Чемпиондар лигасының «Сабах» пен «Барселона» а...

Әлем

Сербия астанасы Белградта Ресей азаматы танысының пәтерінен өлі табылды. Марқұмның беті мен қолынан...